Сапар барысында қонақтар өндірістік алаңды аралап, карьерлік техниканың жұмысымен танысты. Сонымен қатар вахталық кентке барып, жұбайларының ауысым кезінде еңбек ететін және тұратын жағдайларын өз көзімен көрді.
Жұбайларының қай жерде еңбек ететінін жақынырақ білу үшін БелАЗ жүргізушілерінің әйелдері арнайы брендтелген пойызбен 540 шақырым жол жүрді. Вахталық кентке дейінгі сапар шамамен 12 сағатқа созылды. Пойыз аялдамасының кент аумағында орналасуы – сапардың ерекшеліктерінің бірі. Құрам жұмысшылар ауысым кезінде тұратын орынға тікелей келіп тоқтайды.
Экскурсияның алғашқы бөлігі өндірістік алаңда өтті. Меймандарға кәсіпорынның өндірістік үдерісі, карьердегі жұмыс ерекшеліктері және арнайы техниканың атқаратын міндеттері таныстырылды. Қонақтардың ерекше қызығушылығын БелАЗ карьерлік самосвалдары тудырды. Күнделікті жұмыс барысында осындай алып техниканы басқаратын жұбайларының еңбек жағдайын көру әйелдер үшін ерекше әсер қалдырды. Олар БелАЗ кабиналарына көтеріліп, жүргізуші орнына отырып, карьерлік самосвалдардың көлемі мен құрылымын жақынырақ көрді.
– Сапарға дейін күйеуімнің жұмысы туралы оның әңгімелерінен ғана білетінмін. Әрине, ол өндіріс туралы көп айтады. Бірақ алып көмір кен орнын және техниканы өз көзіңмен көру – мүлде бөлек әсер екен. Әсіресе, БелАЗ-дардың көлемі таңғалдырды. Енді оның қай жерде жұмыс істейтінін және атқаратын жұмысының қаншалықты жауапты екенін жақсы түсінемін. Күйеуімді мақтан тұтамын, – деді БелАЗ жүргізушісінің әйелі Гүлім Исатова.
Өндірістік алаңмен танысқаннан кейін қонақтар вахталық кентке барды. Мұнда оларға жұмысшылардың ауысым кезінде тұратын тұрғын бөлмелері, спортзалы және медициналық пункт көрсетілді. Әйелдер вахтадағы күнделікті тұрмыс жағдайымен танысып, қызметкерлердің жұмыс уақытынан тыс кезде демалуына және уақытын тиімді өткізуіне қандай мүмкіндіктер жасалғанын көрді.
Қонақтар асханаға да барып, күнделікті мәзірде ұсынылатын тағамдардан және жаңа піскен нан-тоқаштардан дәм татты. Осылайша, олар вахтадағы жұмысшылардың тамақтануына да қажетті жағдай жасалғанына көз жеткізді. Кентте бір мезетте шамамен 1 500 адам тұрады. Жұмысшылардың вахтасы 15 күнге созылатындықтан, өндірістік алаңдағы еңбек жағдайымен қатар, қызметкерлердің тұратын және демалатын ортасы да маңызды мәнге ие.
– Маған күйеуімнің вахта кезінде тұратын жерін өз көзіммен көру маңызды. Ол жұмысқа кеткенде күнделікті өмірін тек әңгімесінен елестететін едім. Мұнда оның бөлмесін көрдім, жаттығу залында қалай жаттығатынын және қай жерде тамақтанатынын білдім. Сапардан кейін көңілім әлдеқайда тынышталды, өйткені енді оның вахтадағы өмірі қалай өтетінін білемін, – деді Наталья Пономарева.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, мұндай отбасылық сапарлардың маңызы тек өндірісті көрсетумен шектелмейді. Экскурсия қызметкерлердің жақындарына кәсіпорындағы еңбек жағдайын, қауіпсіздік талаптарын және вахталық кенттегі тұрмыс деңгейін өз көздерімен бағалауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қызметкердің отбасы үшін де маңызды, өйткені жақынының қай жерде жұмыс істеп, қандай жағдайда тұратынын білу алаңдаушылықты азайтады.
– Бізге қызметкер вахтаға аттанғанда өзінің қауіпсіздігіне ғана емес, отбасының да ол үшін алаңдамайтынына сенімді болуы маңызды. Алыста жүрудің өзі оңай емес, ал белгісіздік алаңдаушылықты одан әрі күшейтеді. Сондықтан біз жұмысшылардың қай жерде жұмыс істеп, қайда тұратынын, тұрмысы қалай ұйымдастырылғанын, еңбек етуі мен демалуына қандай жағдай жасалғанын әйелдерінің өз көздерімен көргенін қаладық. Енді олардың алаңдайтын себептері азайды деп ойлаймын, – деді вахта бастығы Маулет Нұрмағамбетов.
«Шұбаркөл көмір» АҚ үшін қызметкерлердің отбасыларымен осындай байланыс орнату – корпоративтік мәдениетті нығайтудың және өндірістегі еңбек жағдайы туралы ашық ақпарат берудің бір жолы. Әсіресе, вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлердің жақындары үшін мұндай кездесулердің орны ерекше. Себебі қызметкер бірнеше күн бойы үйінен жырақта болған кезде оның отбасы жұмыс орны мен тұрмыс жағдайы туралы ақпаратты көбіне өз әңгімесінен ғана біледі.
Ал бұл жолы әйелдер жұбайларының жұмыс орнын көріп қана қоймай, олардың вахта кезіндегі күнделікті өмірімен де танысты. Өндірістік алаңнан бастап тұрғын бөлмеге, спортзалына және асханаға дейінгі экскурсия жұмысшылардың ауысымдағы өмірі туралы толық түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамында алғашқы отбасылық сапардың қорытындысы оң бағаланып отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта вахтадағы «отбасылық күндерді» тұрақты түрде өткізіп, мұндай кездесулерді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр. Бұл бастама қызметкерлердің отбасыларын кәсіпорын өміріне жақындатып, олардың жұмысына деген түсінігі мен сенімін арттыруға бағытталған.
Алғашқы отбасылық сапардың қалай өткенін біздің бейнероликтен көре аласыздар. Экскурсия барысын тамашалап, өндіріс пен жұмыс ауысымы өтетін жағдайлармен танысу үшін смартфон камерасын QR-кодқа бағыттаңыз: