Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жыл басынан бері өңірде 60 мыңнан астам азамат жұмыспен қамту шараларына тартылып, оның 30 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Бұл – өңір тұрғындарының табысын арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың нақты нәтижесі.
Өңір экономикасын дамыту және жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруда өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және инфрақұрылым салаларына басымдық беріліп отыр. Инвестициялық жобаларды іске қосу, өндіріс орындарын кеңейту және жаңа кәсіпкерлік нысандарын ашу арқылы еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді арттыру көзделген. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында биыл 74 516 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бұл көрсеткіш облыстың экономикалық белсенділігін арттырумен қатар тұрғындардың тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жұмыспен қамту мәселесі Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Басқосуда өңірлік жұмыспен қамту картасының орындалуы, халықты нәтижелі еңбекке тарту, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру, әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігі қаралды. Сонымен қатар азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына сапалы орналастыру, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру және бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Басты міндет – еңбекке қабілетті азаматтарды тұрақты табыс әкелетін жұмыспен қамтамасыз ету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өңір экономикасының жаңа секторларын дамыту шараларымен сабақтастықта жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, жұмыс орындарының саны ғана емес, облыстың өндірістік әлеуетін, экономикалық белсенділігі мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мүмкіндіктер де кеңейе түседі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы