«Әділет» партиясының Орталық аппаратында Республикалық сайлауалды штабтың қорытынды отырысы өтті

Сайлауалды науқан кезінде өңірлерде 247 штаб жұмыс істеді.

«Әділет» партиясының Орталық аппаратында Республикалық сайлауалды штабтың қорытынды отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жиында елдің барлық өңірінде бір айға созылған сайлауалды науқанның нәтижелері талқыланып, партия штабтарының, сенімді өкілдері мен байқаушылардың дауыс беру күніне дайындығы пысықталды.

Сайлауалды науқан кезінде өңірлерде 247 штаб жұмыс істеді. Кандидаттар мен үгіт-насихат топтары кәсіпорындарда, базарларда, ауылдарда және қоғамдық орындарда тұрғындармен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, оны халықпен бірге талқылады.

Штаб өкілдерінің айтуынша, кәсіпкерлер орта бизнесті дамыту және отандық инвесторларды қорғау жөніндегі партия бастамаларын қолдап отыр. Еңбек ұжымдары еңбек қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстарға, ал IT қауымдастықтың өкілдері цифрландыру, ғылым және білім салаларын дамыту жоспарларына қызығушылық танытқан.

«Президенттің реформалары қала мен ауылдағы өмір сапасына әсер етіп, инфрақұрылым дамып, экономика жаңғырып келеді. Жаңа Конституция қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешуге берік негіз қалыптастырды. Ендігі міндетіміз – осы қағидалардың жүзеге асуын қамтамасыз ету. «Әділет» – жаңа буын партиясы. Бұл бізге мәселелерге жаңаша қарап, тың шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Біз үшін партия бастамаларының халықтан кең қолдау тауып отырғаны ерекше маңызды», – деді штаб өкілдері.

Құрылтай депутаттығына кандидат Армангүл Тоқтамұрат «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуенінің қорытындысын таныстырды. 27 күн ішінде мобильді керуен 17 облысты аралап, 13 мың шақырымнан астам жол жүрді. Олар жүзге жуық елді мекенге барып, өңірлерде 14 мыңға жуық халықпен кездесті. Сапар барысында 2 мыңнан астам ұсыныс жиналды. Олардың бәрі талданып, партияның алдағы жұмысында, оның ішінде заңдарды әзірлеу кезінде ескерілетін болады.

Алматы қалалық штабының мүшесі Дидарбек Ділдебектің айтуынша, партиялықтар мобильді топтар 1,36 миллион адамды қамтып, «Есіктен есікке» акциясы аясында 2,41 миллионнан астам азаматпен жүздескен. Сайлауалды үгіт-насихат аясында 6,2 миллион дана материал таратылған.

Облыстық филиал басшылары бейнеконференция арқылы өңірлік штабтардың жұмысы жөнінде есеп берді. Астанада 630-дан астам іс-шара өтіп, оған 580 мыңнан астам адам қатысқан. Шығыс Қазақстан облысында 2 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 314 мың тұрғынды қамтыды. Батыс Қазақстан облысында 1,6 мыңнан астам іс-шара өтіп, оған шамамен 430 мың адам қатысқан.

Отырыс барысында сенімді өкілдердің жұмысы да жеке талқыланды. Науқан барысында олардың саны 30 мың адамға дейін жетті. Сенімді өкілдердің атынан сөз сөйлеген «STEM академиясы» компаниясының басшысы Залқарбек Мұраталиұлы сайлаушылармен кері байланыстың маңызына тоқталды.

«Біз партияның ұстанымын жеткіздік. Бірақ кездесулерде тұрғындардың өз сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдау да аса маңызды», – деді ол.

Отырысты қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды үгіт-насихат науқаны аяқталғанымен, қазақстандықтардың ұсыныстары бойынша жұмыс тоқтамайтынын айтты.

«Халықтың бізге айтқан әрбір мәселесі, әрбір ұсынысы мен аманаты алдағы жұмысымыздың негізіне айналуға тиіс. Бізді біріктіретін мақсат – біреу. Ол – Әділетті Қазақстан құру. Осы мақсат жолында бірлігімізді сақтап, ел сеніміне лайық еңбек етуіміз керек. Қазақстандықтарды 23 тамызда «Әділет» партиясына дауыс беруге, Әділетті Қазақстан үшін таңдау жасауға шақырамын», – деді ол.

Штаб өкілдері сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін бақылаушылар мен сенімді өкілдерге үндеу жасап, сайлау заңнамасын, белгіленген рәсімдерді қатаң сақтаудың және сайлау учаскелерінде әдеп нормаларын ұстанудың маңызын атап өтті.

Дайындаған: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі.

«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров