Ол сотта отбасыға Астана әкімдігінен берілген 20 миллион теңгенің қалай жұмсалғанын айтып, жәбірленуші мәртебесінен не себепті бас тартқанын түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әділет Зейнелдің айтуынша, Ұлдананы жерлегеннен кейін, 2025 жылғы 19 қарашада оны марқұмның әпкесі Ақнұрмен бірге Астана әкімдігіне шақырған. Кездесуге қала әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты қатысқан.
Сотта Әділет Зейнел отбасыға 20 миллион теңге қолма-қол берілгенін айтты. Оның сөзінше, ақшаны алған кезде ешқандай қолхат немесе басқа да құжатқа қол қоймаған.
Кейін бұл қаражат бірнеше мақсатқа жұмсалған. Атап айтқанда:
- 9,2 миллион теңге – автокөлік несиесін өтеуге;
- 4,3 миллион теңге – Ұлдананың несие бойынша міндеттемелерін жабуға;
- 4,5 миллион теңге – марқұмның анасына берілген.
Қалған қаражат түрлі шығындарға, соның ішінде қайырымдылыққа жұмсалған.
Сот барысында Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқаны да талқыланды. Судья оның бұл шешімге не себепті келгенін сұрады.
Әділет Зейнел қазіргі уақытта жаңа өмір бастағанын, қайта үйленгенін және бұдан былай Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалайтынын айтты.
«Мен жаңа өмір бастадым, үйлендім. Бұдан әрі Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалаймын. Өзі де бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатында жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды айтқан болатын», – деді ол.
Судья Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен өз еркімен бас тартқанын нақтылады. Ол бұған дейін мұндай шешім қабылдауды жоспарламағанын да растады.
Бұған дейін сотта қорғаушы Асхат Әлімовтің судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіргені белгілі болған. Алайда қарсылықты қараған судья Самат Сембаев оны қанағаттандырмады. Оның айтуынша, қорғаушы келтірген уәждер судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін дәлелдемейді.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Іс бойынша сотталушы – ПИК төрағасы Сәуле Жұбаниязова.