Қарағандыда екі баланың анасының өліміне қатысты туыстары істі қайта тексеруді талап етті

«Криминальный Казахстан» мәліметінше, полиция бұл жағдайды суицид ретінде тіркеп, қылмыстық істі тоқтатқан.

Қарағандыда 28 жастағы, Шымкент қаласының тумасы Динара Мыңбаеваның өліміне қатысты дау туындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. Екі баланың анасы 2025 жылғы 3 шілдеде жұбайымен бірге тұрған пәтерден асылып қалған күйде табылған.

«Криминальный Казахстан» мәліметінше, полиция бұл жағдайды суицид ретінде тіркеп, қылмыстық істі тоқтатқан. Бірақ марқұмның жақындары оның өліміне қатысты күмәнді жайттар барын айтып, істі қайта тексеруді талап етіп отыр.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, қайғылы оқиғадан бір күн бұрын Динара мен күйеуі арасында жанжал болған. Әйел полиция шақырып, жұбайының өзіне күш көрсеткенін айтқан. Алайда туыстарының мәлімдеуінше, оқиға орнына келген полицейлер арызда тек ауызша балағаттау фактісін көрсетуді ұсынған.

Сол түні Динара анасына телефон шалып, өзіне күш көрсетіліп, тұншықтырылғанын айтқан. Сондай-ақ балаларын алып кетуді өтінген. Динараның анасы Шымкенттен жолға шығуға дайындалған. Алайда осы қоңыраудан кейін қызымен қайта байланыса алмаған. Келесі күні отбасы оның қайтыс болғаны туралы хабар алған.

Марқұмның туыстары оқиға орнында да бірқатар күмәнді жағдай болғанын алға тартады. Олардың айтуынша, Динарының денесінде көгерген іздер болған. Сонымен қатар пәтерден кілем жоғалып кеткенін, ал әйелдің денесі ата-анасы келгенге дейін мәйітханаға жеткізілгенін айтып отыр.

Осыған байланысты отбасы Динараның өлімі суицид емес, оның өліміне басқа адамның қатысы болуы мүмкін деген болжам жасайды. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Марқұмның жақындары Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен істі қайта тергеуді және қайғылы оқиға қарсаңында шақырту бойынша келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр. Динара Мыңбаеваның артында үш жастағы және бір жарым жастағы екі ұлы қалды.

Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Қарағанды облысының Полиция департаментіне сауал жолдады. Ведомствоның жауабы әзірге күтілуде.