Қызылша өткізуде қиындық болмайды

Жамбыл облысында егін жинау науқаны қарқын алды. Сондай-ақ төрт түлікті қыстату кезеңіне қажетті мал азығын дайындау жұмыстары атқарылуда. Бірнеше жылдан бері шаруаларды шырылдатып жүрген қант қызылшасын өткеру мәселесі де биыл өз шешімін таппақ.

Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының басшысы Әбдірәсіл Же­леу­баев­тың сөзіне сүйенсек, биыл са­ла­ны қолдауға жалпы 50 миллиард тең­ге қаржы қаралған. Оның ішінде субсидиялауға – 36,5 миллиард теңге, «Солтүстік Қазақстан облы­с­ы­ның тәжірибесін тарату» жоба­сы­на – 6,5 миллиард теңге және «Ауыл аманаты» бағдарламасына 7 мил­лиард теңге бөлінген. Жыл басынан бері өңірдегі 7 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 28,8 миллиард теңге субсидия тө­ленсе, қаржы институттары арқылы 578 агроқұрылымға 12,8 миллиард тең­ге көлемінде жеңілдетілген не­сие берілген.

Биыл облыстағы егіс алқап­та­ры­ның жалпы көлемі 654,9 мың гек­тар­ды құрап, былтырғы жылмен са­лыстырғанда 14,9 мың гектарға ұлғайған. Егіс құрылымында дәнді және дәнді бұршақты дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, картоп, көкөніс, бақша және мал азы­ғы дақылдарының көлемі арт­қан.

Биыл қайта өңдеу кәсіпорын­дарын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударыл­ған. Осы бағытта жүгері алқабы 25,6 мың гектарға дейін ұлғайтылып, 179 мың тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қант қызыл­ша­сының егіс көлемі 9,9 мың гек­тар­ға жеткізіліп, 450 мың тонна өнім алу межеленген. Жиналған өнім Тараз және Меркі қант зауыттарында өңделмек. Нәтижесінде, өңірде шамамен 44 мың тонна қант өндіру көзделіп отыр. Сондай-ақ мамандар биыл қызылша өткізуде қиындықтар туындамайтынына сендіруде.

Басқарма басшысының айтуын­ша, егін жинау науқанына қажетті ма­териалдық-техникалық база то­лық дайындалған. Минералды тыңайт­қыш енгізу жоспарының 93,8 пайызы орындалған. Күзгі дала жұ­мыстарына қажетті арзандатылған дизель отыны бөлініп, шаруаларға литріне 288 теңгеден босатылуда.

Бүгінде облыс бойынша 10 мың­нан астам ауыл шаруашылығы тех­никасы егін жинау жұмыстарына жұ­мылдырылған. Қазірге дейін ма­сақты дәнді дақылдардың 257,3 мың гектары орылып, 483,2 мың тон­на өнім жиналған. Биылғы орта­ша өнімділік гектарына 18,8 цент­нер­ді құрап, өткен жылғы көрсет­кіш­тен екі еседен астам жоғары бо­лып отыр. 

Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша өнімдерін жинау жұ­мыс­­тары да жоспарға сай жүргізілу­де. Бүгінге дейін 53,8 мың тон­на кар­топ, 195,2 мың тонна кө­кө­ніс жә­не 151,6 мың тонна бақша өнім­дері жиналған.

Алдағы қысқы мал қыстату ке­зеңі­не дайындық мәселесі де кезаң ке­зеңімен жүргізілуде. Биыл облыс­та 4,1 миллион басқа жуық мал қыс­тайды деп күтілуде. Осыған бай­­ла­нысты барлық санаттағы ша­руа­шы­лықтарға қажетті жем-шөп көлемі алдын ала нақтыланып, жалпы 3,3 мил­лион тонна мал азығын дайын­дау жоспарланған.

Қазір жоспарланған көлемнің ба­сым бөлігі дайындалған. Атап айт­қанда, 1,9 миллион тонна пішен, 344,5 мың тонна сабан, 121,9 мың тон­на пішендеме және 203,8 мың тон­на қоспа жем әзірленген. Мал азы­ғын дайындау жұмыстары қара­ша айының соңына дейін жалғасады.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ау­дан әкімдері мен жауапты басқар­ма­ларға қысқы мал азығын жеткі­лікті көлемде дайындау жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тап­сыру­да. Сондай-ақ ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасына аудан әкімдік­тері­мен тығыз байланыста жұмыс іс­теп, әр аудан бойынша жем-шөп қо­рын толық қамтамасыз ету бағы­тын­дағы жұмыстарды күшейтуді қа­таң ескертіп отыр. 

Әрине, бұл – орынды талап. Се­бебі биылғы жаздағы аптап ыстық қыс­та аяз болып оралуы мүмкін. Бұны бүгінде болжаушалар да айтып отыр. Сондықтан қыс шанаңды жаз сай­лап, қазірден қамданған абзал. Әйт­песе, ертең қыстың аязында төрт түлігімізге азық таппай, бармақ тіс­теп жүрмейік.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы