Кеудесі хат, естігені жад болған

Бүгін – Дүниежүзілік фольклор күні. 1846 жылы 22 тамызда британ ғалымы Уильям Томс folk-lore терминін тұңғыш рет ғылыми қолданысқа қосқан. Содан бері дәл осы дата әлемде халық шығармашылығын ұлықтайтын атаулы күнге айналды.

Қазақтың ғасырлар бойы қордаланған ауыз әдебиеті де ешкімнен кем емес. «Оқуға сенген – ұмытшақ, жазуға сенген – жаңылшақ» дейтін көшпелілер ақпаратты жазып қалдырғанша санада сақтауды жөн көрген. Ондаған жыр-дастан, жүздеген аңыз-ертегі, мыңдаған мақал-мәтелді, арғы-бергі ақын-жыраулар мұрасын жатқа айтқан ата-бабамыз ұлан-ғайыр кітапханаларды жадына тоқыған. Түсінген адамға қазақ фольклоры – шет-шегі жоқ ұшан дария. Тереңіне сүңгіп, түбіне үңілген сайын жаңа қырынан жарқырайды.

Ой асылын сүзіп, сөз маржа­нын тізіп, Асан қайғы, Бұқар жырау, Махамбет, Абай­ларды туғызған халқымыз қылыш қимайтын күрмеуді тілмен шеш­кен. Тура сөзді бала айтты ма, шал айтты ма, хан айтты ма, қара айтты ма – қазақ оны тергеп-тексермей, уәжге жығылатын. Сертке сеніп өскен жұртымыз қағаздасып, хат­та­сып отырмай-ақ, бүкіл шаруасын бір ауыз лепеспен тындыратын. Жердің дауын да, ердің құнын да қисынды, жүйелі кесіммен қайы­ратын. Қазақ тарихы арнайы жыл­на­маға тіркеліп, шаң басқан архив­терде қатталмаса да, ғасырларды көк­тей өтіп, ауызекі түрде ұрпақ­тан-ұрпаққа ұласқан, оның ішінде аңыз, ертегі, қисса, толғау, мақал-мәтел, жаңылтпаш, жұмбақтың өн бойында өрілген. Осы орайда ағылшын жазушысы Джеймс Чер­чвард көшпелілер хақында «кітап-адамдар» теориясын ұсыныпты. Автор бұл тұжырымда номадтар­дың ауызша дәстүрін жай ғана өнер емес, деректерді кодтаудың кешенді жүйесі деп қарастырады. Зерттеушінің пікірінше, даладағы жылжымалы кітапхана секілді же­ке­леген тұлғалар ақпараттық банк қызметін атқарған. Жар асты­нан жау шыға келетін қым-қуыт заман­да көшпелілер дүние-мүлікке бай­ла­н­ған жоқ. Жиған-тергенінен бір-ақ күнде айырылуы мүмкін ек­ен­ін түйсініп (тып-типыл жой­ыл­ған Александрия, Бағдат, Отыр­ар кітапханаларын еске түсірейік), қашанда қамданып жүрген. Сон­дықтан мәдени, өр­кени жетістікте­рін ең сенімді қоймада – миында ұстаған.

Қазақтың есте сақтау қабілеті­не ерекше тоқталған Шоқан Уәли­ханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» еңбегінде: «Байтақ даланың әр шалғайындағы өлең-жырлар еш өзгеріссіз қайталана­тынын қайтерсіз! Көшпелі са­уатсыз ортадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны – адам айтса нанғысыз қасиет, бірақ күм­ә­нсіз шындық!» – деп таңдай қа­ғып­ты. Ал Мәшһүр Жүсіп бабамыз: «Естігенін ұмытпайтын құлағының тесігі бар, кеудесінің есігі бар, ұқпақұлақ жандар болған. Сондай жандардың айтуымен кеудесі хат, естігені, көргені жад болған қария­лар кейінгіге ауыздан-ауызға алып айтуымен үлгі-өсиет қалдырған», – депті.

Жалпы, адам зердесі жоқтан өзгені сіңіре беретін жаны жоқ қа­ғаз емес. Ол тек ақыл-ойдың інжу-маржанын іріктеп алып, табиға­тына жат нәрсені әсте қабыл­дамай­ды. Бейне бір теңіз сынды өз-өзін тазартып тұрады. Өзенмен ағып келген жапырақ-жаңқаны, кір-қоқысты толқынмен шайып, жағалауға шығарып тастайды. Өйт­кені ауызша мәдениетте жад дегеніміз – ақпаратты эстетикалық және идеологиялық жағынан өңдейтін когнитивті сүзгі. Яғни көркемдік қуаты жоғары, мазмұны бай, ырғағы мінсіз, қоғамға нақты пайдасы бар өміршең мәтіндер ғана өз уақытынан озады да, басқа­сы тез ұмытылады.

Фольклор тарихы тым ерте­ден тамыр тартады. Бірту­ар ғалым Едіге Тұрсыновтың сөзі­мен айтқанда: «ол әдебиеттен қы­рық мың жыл үлкен». Көшпелі қоғам тыңдаушысын тәнті қылма­ған, табан астында тауып айтпаған өлеңді, майын тамызып айтпаған әңгімені өнер деп танымаған. Сол себепті Ұлы далада ауызша мәде­ниеттің классикалық дәрежеде даму­ына даңғыл жол ашылған. Ха­лық­тың тарихи зердесі, фило­софиялық ой-түйіндері, педагоги­ка­лық тәжірибесі, адамгершілік нормалары, көркемдік сұраныс­тары фольклорға жүктелген. Мысалы, «Судың да сұрауы бар» деген мақалды заманауи тілмен ресурстарды тиімді басқару кодексі десек, «Аяз би», «Тазша бала» ерте­гілерін әлеуметтік лифт, мерито­кратия қағидаларын бекітетін ин­ди­катор деуге болады. Қазыбек бидің: «Бiз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз...» – деп басталатын тол­ғауы Қазақ хандығының сырт­қы саяси доктринасын, диплома­тиялық мәртебесін айқындаған құқықтық-мемлекеттік манифест іспетті.

Әрине, жазба әдебиет те – сөз өнерінің арналы бір саласы. Оның өзіне тән артықшылығы көп. Кем­шілігі де баршылық. Біріншіден, жазбаша мәдениеттің тұтынушысы сауатты болуға міндетті. Хат таны­майтын қараңғы адамға жол жа­бық. Екіншіден, автор ана жақта, оқырман мына жақта, екеуінің арасын орасан кеңістік, кейде ұзақ уақыт бөліп жатады. Былайша айтқанда, автор мен оқырман өз беттерімен өмір сүреді. Филосо­фия­лық тұрғыда ол екеуінің қа­рым-қатынасы «өгей байланыс» деп аталады. Ауызша мәдениеттің жөні бөлек. Мұнда жыршы мен тыңдаушы бетбе-бет дидарласып отырады. Ғалымдар бұл құбылысты «етене байланыс» деп сипаттайды. Жыршы аудиторияның көңіл-күй­ін бірден сезінеді. Тыңдаушының реакциясы жырдың созылуына, импровизациялық өрнектердің көбеюіне немесе азаюына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар тыңдау­шы естігенін есте сақтаумен шектел­мей, ғибратты сөзді іліп әкетіп, жетілдіріп, өңдеуге хақылы. Фольклордың өзіне ғана тән өзегі осында.

Британиялық әдебиетші Аль­берт Лорд: «Жазбаша мәдениет – ауызша мәдениеттің көрін қазушы», – деген тұжырым түйіпті. Зерделі зерттеуші XX ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Еуропа елдерін аралап, атақты жыр­шылардың көзін көрген, жыр­лау техникасын, дауыс ырғ­ағын, мақам-мәнерін бақылаған, олар­мен адам жадының құпиясы жай­ын­да сұхбат құрған. Лорд мырза көне эпостарды жаңғыртып, кофе­ханада нәпақасын айырып жүрген балқандық жыршы Авдо Медже­довичтің 12 мың жол­дық репертуа­рына тамсанып, оны ұлы Гомерге теңейді. Осыны ойла­ғанда «бұл ғалым 150 мың жолдан тұратын «Қырымның қырық баты­рын» алты ай жырлап тауыса алма­ған қазақ­тың Мұрын жырауымен кездессе, қалай таңғалар еді?» деген сұрақ туады.

Фольклор – қазақ әдебиетінің, қазақ мәдениетінің алтын діңгегі, қайнар көзі. Мұхтар Әуезов өзінің Абай туралы монографиясында: «Кемеңгер ақынның өз халқынан және жалпы адам баласының өнер-ой байлығынан алған үш үл­кен салалы түп төркіні барын бай­қай­мыз. Мұның біріншісі – қазақ халқының есте жоқ ескі заманнан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры. Ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті», – деп жазған. Иә, ұлы ойшылдың өзіне дейінгі күллі сөз байлығын саралағаны күмәнсіз. Ары қарай тағы Әуезовтің сөзімен жалғасақ: «Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұра­ларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді. Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмыт­пау, ел сөзінде оларды керекке жа­ра­тып, әңгіме арасына кірістіріп отыру – шешендерге көп жайылған әдет еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен болып көріне бастайды», – депті жазушы. Әйгілі Максим Горькийдің қалам­гер қауымға: «Ауыз әдебиетінің тіл байлығын пайдаланыңдар, одан үйреніңдер», – деп ақыл қосатыны да содан.

Жат жұрттың қабағына жалтақ­тап, жарым көңіл, жарты құрсақ күн кешкен қилы кезеңде қаншама қазынадан айырылдық, қаншама ділмардың жауһар мұрасы құмға сіңген судай жоғалып кетті. Деген­мен аман қалған жұқана-жұрнақ­тың өзі оңай олжа емес.

2014 жылы «Бабалар сөзі» жүз томдық жинағының тұсауы кесілді. Сарғайып көнерген, жырымдалып жыртылған қолжазбаларды шұқ­ши­ып оқып, араб, латын қарпіндегі мәтіндерді кирилл жазуына қотарған ғалымдардың жанкешті еңбегі ақталды. Нәтижесінде, эпос­­тық жырлардың 63 томы жарық көрді. Оның 10 томы – Қытай қазақтарының фольклоры. Бұл топтамаларда 52 хикаялық, 65 діни, 57 ғашықтық дастан, 95 та­рихи, 47 шежірелік, 4 топоним­дік, 103 батырлық, 10 аңыздық жыр қамтылды. Кейінгі томдар қазақ фольклорының шағын жанрла­рына арналды. Атап айтқанда, 64-томға – 2 279 жұмбақ, 65-69-­том­дарға – 27 577 мақал-мәтел, 70-71-томдарға – 6 771 шумақ қара өлең, 72-77-томдарға – 531 ертегі, 78-томға – 77 миф, 79-томға – Моңғолия қазақтарының фольк­лоры, 80-88-томдарға – 370 топо­нимдік, 320 шежірелік, 356 күй, 612 тарихи аңыз кірді.

Дүние дидарында фольк­ло­рын мұндай көлемде жинап бастырған ел жоқтың қасы. Бірлі-жарым мысалдарды тізбе­лесек, әртүрлі тілден құралған Қы­тайдың 300 томдық халық әде­биеті жинағы, Ирландияның 1 000-нан астам қолжазба томынан тұратын ұлттық архиві, Тибеттің 332 томдық «Ганжур» мен «Дан­жур» канондары, Финляндияның 33 томдық SKVR поэтикалық жина­ғы ғана ойға оралады. «Баба­лар сөзінің» тағы бір артықшылығы – мәтіндердің артық өңдеуге ұшырамай, фонограммалық һәм қолжазбалық түпнұсқаларға мей­лін­ше сәйкес басылуында. Осы­ның арқасында тілдің тарихи лек­си­коны, диалектологиялық қат­пар­лары сақталды. Жүз томнан қазақ халқының тарихи пайымын, әдет-ғұрпын, дүниетанымын, философиялық, көркемдік көз­қара­сын, қысқасы, кешегі ұлт өмірі­нің жалпы болмысын, тұтас көрінісін анық аңғарамыз. Көл-көсір мұра тарихшыларға, психо­логтарға, қоғамтанушыларға, мә­дениеттанушыларға, әдебиет­ші­лерге, журналистерге, тілші-ғалым­дарға, этнографтарға ауадай қажет. 

Қазақ халқы өзінің тарихи жадын ХХ ғасырдың жуан орта­сы­на дейін көмескілей қойған жоқ. Көнекөздердің көкірегінде сайра­ған ескі де есті сөздер қоғамның рухани сұранысын өз деңгейінде өтеді. Бірақ бұрынғы кәріқұлақ қария­ларды қазір кеңестік идео­логия құрсауында тәрбиеленген ұрпақ алмастырды. Қызыл импе­рия кезінде дәстүр сабақтастығы тәрк етілді. Ауыз әдебиеті «ескі­ліктің зиянды қалдығы» ретінде шеттетілді. Сөйтіп, өз тарихы ту­ра­­лы халықтың өзі айтатын небір құнды мәлімет, дәстүрлі таным үлгілері ұмытыла бастады. Алайда бүгінгі медиа аудио-виз­уал­ды жолға бет бұрған. Техноло­гиялық өзгеріс ауызша тілдің де көсегесін көгертуге тиіс. Ендігі жер­де қазақ фольклорын цифрлан­дырып, креативті экономикаға (кинема­тография, компьютерлік ойындар, анимация, этно-музыка) бағдарлау керек. Сөзімізді режис­сер Питер Бруктың болжамымен түйіндесек: «Адамзат ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір түсінеді: әлемнің болашағы – ауызша мәдениетте».

Еркебұлан НҰРЕКЕШ