Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында Ига Швентекке қарсы кездесуді не себепті жалғастыра алмағанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Рыбакинаның сөзінше, оны біраз уақыттан бері мазалап жүрген жарақаты соңғы турнирлердегі тығыз ойын кестесінен кейін асқына түскен.
«Допты ойынға қосқанда аяғыммен дұрыс серпіле алмадым. Жүрудің өзі ауыр. Ертең МРТ-дан өткеннен кейін нақтырақ белгілі болады», – деді теннисші.
Оның айтуынша, Канададағы бірнеше ауыр матчтан кейін жарақаттың ауырсынуы күшейген. Ал Швентекпен кездесу алдында өзін жақсы сезінгенімен, ойын барысында сәтсіз қозғалыстан кейін жарақаты қайта сыр берген.
«Матч алдында өзімді жақсы сезіндім. Өкінішке қарай, бір сәтсіз қозғалыс, бір дұрыс түспеген қадамнан кейін бірдеңе болды», – деді Рыбакина.