Апатты үйден жаңа баспанаға көшті

Тұрғын үй мәселесін шешу Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Осы бағыттағы кезекті игі істің нәтижесінде жалғыз бас­панасы апатты деп танылған Орал қаласының 35 отбасына жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Көптеген жаңа қоныстанушы үшін бұл жай ғана көптен күткен қуанышты оқиға емес, тыныш әрі жайлы өмірдің бастауы бол­ды. Кілт табыстау рәсімі Орал қа­ласының заманауи келбетін қа­лыптастырып жатқан ірі жоба­лардың бірі «Ақжайық» жаңа шағынауданында өтті. Мұнда барлық қажетті инженерлік же­лі­лер тартылған. Жақын арада ша­ғынауданды қала орталығы­мен жаңа көпір байланыстырады. Сонымен қатар мұнда 60 әлеу­меттік нысан, 70 көпқабатты тұр­ғын үй, төрт балабақша, үш мектеп, аурухана, перинаталдық орталық және 12 мың орындық стадион салу жоспарлануда.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев атап өткендей, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік сая­саттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына Ба­тыс Қазақстан облысында ат­қа­рылған жұмыстар туралы баян­дадым. Президент өңірді одан әрі дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бойынша бір­қатар нақты міндеттер қойды. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс жү­йелі түрде жалғасуда, – деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, 2023 жыл­дан бері облыста 6,5 мыңға жуық жаңа пәтер пайдалануға берілген. Оның жартысына жуығы ауыл­дық жерлерде. Биыл жалпы құны 42,2 млрд теңге болатын тағы 2 402 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Орал тұрғындары үшін баспана мәселесі аса өзекті болып отыр. Қалада тұрғын үй кезегінде 27 мыңнан астам азамат тіркелген. Сондықтан әкімнің айтуынша, бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу қажет.

– Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына 200 пәтер, сондай-ақ кредиттік негізде 1000 пәтер беру жоспарланып отыр. Бұл – тұрғын үйдің халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағыт­талған нақты қадамдар, – деді Нариман Төреғалиев.

71 жастағы зейнеткер Дина Қа­расаева үшін жаңа пәтердің кілтін алу – көп жылдар бойы күт­кен арманының орындалуы. Бүгінде ол алғаш рет өзінің кең әрі жарық үш бөлмелі пәтерінің есігін ашып, көз жасын әрең ұстап тұр.

Бір кездері отбасы Орал қала­сының орталығында тұрған. Үй өте ескі болатын, ал 2008 жылы ол апатты деп танылды. Осыдан кейін тұрғын үй мәселесі тез ара­да шешіледі деген үміт болған. Алайда жылдар өтіп, отбасының қауіпсіз баспанасы болмады. Олар қала ішінде бір жерден екін­ші жерге көшіп, туыстары­ның үйін паналауға және уақыт­ша баспана жалдауға мәжбүр болды.

Зейнеткердің көршілері ре­новация бағдарламасына қаты­сып, жаңа пәтерлерге қол жет­кіз­ді. Ал Дина Қарасаеваның от­басы күтуін жалғастыра берді.

– Біз бұл баспананы 18 жыл күттік. Осы уақыт ішінде қанша­ма қиындықты бастан өткердік… Туыстарымыздың үйінде тұрдық, пәтер жалдадық. Бүгін өз баспа­намыз бар екеніне әлі де сене алмай тұрмын. Осы күнге же­туімізге кө­мектескен барша­ңыз­ға рақмет. Мұнда сондай жарық, кең әрі жайлы. Енді алаңсыз өмір сүруге болады, – дейді зей­неткер қуаныштан көз жасын тыя ал­май.

Мұндай отбасылар үшін жаңа пәтер – жай ғана шаршы метр емес. Бұл – қауіпсіздік, тұрақ­тылық және болашаққа жоспар құру мүмкіндігі. Әсіресе тұрғын үймен қамту шаралары қаланы кешенді дамытудың бір бөлігіне айналып отыр. Өйткені тұрғын үйлермен бірге адамдардың толыққанды өмір сүруіне қажетті әлеуметтік инфрақұрылым да қалыптасуда.

Өңір басшысы барлық жаңа қоныстанушыны құттықтап, оларға амандық, отбасылық ба­қыт пен береке тіледі. 35 отбасы үшін жаңа баспана шынымен де көптен күткен, талай қиындық­тан кейін келген және сондықтан да ерекше қуанышты өзгеріс­тердің символына айналды. 

Аида ҒАЛИЕВА,

Батыс Қазақстан облысы