«Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева бастаған штаб мүшелері елдегі кәсіпкерлікті қолдау, отандық өнім өндірушілердің нарықтағы үлесін арттыру және жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мәселелерін кеңінен талқылады, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шара барысында спикерлер партияның алдағы уақытқа жоспарлаған негізгі бағыт-бағдарымен таныстырып, бәсекеге қабілетті экономика құру үшін ең алдымен ішкі өндіріс орындарын барынша қолдау қажеттігіне назар аударды.
Жиын барысында отандық кәсіпкерлерді негізсіз кедергілерден қорғау, салықтық ынталандыру жүйесін қайта қарау және өндіріс орындарын заманауи технологиялармен жабдықтауға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету секілді стратегиялық басымдықтар сөз болды.
«Ақ жол» партиясының өкілдері жаһандық экономикалық құбылмалылық жағдайында Қазақстан үшін ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырған отандық кәсіпорындардың рөлі орасан зор екенін баса айтып, қарапайым жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мен тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалудың маңыздылығына тоқталды.
Мемлекеттің қуаты оның өндірістік әлеуетінде екенін тілге тиек еткен «Ақ жол» партиясы еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың құқығын қорғап, отандық кәсіпорындардың еркін дамуына жол ашу ортақ міндет екенін жеткізді.
Елуге жуық зауыт қызметкері қатысқан жиын тек баяндама оқумен шектелмей, ашық диалог форматында өрбіді. Жұмысшылар қауымы өндіріс процесіндегі қиындықтар, шикізат мәселесі және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қойып, пікірталасқа белсенді түрде араласты. Кәсіпорын ұжымы тарапынан айтылған ұтымды ұсыныстар назарға алынып, «Ақ жол» партиясының спикерлері әрбір сұраққа дәйекті әрі нақты жауап берді.
Кездесу қорытындысы бойынша партиясының өкілдері кәсіпорын қызметкерлері көтерген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын және олардың тиісті деңгейде қаралып, шешілуіне ықпал ететінін жеткізді. Отандық өндірісті қолдауға бағытталған мұндай ашық жүздесулер саяси күштер мен қарапайым жұмысшылар арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы ортақ түйткілдерді бірлесе шешуге зор үлес қосады.