Мұратбек Қыдырбекұлы, нейрохирург: Қолдың ұюы қарапайым шаршау емес

Цифрлық құрылғыларды шамадан тыс қолданатын, физикалық қозғалысы аз, әсіресе күнінің тең жартысы офисте өтетін жандар үшін түрлі аурумен достасуға тура келетіні жасырын емес.

Бүгінде әрбір екінші адамды саусақтың ұюы, қолдың сыздап ауруы мазалайды, алайда бұл белгілерді көбі елемейді. Бұл жай ғана шаршаудың белгісі емес, білектегі жүйке тамырының қысылуынан туындайтын карпальды туннель синдромының басты симптомы болуы да ғажап емес. Карпальды туннель синдромын қалай емдейді, аурудың алдын алуға бола ма? Осы жөнінде Президент Іс басқармасының Медицина орталығы ауруханасының жоғары санатты нейрохирург дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Мұратбек Қыдырбекұлымен сұхбаттасқан едік.

– Кейінгі жылдары карпальды туннель синдромы мазалап келетін науқастардың саны қаншалықты арт­қан? Аурудың негізгі себебі неде? Оқырманға дерт жайлы қарапайым тілмен түсіндіріп берсеңіз. 

– Иә, кейінгі кезде карпальды туннель синдромы мазалап шағымданатындар саны көбейген. Бұған, бір жағынан, компьютер мен цифрлық құрылғыларды пайдалану, өмір салтының өзгеруіне байланысты болса, екінші жағынан, халықтың медициналық кө­мекке уақытылы жүгініп,  аурудың ерте анықталуы себеп. Карпальды туннель синдромы – қолдағы жүйкен­ің қысылуынан дамитын ең жиі кездесетін туннельдік синдромдардың бірі. Қарапайым етіп түсіндірсек, білекте тар «туннель» болады, ол туннель арқылы ала­қан мен саусақтардың сезімталдығы мен кейбір қимылдарына жауап беретін ортаңғы жүйке өтеді. Егер осы кеңістік тарылса немесе айналасындағы тіндер ісінсе, жүйке қысылады. Соның нәтижесінде қол ұйып, шаншып, ауырсыну пайда болады. Клини­калық тәжірибемізде науқастар көбіне түнде қолының ұйып оянатынын, қолын сілкігеннен кейін жеңілдей­тінін, заттарды ұстау қиындайтынын немесе ұзақ жұ­мыс істегеннен кейін шағымдардың күшейетінін айтады. 

– Карпальды тунель синдромының пайда болуына смартфон пен компьютерді ұзақ пайдалану қаншалықты әсер етеді? Қандай адамдар қауіп тобына жатады?

– Компьютер немесе смартфонды қолданудың өзі карпальды туннель синдромының тікелей және жалғыз себебі деп айту дұрыс емес, алайда ұзақ уақыт үзіліссіз жұмыс істеу, білекті ыңғайсыз қалыпта ұстау, қайталанатын қимылдар және жұмыс орнының дұрыс ұйымдас­ты­рылмауы қолдағы ауырсыну мен басқа да тірек-қимыл жүйесі шағымдарын күшейтуі мүмкін. Синдромның негізгі қауіп факторларына қайталанатын қол қимылдары, білекке күш түсіретін жұмыс, дірілдей­тін құралдармен жұмыс істейтіндер, қант диабеті, жүктілік, қалқанша безінің кейбір аурулары және ревматологиялық аурулар жатады. Мұндай жағдайларда дәрігердің клиникалық тексеруі, ал қажет болғанда электронейромиография, ультрадыбыстық зерттеу жүргізіледі.

– Ауру жастар арасында да жиілеп бара жатыр деп ойлайсыз ба? Синдром неліктен әйелдерде көп кездеседі?

– Жастар арасында қолдың ұюы, білек пен қол басының ауырсынуына байланысты шағымдар кезде­седі, бірақ мұндай белгінің бәрі карпальды туннель синдромын білдірмейді. Бұлшықет пен сіңірге шамадан тыс жүктеме түсіп, мойын омыртқасынан шығатын жүйкелердің зақымдануы және басқа да жағдайлар ұқсас белгілер беруі мүмкін. Сондықтан диагнозды тек шағымға қарап қоюға болмайды. Карпальды туннель синдромының әйелдерде жиірек кездесетіні белгілі. Бұған анатомиялық ерекшеліктермен қатар жүктілік және сұйықтықтың іркілуіне байланысты жағдайлар да ықпал етуі мүмкін.

– Үй жағдайында ауруды алдын алудың жолы қандай? Кеңсе қызметкері үш әдетті өзгертер болса, қай үшеуін ұсынар едіңіз?

– Біріншіден, ұзақ уақыт үзіліссіз жұмыс істеуге болмайды, сол себепті жұмыс барысында жүйелі түрде қысқа үзіліс жасап, қол мен білекті босатып отырған жөн. Екіншіден, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру керек, пернетақта мен тінтуірдің орналасуы білекті шамадан тыс бүгуге немесе шалқайтуға мәжбүрлемеуі керек. Үшіншіден, смартфон мен басқа құрылғыларды ұзақ уақыт бір қалыпта ұстамау керек, қолды алмасты­рып, қажетсіз ұзақ жүктемені азайтқан дұрыс. Сонымен қатар дене салмағын қалыпты деңгейде ұстау, қант диабеті сияқты созылмалы ауруларды бақылау және жалпы дене белсенділігін сақтау аса маңызды.

– Халық арасында бұл ауруға қатысты қандай қате түсініктер бар? Аурудан «15 минутта арылуға болады» деген қаншалықты рас? Науқас қандай белгілерге мән бергені жөн? Емделмеген жағдайда қандай асқынулар пайда болуы мүмкін? 

– Жиі кездесетін қате түсініктің бірі – қолдың ұюын жай ғана шаршау деп қабылдау немесе бір- реттік массаждан кейін мәселе толық шешіледі деп ойлау. «Карпальды туннель синдромынан 15 минутта толық арылуға болады» деген тұжырым дұрыс емес. Кейбір процедура немесе жаттығу симптомды уақытша жеңілдетуі мүмкін, бірақ жүйкенің қысылуы сақталса, мәселе қайта пайда болуы ықтимал. Науқас әсіресе бас бармақ, сұқ және ортаңғы саусақтардың ұюына немесе шаншуына, түнде симптомдардың күшеюіне, қолдың әлсіздігіне, заттарды жиі түсіріп алуға және сезімталдықтың төмендеуіне бейжай қарамай, денсау­лығына көңіл бөлгені жөн. Синдром ұзақ уақыт емделмеген ауыр жағдайда ортаңғы жүйкенің тұрақты зақымдануы, сезімталдықтың төмендеуі, қол бұлшық­еттерінің әлсіздігі және бас бармақ түбіндегі бұлшықеттердің семуі дамуы мүмкін.

– Ауруды операциясыз емдеуге бола ма? Қандай жағдайда хирургиялық ем ұсынылады? Операциядан кейін қандай күтім қажет?

– Иә, көптеген жағдайда, әсіресе аурудың жеңіл және орташа сатыларында, операциясыз ем қарасты­рылады. Ем науқастың симптомдарына және жүйкенің зақымдану дәрежесіне қарай таңдалады. Түнгі уақытта білекті бейтарап қалыпта ұстайтын ортез қолданылуы мүмкін. Кейбір науқастарға дәрігер кортикостероидтық инъекция, нерв жүйесін қалпына келтіру үшін дәру­мендер (негізінен, В тобы) ұсынуы мүмкін. Сонымен қатар қолдағы жүктемені өзгерту және жұмыс эргоно­микасын түзету маңызды. Ал хирургиялық ем симп­томдар айқын және тұрақты болғанда, консервативті ем жеткілікті нәтиже берме­генде немесе жүйкенің айқын зақымдануы, бұлшықет әлсіздігі мен атрофия белгілері анықталғанда қарастырылады. 

Операцияның мақсаты – карпальды туннель ішіндегі қысымды азайтып, ортаңғы жүйкені босату. Опера­ция көп уақытты қажет етпейді және көбіне жер­гілікті анестезиямен жасалады. Бұл стационарда жату мерзімін қысқартып, науқастың күнделікті өміріне ертерек оралуына мүмкіндік береді. Дегенмен операция жүйкені қысылудан босатқанымен, оның қызметі бірден толық қалпына келе бермейді. Сон­дықтан опера­циядан кейінгі кезеңде ортаңғы жүйкенің қызме­тін қалпына келтіруге бағытталған оңалту шаралары маңызды. Оған дәрігердің нұсқауы бойынша қол мен саусаққа арналған жаттығулар, қозғалыс белсенділігін біртіндеп арттыру, қажет болған жағдайда физиотерапия және реабилитологтың бақылауы кіреді. Жүйкенің қалпына келу ұзақтығы оның операцияға дейін қанша­лықты және қанша уақыт зақымданғанына байланысты.

– Кеңесіңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айсұлу СЪЕЗХАН