«Процесс өзен секілді үнемі тоқтаусыз ағуы керек»: Ломтадзе 10 мың адам жұмыс істейтін компанияны қалай басқарады?

Михаил Ломтадзе 10 мың адам жұмыс істейтін компанияда өзіне тікелей бағынатын қызметкерлердің санын есептемеуге мән бермейді.

Бір айдың ішінде ол көптеген әріптесімен нақты өнімді дамытуға, бизнес-нәтижеге қол жеткізуге немесе белгілі бір міндетті орындауға қажет адамдармен тікелей байланысып, мазмұнды жұмыс істей алады.

Fintech Leaders бағдарламасында Мигель Армазамен әңгімелескен Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі өзінің басқару тәсілін былай түсіндірді:

«Мен жалпы ұйымдық құрылым жағын көп ойлай бермеймін. Әрине, құрылым қажет, лауазымдық міндеттер және басқа да дүниелер болуы керек. Бірақ мен орындалуы тиіс міндеттер мен түпкі нәтижеге жету үшін қажетті кездесулер туралы көбірек ойлаймын».

Ломтадзе ұйымдық схемалар кейде кедергі тудыруы мүмкін екенін айтты.

«Кез келген құрылым кедергіге айналуы мүмкін. Тіпті, схемаға жай ғана төртбұрыш сызып, оның ішіне бір адамның атын жазсаңыз да, сол сәтте санаңызда белгілі бір шектеу пайда болады. Бұл концептуалды тұрғыдан маған ұнамайды», – деді компания басшысы. 

«Процесс өзен секілді болуы керек – ол үнемі тоқтаусыз ағуы керек», – деп қосты ол.

Kaspi басқару жүйесінде Apple-дің екі қағидатын негізге алған: әр өнім үшін жеке жауапкершілік және артық басқару сатыларының болмауы.

«Егер менің өнімімде бірдеңе дұрыс болмаса, оған басқа біреу кінәлі деп айта алмаймын. Оны түзетуге мен міндеттімін», – деп түсіндірді Ломтадзе.

Өнім командалары тұрақты түрде бас қосып, ақылдасып отырады. Ұсынылған идеялардың басым бөлігі бірден іріктеуден өтпейді, ал өткендері қарапайым әрі түсінікті тілмен үш бетке жазылады.

«Егер сізде 50 өнім және 50 команда болса, олардың әрқайсысы ең болмағанда бір рет өте мықты идея ұсынса, бұл 50 идея. Инновацияның мұндай қарқынымен бәсекелесу өте қиын», – деді ол.

Ломтадзе өзіне үлгі болатын танымал кәсіпкерлердің арасынан екі адамды – Стив Джобс пен Илон Маскты атады.

«Бір жағынан – Стив Джобстың барлығын барынша қарапайым етуі және клиентке деген қамқорлығы, екінші жағынан – Илон Масктың Марсқа ұшу идеясы», – деді.

Ақшаға деген көзқарасы туралы сұраққа Kaspi басшысы оған ерекше мән бермейтінін айтты.

«Мен кеңседе отырып, талантты командамызбен сөйлесіп, өнімдер жасап, азырақ саяхаттасам, өте бақытты болар едім деп ойлаймын. Егер командаммен бірге жай ғана жұмыс істеп, клиенттерді қалай бақытты етуге болатынын ойлап, уақытымды басқа ештеңеге жұмсамасам, әлдеқайда бақытты болар едім», – дейді ол.