Қазір оқу, қызмет көрсету мен жүріс-тұрыс онлайн режимнің иіріміне енді. Соған сай барлығы жүйеленіп жатыр. Бірақ біраз жердің «жақсысын асырып, жаманын жасырып» жүргенімізді елдегі төтенше жағдай әшкере қылған сияқты. «Әр істің бір қайыры бар», – дейді. Алдымен онлайн өмірдің артықшылығын сөз етейік. Әділет министрі Марат Бекетаев баспасөз мәслихатында елімізде онлайн қызмет алуға бар жағдай жасалғанын атап өтті. Иә, арамызда электронды үкіметтің қадіріне жеткендер көбейді. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып табан тоздырмай үйден бар жұмысты реттеуге болатынын түсінді. Әрі бірқатар өңірде онлайн азық-түлік дүкені ашылып, жеткізу қызметінің өрісі кеңейді. Жеткізу бөлімдері «Есіктен-есікке» форматына көшті. Chocofood.kz, Glovo секілді жедел жеткізу орталығы пайда тапқанымен, Ticketon.kz сияқты компаниялар біраз шығынға ұшырады. Мәселен, төтенше жағдай жарияланған тұста 50 концерт өтпейтін болыпты. Билет сату көрсеткіші 98%-ға қысқарған екен.
Жол жүру билетінің әлегі
Билет демекші, елде карантин деп дабыл қаққан тұста халық вокзалға ағылған-ды. Бәрі уақытында билет өткізудің қамымен жүрді. Теміржол сайтында қолма-қол ақшамен есеп айырысамыз деген соң ел жапа-тармағай қармап қалуға тырысты. Бірақ сол тұста әркімнің үйден шықпай, сақтық шараларына ден қоюы міндет еді. Өйткені «19 наурызға дейін елордадан шығып кетіңдер, билетті ауыстырыңдар» деген пәрмен елдің мазасын қашырған-ды. Лекпен бірге кейіпкеріміз Райхан Балтабай да вокзалға барады. Ондағы көріністі, ығы-жығы халықты көрген оған бірден «Қазақстан әлі төтенше жағдайға дайын емес» деген ой келіпті. Оның сөзінше, жақындары теміржол мен әуе билетін қайтаруға тырысқан. Әуе билетінің құнын еш қиындықсыз қайтарып алған. Ал теміржол билеті біраз әбігерге салған екен. «Онлайн алған билетті сайт арқылы қайтару мүмкін болмады. Сайт істемей қалды. Әрі өздері де вокзалға келіп қайтаруға болатынын айтты. Бардым. Ығы-жығы халық. Қарасаң, «карантин жарияланған қала ма?» деген ойға қаласың. 2 сағат кезекте тікемнен тік тұрдым. Билетті қайтару үшін ұсақ-түйек қағаз толтырып, шығару керек. Соның өзіне жанталасқан адамдарды көрсеңіз. Осындайы бар, неге бәрімізге жүріс-тұрыстың қысқарғанын айтып, билетті онлайн қайтармады? «Қазақстан теміржолына» да, бізге де артық жұмыс болмайтын еді. Сонда біз де үйімізде отырар едік. 16-18 аралығында вокзалда ине шаншар жер болған жоқ», – дейді ол. Кейіпкер сөзінің жаны бар. Өйткені төтенше жағдай енгізілген күннен бастап, aviata.kz, chocotravel.kz, tickets.kz сынды біраз платформа жұмысы ақау берді. Елдегі билет ауыстырған, қайта өткізген жолаушы тасқынын сервер көтере алмады. Мұның салқыны railways.kz-ке де тиген екен. Әрі «Жолаушылар тасмалы» АҚ-тың маркетинг және сату департаменті директоры Алмас Айтбаевтың мәлімдемесі де халыққа желеу болды. Ол билет құнын еш қиындықсыз кассадан қолма-қол қайтарып алатынын айтты. Сондай-ақ бар жағдай жасалғанынан да хабар берді. Соны естіген дүйім ел вокзал маңын жағалап кетті. Осы жайт теміржол қызметкерлерінің де зықын шығарды, білем, олар да кейіннен әрекетке көшті. Вокзалға ағылған нөпірді азайту үшін елордадағы ақылы кассаларды да жұмысқа жұмылдырды. Сол арқылы ағынды азайта алды. Сайтта «үйіңізден шықпай-ақ жақын маңдағы кассадан жол жүру билетін қайтара аласыз» деп кассаның мекенжайын жариялады. Ел өзіне жақын маңдағы касса арқылы билетін қайтарғанымен, ақшасы қолға тиген жоқ. Касса қызметкерлерінің бірінен мән-жайды сұрағанымызда «Қазақстан теміржолында» қазір ақша жоқ» деген жауап берді. Сайттан осы туралы мәлімет іздегенімізде, билет ақшасы бірнеше айдың ішінде есепшотқа түсуі мүмкін екені көрсетілген.Әуреге салған интернет сапасы
Жол жүру билетінен бөлек, қызмет көрсету орталықтары жұмысы да цифрлы жүйені меңгеруі үшін уақыт қажет-ақ. Бұлай айтуға мына оқиға себеп болды. Меруерттің (аты-жөні өзгертілген-автор) Халықты жұмыспен қамту орталығы мен үйінің арасында жүргеніне 1 айға жақындаған-ды. Ол елордаға жұмыс іздеп келген. Аталған орталық арқылы жастар тағылымдамасын ақылы өтуге болатынын білген. Жұмыс беруші де тағылымдама турасында оң көзқарас танытқан. Бірақ құжат жинау тұсы оны әбігерге салады. Оның айтуынша, орталықтан қағаз алу мен базаға тіркелу көп уақыт алады. Себебі интернет сапасы база жұмысын шектейді. База жиі «қатып» қалатындықтан, жұмыс өнімділігі төмен екен. Кезектің өзі біраз әңгімеге арқау болады-мыс. Сөйтіп жүргенде Меруерт Халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алады. Жұмыс берушіге жағдайды түсіндіріп, тәжірибеден өтуге кіріседі. Орталық болса, құжатқа қол қою күнін бекітеді. Дәл құжатты қолға алар тұста елде төтенше жағдай жарияланып, жұмыс режимі өзгереді. Меруерт сонда да қажет қағазды қолына алуға тырысты. Халықты жұмыспен қамту орталығына айтқан уақытында барғанымен, база жұмысы қайта әлекке салыпты. Кезек күту мен интернет жұмысы мүмкіндігі қолбайлау болғанымен, түстен кейін керегін алады. Алайда карантин салдарынан жұмыс орны қашықтан жұмыс істеуге көшіп, қол қойдыра алмайды. Сонымен салы суға кетіп, карантиннің соңын күтуге шешім қабылдайды. Артынша 22 наурызға таман елордаға кіріп-шығу тоқтайтынын естіп, киім-кешегін жинап туған жерге кетуге шешім қабылдайды. Сондағы кейіпкерімізді мазалаған сұрақ – елдегі онлайн қызмет сапасының жайы. Көкейінде «орталық базасы ойдағыдай жұмыс істесе, карантин жағдайында да жұмыс берушінің кадр бөлімі онлайн қызмет көрсете алғанда ғой» деген әттеген-айы бар. Бұл – бір ғана оқиға. Нұр-Сұлтан қаласынан «жұмыс табамын-ау» деп келіп, карантин мен орталық арасында не істерін білмей қалған қаншама жас бар? Онлайн қызметтің сапасын көтеретін сәт жеткен сыңайлы. Байқап қарасаңыз, қазіргі шақта әлемде онлайн жүйенің дәурені жүріп тұр. Мәселен, TikTok немесе Douyin сияқты желі ойлап тауып, шамамен 280 мың доллар пайда тапқандар бар. Әрине, жағдайды кәдеге жаратқан жөн-ақ. Бірақ мұндай пайда көрмесе де, елдегі қарапайым қызметті бас бармақпен бағалайтындай дәрежеге жеткізсе дейміз. Әр оқиғаның аяғы интернет сапасына келіп тіреледі. Цифрлы Қазақстанды шынайы қолға алып, мәселені майшаммен қарамаса болмайтын сыңайлы. Өйткені әлеуметтік желіде онлайн оқу мәселесінен бастап, интернетте қарапайым қызмет алу мүмкіндігін сынап жатқанның қарасы көп.