Нұр-Сұлтанда №1 автобус паркі карантинге жабылды, – деп хабарлайды қала әкімдігі. «Мониторинг барысында №1 автобус паркінің қызметкері коронавирус жұқтырған адаммен байланыста болғаны анықталды. Қызметкерлер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автопарк карантинге жабылды. Автопарк пен автобустар дезинфекциядан өтті. Қызметкермен жақын қарым-қатынаста болғандардың бір бөлігі стационарға жатқызылса, қалғандары үй карантинінде», – дейді әкімдік өкілі. Айта кетейік, бүгіннен бастап елордада жолаушыларға автобустың алдыңғы есігі арқылы кіруге тыйым салынды. Жүргізушілер отыратын жер арнайы лентамен қоршалды. Қолма-қол ақша төлеуге болмайды. Қолма-қол ақшасыз төлемдер ғана қабылданады. (Бүгінгі таңда қолма-қол ақшасыз төлем үлесі 98% құрайды).
26 наурыздан бері автобустар кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана жүреді. 28 наурыздан бастап карантиндік аймақта орналасқан барлық қала маңына қатынайтын автобустардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Олар Қосшы, Тайтөбе, Жібек жолы, Талапкер, Қоянды, Қызылсуат, Ы.Алтынсарин, «Нұрлы» саяжай кенттері (№ 301, 302, 303, 304, 306, 307, 313, 314, 319, 320, 321, 322, 326).ҚР Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес 28 наурыз сағат 00.00-ден бастап, бірқатар қосымша қатаң шаралар бекітілді:
- Азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды және жұмысқа баруды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуын шектеу;
- Халық көп жиналатын орындарды жабу (саябақтар, скверлер, жаяу жүретін көшелер, жағалаулар, ойын алаңдары және т. б.);
- Қоғамдық көлік жұмысын кезең-кезеңмен шектеу;
- Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салу (отбасы мүшелерінен басқа);
- Кәмелеттік жасқа толмағандардың үлкендерсіз сыртта жүруіне тыйым салу.