Қазақстан білім беру, адами капиталды дамыту және елдің таланттар үшін тартымдылық деңгейін көрсететін халықаралық рейтингтердегі позицияларын дәйекті түрде жақсартып келеді. Бұл туралы «А.Байтұрсынұлы атындағы Талдау» ұлттық білім беру зерттеулері және бағалау орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Гүлжайна Елеусинова Астанада өткен «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне дейін» атты National Think Tank Forum-да мәлімдеді, – деп хабардады Aikyn.kz
Оның айтуынша, БҰҰ Даму бағдарламасының 2025 жылғы Адами даму индексінде Қазақстан адами даму деңгейі өте жоғары елдер тобына кірді. Ел 193 мемлекеттің арасында 67-орыннан 60-орынға көтеріліп, ТМД елдері арасында көш бастады.
2025 жылғы Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан «Білім беру» индикаторы бойынша Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жетекші позицияға ие. Бұл ретте білім беруге жұмсалатын шығыстар ЖІӨ-нің 4,9%-ына дейін өсті, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 4,2% болған.
Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде де оң динамика байқалады. 2026 жылы Қазақстан «Білім беру» субфакторы бойынша 36-орынға көтерілді, ал 2021 жылы 45-орында болған. Елдердің таланттар үшін тартымдылық рейтингінде Қазақстан 37-орыннан 34-орынға көтерілді.
«Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі позицияларының нығаюы білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерді көрсетеді. Бұл заманауи мектеп инфрақұрылымын кеңейтуден бастап, педагогтердің мәртебесін арттыруға және білім алушылардың нәтижелерін жақсартуға дейінгі үдерістерді қамтиды», – деп атап өтті Г.Елеусинова.
Негізгі бағыттардың бірі – мектеп инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Бұл 43 үш ауысымды және 8 апатты мектеп мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Жаңа мектептердің 40%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, бұл қала мен ауыл арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықты қысқартуға ықпал етеді.
Жалпы, соңғы бес жылда Қазақстанда 638 жалпы білім беретін мектеп салынды. Тек 2025 жылы 250 жаңа мектеп пайдалануға берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.
Сонымен қатар педагогтерді қолдау шаралары да күшейтілді. 2019-2025 жылдар аралығында мектеп мұғалімдерінің жалақысы 2,5 есе өсті. Мектепке дейінгі білім беру саласында жалақы 3,3 есе, ал колледж оқытушыларының еңбекақысы екі есе артты.
Білім беру жүйесінің даму көрсеткіштерінің бірі – оқушылардың халықаралық зияткерлік жарыстардағы нәтижелері. 2023-2025 жылдары жеңіп алынған жүлделер саны 2,4 есе өсіп, 170-тен 416-ға жетті, ал алтын медальдар саны төрт еседен астам артты. Тек 2026 жылдың жазында қазақстандық оқушылар физика, химия, биология, математика, информатика және жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаларда 31 медаль жеңіп алды.
Гүлжайна Елеусинованың айтуынша, білім беру жүйесін одан әрі дамыту білім сапасын арттыруға және балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.