Сел қаупі сейілген жоқ

Бүгінде Іле Алатауының етегінде орын тепкен Алматы шаһарын көрікті табиғаты айшықтап тұр. Десек те, қаланың таулы өңірде орналасуы тұрғындар үшін артықшылық қана емес, қауіп көзіне де айналған. Себебі мегаполисте және оған іргелес аумақта сел қаупін төндіруі мүмкін 80 учаске бар. Қазір таулы аймақтар маман­дардың ерекше бақылауына алынған.

Сарапшылардың болжамынша, қазір Ал­ма­­тыдағы гидро­ме­тео­ро­ло­гия­лық жағдай тұрақты. Алайда барлық қауіпті учаске мен су нысандары табиғат сақ­шы­лары­ның назарына алын­ған. Олар жағдайдың құбылуына қа­рай мониторинг қарқыны кү­шейтіліп, қажетті алдын алу ша­ралары жедел түрде қа­был­дана­тынын мәлімдеп отыр. Бұл туралы газетімізге «Қаз­сел­денқорғау» ММ Алматы қа­лалық басқармасы Монито­ринг және құлақтандыру бө­лі­мінің басшысы Айдана Дайыр­баева айтып берді. 

– Биыл Алматы қаласы мен оған іргелес таулы аумақ­тар­дағы сел жағдайы көп­жыл­дық орташа көрсеткіштер ше­гінде қалыптасып отыр. Де­генмен шілде айының ба­сын­да ауа температурасының жо­ғарылауы, қар мен мұз­дық­тардың қарқынды еруі және кейіннен жауын-шашынның түсуі жағдайды біршама күр­де­лендірді. Соның салдарынан шілде айының алғашқы он­күндігінде Алматы қаласы мен Алматы облысының ау­ма­ғындағы бірқатар өзенде су деңгейі мен су шығынының жо­ғарылауы байқалды, – деді ол.

Тұрғындар мен турис­тер үшін сақтықты қа­жет ететін не­гізгі кезең – мау­сым, шілде жә­не тамыз ай­лары. Бірақ сел қау­пін тек бел­гілі бір айлармен шектеу мүм­кін емес. Ай­да­на Дайырбаева мұны табиғи құбылыс­тың жыл сайын әр­қа­лай қа­лып­тасуымен байланыстырды.

– Алматының таулы ау­мақ­тарында сел қаупі қар мен мұздықтардың белсенді еруі­не, сондай-ақ мореналық көл­­­­дердің сумен толу кезеңіне бай­ланысты қалыптасады. Осы­ған байланыс- ты қауіпті ке­зең шартты түрде мамыр айы­ның екінші жартысынан 15 қыркүйекке дейінгі ара­лық­ты қамтиды. Бұл кезең ішін­де қауіп деңгейі ауа райы жағ­дайына қарай өзгеріп оты­ра­ды. Әсіресе ауа температурасы жоғары болғанда, қар мен мұздықтардың еруі кү­шей­генде және нөсерлі жа-уын-шашын түскен уақытта сел қаупі артады. Сондықтан таулы аймақ­тарға шығатын азаматтарға ауа райы болжамы мен ресми ескертулерге назар аударып, белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынамыз, – деді маман.

Шаһарда сел қаупі бар учас­келердің пас­пор­­ты жыл сайын жаңар­ты­лып отырады. Мамандардың сөзінше, табиғи жағдайлардың өз­геруіне байланысты нақ­ты­лау жұмысы қоса жүргізіледі. Ресми дерекке сәйкес, бүгінде Ал­маты қаласы мен оған ір­гелес аумақтарда 80 сел қаупі бар учаске анықталған. Атал­ған учаскелер Ақсай, Қарғалы, Үлкен Алматы және Кіші Ал­маты өзен­дерінің алап­тарын­да шоғырлан­ған. Осы рет­те Айдана Дайырбаева ерек­ше бақылауға алынған бас­ты қауіпті аудандарды ата­ды. 

– Алматы қаласының ау­ма­ғында сел қаупі негізінен қаланың таулы және тау бөк­те­ріндегі аудандарды қам­ти­ды. Дәлірек айтсақ, Медеу, Бос­тандық және Наурызбай ау­дандарының таулы учас­ке­лері қазір ерекше бақы­лауда. Бұл аумақтарда өзен арна­ла­ры­ның, сел қаупі бар учас­ке­лердің, гидротехникалық жә­не селден қорғау құрылыс­та­ры­ның жай-күйіне тұрақты мо­ниторинг жүргізіледі, – де­ді А.Дайырбаева.

Одан өзге жауаптылар сел қау­пін сейілту үшін море­на­лық көлдерде алдын алу жұ­мы­сы жүргізілетінін атап өтті. Мекеме қызметкерлерінің сө­зінше, бұл жұмыс барысын­дағы ең күрделі мін­деттердің бірі. Биыл осындай 6 көлде ке­шенді инже­нерлік-профи­лак­тикалық шаралар қарасты­рыл­ған. Оның қа­та­ры­­на Ақсай бас­сейніндегі №8, №9, №10 көл­дері, Кіші Ал­маты бас­сей­­нін­дегі №6 кө­лі және Үлкен Ал­маты бас­сей­ніндегі №10, №13-бис көлдері кіреді.

«Қазселденқорғау» ММ өкіл­дерінің мәліметінше, қа­зіргі кезеңде сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы 20 ба­қылау бекетінен мониторинг жүргізіледі. Осыған сәй­кес, олар өзендердегі су дең­гейі мен су шығынын, ауа райы жағдай­ын, жауын-шашын мөлше­рін, қар мен мұз­дықтардың еру қарқыны мен таулы аумақтардағы жалпы гидрологиялық жағдайды қа­да­ға­лап отырғанын жеткізді. Бақылау кезінде автомат­тан­дырылған мониторинг жүйе­лері пайдаланылады.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы