Өңір басшысы Берік Уәлидің бастамасымен бұдан алты ай бұрын басталған жобаға қызығушылық танытушылар қатары күн санап артып келеді. Бұған ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтардың белсенділігі мен қаладағы тұрмыс шығынының өсуі де әсер етіп отыр.
Алты айдың ішінде облыс аумағындағы ауылдарға жалпы саны 1 241 адамнан тұратын 395 отбасы қоныс аударған. Оның 508-і Семей қаласынан болса, 733 адам еліміздің өзге өңірлерінен келген. Бұл көрсеткіш жобаның тек жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, басқа аймақтардағы азаматтар тарапынан да қолдау тауып отырғанын көрсетеді.
Жобаның қарқыны соңғы аптада тіпті үдей түскен. Бір аптаның ішінде облыс ауылдарына 42 отбасы қоныстанды. Бұл – жоба басталғалы бері бір аптадағы ең жоғары көрсеткіштің бірі. Бұған дейін ауылдарға аптасына орта есеппен 10-15 отбасы көшіп келіп отырған.
Бұрын ауыл тұрғындары жұмыс пен тұрмыс жағдайын жақсарту үшін қалаға қарай ағылса, қазір бұл үрдістің кері бағыт ала бастағанын аңғаруға болады. Бұған ауыл шаруашылығына деген қызығушылықтың артуы, жергілікті жерде кәсіп бастауға мүмкіндік мол болуы және азық-түлік бағасының өсуі себеп.
Әсіресе ет өнімдерінің қымбаттауы азаматтардың мал шаруашылығына бет бұруына түрткі болып отыр. Қалада мал ұстап, шаруашылық жүргізу мүмкіндігі шектеулі болса, ауылдық жерде бұл бағытты кәсіпке айналдыруға мүмкіндік бар. Сондықтан кейбір отбасылар ауылға көшуді баспана мәселесін шешудің ғана емес, табыс көзін қалыптастырудың да тиімді жолы ретінде қарастыра бастаған.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қаладан – ауылға» жобасы ауылды тек қоныстанатын мекен емес, жаңа мүмкіндік пен кәсіп бастауға қолайлы орта ретінде танытуға ықпал етіп отыр.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін Абай облысына 500 отбасын көшіру міндеті қойылған. Қазір бұл жоспардың 79 пайызы орындалды. Әр ауданға 50 отбасынан қабылдау межесі белгіленген. Бұл көрсеткіш қала және аудан әкімдерінің қызметін рейтингтік бағалау жүйесіне де енгізілген.
Мұндай талап жобаның жүйелі түрде жүзеге асуына серпін беріп отыр. Яғни елді мекендерге жаңа тұрғындарды қабылдау, оларды орналастыру, еңбекке тарту және ауылдың әлеуметтік-экономикалық өміріне бейімдеу мәселелері жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің біріне айналды.
Жаңа қоныстанушылардың ауылға орнығуы елді мекендердегі еңбек ресурсын көбейтіп қана қоймай, әлеуметтік нысандардың жұмысын тұрақтандыруға да оң ықпал етуі мүмкін. Әсіресе тұрғын саны азайып, еңбекке қабілетті азаматтар сыртқа көшкен ауылдар үшін бұл – демографиялық тұрғыдан маңызды қадам.
«Қаладан – ауылға» жобасының бастауы биылғы 20 ақпанда Семей қаласында өткен облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған өңірлік форумда жарияланған еді. Сол жиында жаңа жобаның негізгі бағыттары таныстырылды.
Басты мақсат – қала тұрғындарының ауылға қоныс аударуына жағдай жасап, елді мекендердің экономикалық әлеуетін күшейту. Жоба аясында ауылға көшкісі келетін азаматтарға ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, оларды жұмысқа және кәсіпке тарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр.
Жалпы, ауылға жаңа тұрғындардың келуі тек статистикалық көрсеткіш емес. Бұл – елді мекендердің тынысын жаңартуға мүмкіндік беретін маңызды үдеріс. Ауылға жас отбасылардың қоныстануы мектеп, балабақша, мәдениет және спорт нысандарына сұранысты арттырып, шағын бизнестің дамуына жол ашуы ықтимал. Бір кездері ауылдан қалаға қарай бағытталған көші-қон енді кері бағытқа бет алып келеді. Абай облысындағы «Қаладан – ауылға» жобасы осы үрдістің нақты мысалына айналып отыр. Ал алты айдың ішінде 395 отбасының ауылды таңдауы – ауыл өміріне деген көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Ең бастысы, ауылға келген әр отбасы жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, сол елді мекеннің дамуына үлес қосатын белсенді тұрғынға айналуға тиіс. Сонда қала мен ауыл арасындағы көші-қон ғана емес, ауылдың экономикалық тынысы да жаңара түспек.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы