«Ауыл» партиясы мен ТҮРКПА делегациясы сайлау барысын талқылады

«Ауыл» партиясы атынан кездесуге партия төрағасының орынбасары, Республикалық сайлауалды штаб жетекшісінің орынбасары Шахмардан Байманов және штаб мүшелері қатысты.

Бүгін Астанада «Ауыл» партиясының өкілдері Құрылтай депутаттарын сайлауға байқаушы ретінде келген Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТҮРКПА) делегациясымен кездесті, - деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Ауыл» партиясының баспасөз қызметінесілтеме жасап.

ТҮРКПА делегациясының құрамында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Азамат Исираилов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаттары Махмут Озер мен Кадим Дурмаз, ТҮРКПА комиссиясының хатшысы Айнура Абуталибова, комиссия хатшысының міндетін атқарушы Мирлан Усенканов және Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің қауіпсіздік қызметінің өкілі Мехмет Акиф Чакмакчы болды.

Кездесу барысында халықаралық байқаушылар «Ауыл» партиясының өкілдерімен «Ауылдың» сайлау науқанына қатысуы, республикалық және өңірлік штабтардың жұмысы, үгіт-насихат шараларының ұйымдастырылуы және кандидаттардың сайлаушылармен байланысы жөнінде пікір алмасты.

Шахмардан Байманов миссия мүшелеріне сайлауалды науқанның барысы, кандидаттардың өңірлердегі жұмысы және тұрғындармен кездесудің негізгі форматтары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ партия өкілдері үгіт жұмыстарын ұйымдастыру мен штабтардың дауыс беру күніне дайындығына қатысты сұрақтарға жауап берді. Іс-шара соңында тараптар сайлау науқанының өту барысы және сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етудегі халықаралық байқаушылардың рөлі жөнінде пікір алмасты.