Бала күтуші: бөлек үрдіс белең алды

Бала күтуші таңдауда әр отбасының талабы әртүрлі. Бірі тәжірибеге мән берсе, енді бірі баламен тіл табыса білуіне, жауапкершілігіне немесе қосымша дағдыларына назар аударады.

Кейінгі жылдары Қазақстандағы осы қызмет нарығында тағы бір үрдіс байқала бастады. Кейбір отбасылар Филиппиннен келген бала күтушілерінің қызметіне жүгініп жүр. Шетелден үй қызметкерлерін іріктейтін агенттіктер де мұндай мамандарды ұсынуды белсенді қолға алған.

Филиппиндіктерге неге сұраныс артты?

Қазақстанда бала күтуші іздейтін ата-аналардың талғамы өзгеріп келеді. Бұрын басты талап баланы уақытында тамақтандырып, қауіпсіздігін қадағалау болса, қазір оған ағылшын тілін білу, баламен тіл табысу, оның дамуына көңіл бөлу, кей жағдайда көлік жүргізу сияқты қосымша талаптар қосылған. Осы сұраныстың аясында қазақстандық отбасылар арасында филиппиндік күту­шілерге қызығушылық байқала бастады.

Қазір филиппиндік күтушілерді Қазақстанға әкелумен айналысатын арнайы filippinki.kz сайты да жұмыс істейді. Агенттік мәліметіне қарағанда, маман таңдағанда, үміткердің кәсіби тәжірибесімен қатар жеке қасиеттеріне де мән беріледі. Мұндай қызметтің бағасы да арзан емес. Сайттағы ақпарат бойынша филиппиндік күтушінің айлық еңбекақысы шамамен 800 доллардан басталады. Бұған ұшақ билеті, құжат рәсімдеу және агенттік қызметі үшін төленетін қосымша шығындар қосылады. Әлеуметтік желіге «филиппиндік бала күтуші» деп жазсаңыз, осындай қызмет ұсынатын бірнеше белсенді парақша шығады. Солардың біріне хабарласып, агенттіктің жұмыс тәртібін сұрап көрдік. Агенттік негізін қалаушы Сабина Рахимованың айтуынша, ұсынылған маман бірден тұрақты жұмысқа қабыл­данбайды. Алдымен үш күндік сынақ мерзімінен өтеді. Осы аралықта отбасы мен күтушінің бір-біріне қаншалықты сәйкес келетіні, қызметкердің баламен қарым-қатынасы және күнделікті міндеттерді қа­лай орындайтыны бағаланады. Егер маман отбасының талабына сай кел­месе, агенттік басқа үміткер ұсынады. Сабина Рахимованың қазақстандық ата-аналардың филиппиндік күтушілерге қызығу­шылығын бірнеше себеппен түсіндіреді.

– Олар балаларға мейірімді әрі шы­дам­ды келеді. Ағылшын тілін жақсы біледі. Бұл біздің жұмыс берушілер үшін маңызды. Сонымен қатар балалармен жұмыс істеп қана қоймай, үй шаруасына да көмектесе алады. Қазір көлік жүргізе алатын күтушілерге де сұраныс бар, – дейді ол.

Агенттіктер әлеуметтік желідегі парақ­шаларын­да Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті үміткерлерді де таныстырып оты­рады. Солардың бірі, 38 жас­тағы Джесси Сан Гомес. Ол бұған дейін Сауд Ара­биясында үй қызметшісі әрі бала күтушісі болып еңбек еткен.

– Қазақстанда тұрып, осында жұмыс істегім келеді. Үш жыл үй қызметшісі де, бала күтуші де болып жұмыс істедім. Енді тек бала күтімімен айналысқым келеді. Жаңа адамдармен, жаңа мәдениетпен танысқанды ұнатамын. Негізгі мақсатым – отбасыларға көмектесу және балаларға қамқорлық жасау, – деді ол.

Ата-ананың талғамы өзгерді

Астана тұрғыны Сандуғаш Көпжасар – төрт баланың анасы. Филиппиндік күтушіні таныстарының ұсынысымен таңдаған. Қызмет құны жергілікті күтушілермен салыстырғанда қымбатырақ болғанымен, алты айлық тәжірибеден кейін шешіміне көңілі толатынын айтады. Бұған дейін ол бірнеше күтушімен жұмыс істеп көрген. Бірінің балалармен сөйлесу мәнері ұнамаған, екіншісінің балаға жеткілікті уақыт бөлмейтінін байқаған. Сондықтан жаңа қызметкер іздеген кезде кәсіби тәжірибеден бұрын баламен қарым-қатынас жасай алу қабілетіне мән берген.

– Алты ай болды, әзірге бәрі ұнап жатыр. Балаларымды тамақтандырады, мектептен уақытында алып келеді, олармен ойнайды. Әр баламен жеке тіл табыса алды. Екінші қызым бұрын ағылшын тілінен репетиторға баратын. Қазір күтушімен күнделікті сөйлесіп, тілді тезірек меңгеріп жүр. Мен үшін тағы бір мәселе – отбасының жеке кеңістігі. Яғни күтушінің қазақ және орыс тілдерін білмеуін белгілі бір тұрғыдан артықшылық деп есептеймін, – дейді Сандуғаш.

Дегенмен бұл пікірді барлық от­басы бірдей айта бермеуі мүмкін. Бір шаңырақ үшін тіл білмеу жеке кеңістікті сақтаудың бір тәсілі болса, екінші отбасы үшін күнделікті қарым-қатынасты қиындататын кедергіге айналуы ықтимал. Демек, күтуші таңдауда әмбебап өлшем жоқ. Әр отбасының тұрмысы, баланың жасы, мінезі және ата-ананың талабы әртүрлі. Мәселен, бала күтушісін іздеу ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін тіпті күрделі. Айнұр Байғалиева үш жастағы баласына күтушіні ұзақ уақыт іздегенін айтады. Бір жылдан бері филиппиндік маманның көмегіне жүгініп жүр.

– Жұмысы тиянақты, баламмен жақсы тіл табысады. Мен үшін ең маңыздысы, балама мүсіркеп қарамайды, онымен тең сөйлеседі. Ерекше балалары бар ата-аналарға маман табу қиын. Сондықтан елімізде бала күтушілерді кәсіби даяр­лайтын орталықтар болса деген ұсынысым бар, – дейді ол.

Бұл пікірдің астарында бала күтімі нарығындағы әлдеқайда үлкен мәселе жатыр. Күтуші дегеніміз баланың та­ма­ғын беріп, киімін ауыстырып, қауіп­сіздігін қадағалайтын адам ғана емес. Ол күннің бірнеше сағатын баламен бірге өткізеді. Демек, оның сөзі, мінезі, қарым-қатынасы, тіпті күнделікті әре­кеті баланың қалыптасуына әсер етеді. Сондықтан бүгін ата-ана «балаға қарайтын адам» емес, белгілі бір деңгейде педагогикалық мәдениеті, жауапкершілігі және қарым-қатынас дағдысы бар маман іздей бастады.

Күтуші жалдауда заңды негіз маңызды

Филиппиндік мамандарға сұраныс артқан сайын мәселенің құқықтық жағы да маңызды бола түседі. Шетел азаматының Қазақстанға заңды түрде келуі оған ел аумағында автоматты түрде жұмыс істеу құқығын бермейді. Заңгер-адвокат Эльнура Кишкенебаеваның айтуынша, Филиппин азаматын жеке отбасы бала күтушісі ретінде жұмысқа қабылдаған кезде еңбек, көші-қон және салық заңнамасының талаптары сақталуға тиіс. Ең алдымен, шетелдік азаматтың Қазақстанда еңбек етуіне қандай құқықтық негіз бар екені анықталуы қажет.

– Қазіргі мемлекеттік түсіндірмелерде үй шаруашылығында жұмыс істеуге арналған арнайы еңбекші көшіп келуші тәртібі, атап айтқанда, Әзербайжан, Өз­бекстан және Тәжікстан азаматтарына қа­тысты көрсетіледі. Сондықтан Филиппин азаматын дәл осы рәсіммен автоматты түрде заңдастыруға болады деу дұрыс емес. Агенттіктің еңбекші көшіп келушіге рұқсат алып береміз деген сөзі өздігінен жеткілікті құқықтық негіз болмайды. Әр­бір Филиппин азаматы бойынша оның Қазақстанға қандай негізбен кіргені, мұнда қанша уақыт болуға құқығы бар екені және еңбек қызметін жүзеге асыруына қандай құжат мүмкіндік беретіні жеке тексерілуге тиіс, – дейді адвокат.

Заңгер шетелдік азамат Қазақстанда заңды түрде жұмыс істеуге құқылы болған жағдайда, отбасы мен күтушінің арасындағы еңбек қатынасы жазбаша түрде рәсімделуге тиіс екенін айтады. Әсіресе күтуші жұмыс берушінің үйінде бірге тұратын жағдайда еңбек және тұрмыстық шарттарды алдын ала нақтылап алған жөн. Оның тұратын орны, тамақтануы, жеке кеңістігі, жұмыс уақыты, түнгі кезекшілік тәртібі және демалыс уақыты келісімде көрсетілуі қажет. Шетелдік қызметкер Қазақстанның еңбек заңнамасында көз­дел­ген негізгі құқықтарға ие. Ол келісілген жалақысын уақытында алу­ға, қауіпсіз еңбек жағдайына, демалыс режимінің сақталуына және құқықтары бұзылған жағдайда тиісті органдарға жүгінуге құ­қылы. Ал жұмыс беруші күту­шіден баланың қауіп­сіздігін қамтамасыз етуді, еңбек тәртібін сақ­тауды, отбасының мүл­кіне ұқыпты қарауды және жеке ақпаратты жария етпеуді талап ете алады.

Күтушілерді ұсынатын агенттіктердің қыз­­метін де шетел азаматының еңбек мәрте­бесі­мен шатастырмаған жөн. Агенттік маман іздеп, үміткерді іріктеп, жұмыс беруші мен қыз­меткерді табыстыра алады. Бірақ оның делдал­дық қызметі шетел азаматына Қазақстанда авто­матты түрде жұмыс істеу құқығын бермейді. Шетел­дік күтушілер туралы айтқанда, олардың мейірімділігі, сабырлылығы, ағылшын тілін білуі жиі алға тартылады. Бірақ қазақстандық күтушілер арасында да көп жылдық тәжірибесі бар, балалар психологиясын жақсы білетін, кәсіби дайындығы жоғары мамандар жетерлік. Сондықтан бүгінде қалыптасқан трендті «шетелдік күтуші жергілікті маманнан жақсы» деген қарапайым бәсекеге тіреп қою мәселенің мәнін тарылтады. Яғни  отбасылар алыстан маман іздеуге дайын болып отыр, демек қазір бұл тақырыпта балаға кімнің қарайтыны ғана емес, оның қалай қарайтыны маңызды болып тұр.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ