Бриллиант таратты: блогердің ата-анасының тойы желіде қызу талқыға түсті

Мерекеде қонақтарға сыйлық ретінде бриллиант берілген.

Танымал блогер Ақмарал Елшін ата-анасының 60 жылдық мерейтойына арналған тойда қонақтарға ерекше тойбастар таратылғанын көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мерекеде қонақтарға сыйлық ретінде бриллиант берілген.

Блогер салтанатты кештен видеоны әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, тойбастардың ерекшелігін көрсетті.

«Тойға шашылған қазақ соңына дейін шашылайық», – деп жазды Ақмарал Елшін.

Желіде тараған видео көпшіліктің назарын аударып, қызу талқыға түсті. Қолданушылардың пікірі екіге бөлінді.

Бірі мұндай сыйлықты ысырапшылдық деп сынаса, енді бірі ерекше тойбасты қолдады.

«Бекерге ақша шашу», «Не деген есіл ақша», «Не керек дарақтап? Сол бриллиантқа ешкім қуанып та жатқан жоқ», – деген пікірлер жазылды.

Ал кейбір желі қолданушылары керісінше, «Күшті, тойдан бриллиант сарқыт бұйырсын», «Осындай той жұғысты болсын» деп өз бағасын берген.

Сонымен қатар бірқатар қолданушы мұндай қомақты қаражатты мұқтаж жандарға немесе қайырымдылыққа жұмсаған жөн деген пікір білдірді.

«Ауырып жатқан мұқтаж адамдарға берсе ғой», «Күлімдеп қараған бір жанды көрмедім», «Қонақтарда ешқандай эмоция жоқ», – деп жазды олар.

Осылайша, ерекше тойбастар желіде қызу пікірталас туғызып, қонақтарға бриллиант сыйлау қаншалықты орынды деген мәселе талқыға түсті.