Ақан Абдуалиев, «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры: Ұлттық музыкамыз танылатын сәт туды

Халықаралық баяншылар мен аккордеоншылар байқауы биыл бірінші рет Қазақстанда өтеді. Бұл – тұтас Орталық Азия кеңістігінде алғаш ұйымдастырылып жатқан ауқымды музыкалық форум.

Әлемнің әр қиырынан жиналатын өнерпаздардың басын қосатын байқау отандық орындаушылық мектептің беделін арттырып, қазақ өнерін халықаралық деңгейде танытуға тың мүмкіндік береді. Осы орайда «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Абдуалиевпен айтулы өнер додасының мән-маңызы, ерекшелігі және еліміз үшін берер мүмкіндігі жөнінде әңгімелескен едік.

– Ақан Жылқышыбайұлы, биыл Қазақстанда алғаш рет «Coupe Mondiale 79» халықаралық баяншылар мен аккордеоншылар байқауы өтеді. Бұл оқиғаның еліміз үшін маңызы қандай?

– Coupe Mondiale – ондаған жылдық тарихы бар, әлемдік баян және аккордеон өнерінің кәсіби дамуына ықпал етіп келе жатқан беделді халықаралық алаң. Бұл байқаудың тарихы өткен ғасырдың бірінші жартысынан басталады. Халықаралық аккордеонистер конфедерациясы CIA 1935 жылы Парижде құрылған. Ұйымның негізгі мақсатының бірі аккор­деонның кәсіби музыка әлеміндегі мәртебесін көтеру, орындаушылық мектепті дамыту және талантты му­зыканттарға халықаралық дең­гейде жол ашу болды. Ал алғашқы Coupe Mondiale 1938 жылы ұйымдастырылды. Содан бері бұл жоба белгілі бір жылдары ғана өтпей қалғаны болмаса, жыл сайын үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Биылғы байқаудың географиясы да өте кең. Іс-шараға халықаралық деңгейдегі музыканттар, мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, қазы­лар алқасының мүшелері мен рес­ми делегаттар қатысады. Қазіргі мә­лімет бойынша 21 елден сарап­шылар келеді, сондай-ақ 16 елден қатысушылар өтінім берген. Жалпы, байқау мен халықаралық конгресс аясын есептегенде, қырық­қа жуық мемлекет өкіл­дерінің басын қосу жоспарымыз бар. Астанаға CIA президенті Мирко Патарини, вице-прези­денттер Ли Цонг пен Зорица Кара­кутовска, халықаралық ұйымның жетекші өкілдері Харли Джонс, Кевин Фридрих, Грейсон Мэйс­вильд және басқа да халықаралық мамандар келеді деп жоспарланып отыр. Бұлар – қазіргі әлемдік аккордеон өнерінің дамуына тікелей ықпал етіп жүрген кәсіби қауымдастық өкілдері.

Бұл байқау әр қатысушыға даңғыл жол ашады

– Байқаумен қатар CIA делегат­тарының 156-шы Конгресі өтеді. Бұл жиынның ерекшелігі қандай?

– Бұл – жобаның аса маңызды бөлігі. Конгресс – халықаралық кәсіби қауымдастық үшін маңызды мәселелер талқыланатын алаң. Әлемнің әр еліндегі аккордеон өне­рі­нің қазіргі жағдайы, орындаушы­лық мектептердің дамуы, халық­ара­лық жобалар, кәсіби бай­­ла­­ныс­­тар және алдағы баста­ма­лар секілді бағыттар осы ортада тоғысады. Алдағы байқауларға қандай өзгерістер енгізілуі қажет деген сияқты мәселелер ортаға салынады. Баян мен аккордеон аспабының әлемдік классикалық музыкадағы орны айқындалып, соған байланысты пікір мен ұсыныстар айтылады. Міндетті түрде мастер кластар өткізіледі. Бұл әрине, байқауға қатысуға келген жас орындаушылар үшін өте маңызды әрі үлкен мүмкіндік дер едім.

– Байқау бағдарламасына тоқ­талсаңыз.

– Coupe Mondiale бағдарламасы әртүрлі орындаушылық бағыттарды қамтиды. Негізгі Coupe Mondiale санатымен қатар Masters Coupe Mondiale және Junior Coupe Mondiale өтеді. Сонымен бірге вир­туоз­дық эстрадалық музыка бойынша халықаралық конкурс, оның жас­өспірімдер санаты, классикалық музыка ансамбльдерінің халық­аралық байқауы және World Music бағытындағы ансамбльдер сайысы қарастырылған. Бұл формат аккор­деонның мүмкіндігі тек классика­лық репертуармен шектелмейтінін көрсетеді. Бес күндік бағдарлама өте тығыз әрі мазмұнды. Сонымен қатар әлемге танымал баяншылар мен аккордеоншылардың шығар­ма­шылық шеберлік сабақтарын ұйымдастыру көзделген. Біз осы бағытқа ерекше мән беріп отырмыз. Өйткені жас музыкант үшін әлемдік деңгейдегі орындаушыны сахнадан тыңдау бір бөлек болса, онымен тікелей жұмыс істеп, кәсіби кеңес алу – мүлде басқа тәжірибе.

– Құзырлы министрлік тарапы­нан қандай қолдаулар бар, халық­аралық байқау өткізу көп қаражатты қажет етпей ме? 

– Ең алдымен конфедерация тарапынан Мәдениет және ақпарат министрлігіне байқауды Қазақ­станда өткізу туралы хат келіп түскен болатын. Осыдан кейін министрлік өзі тікелей қолдап, байқауды ұйымдастыруға пәрмен берген еді. Әрине, мұндай дең­гей­дегі халықаралық байқауды өткізу үшін қыруар қаражат керек. Біз өз мүмкіндіктерімізге қарай бюджет­тен аздаған қаржы бөлдік, бірақ 60-70 пайыз демеушілердің қаража­тымен атқарып отырмыз. Мәселен, басты демеушіміз Halyk bank болып отыр.  

– Қазақстандық музыканттар үшін бұл байқаудың практикалық пайдасы қандай? 

– Жалпы, кез келген музыка­лық байқау категорияларға бөлі­неді. Әлемде беделді байқаулар бар, мысалы Мәскеу мен Санкт-Пе­терборда өтетін әлемдегі ең таны­мал академиялық музыка кон­курстарының бірі – П.Чайковский атындағы халықаралық конкурс, Аустрияның Зальцбургында, Моцарттың туған қаласында өтетін халықаралық академиялық музыка конкурсы – International Mozart Competition Salzburg сияқты бай­қауларға қатысып, орын алған  орындаушылар қай уақытта да көптеген қолдауларға ие болады. Сол сияқты бұл байқау да әлемдік музыканың жоғары сатысында тұрған, мәртебесі мол жиын. Әр қатысушының болашағына да даңғыл жол ашатыны сөзсіз. Бірақ бұл жиынның ерекшелігі байқау­дың барлық ережесін конфедерация өзі жасайды. Қазақстанның мә­дениетінің бірнеше сатыға жо­ғарылағанын дәлелдеп, көрсете алатын үлкен жоба. 

Қонақжайлығымыз бен мәдениетімізді танытуға тиіспіз

– Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен баян-аккордеон өнерінің арасында қандай байланыс бар?

– Баянды бізде сырнай деп айтады. Бірі клавиштік, бірі түймелі аспап демесеңіз, екеуі бір аспап. Адырна мен жетіген, қылқобыз бен прима-қобыз, біздің қос ішекті дом­быра мен үш ішекті домбыра секілді бір-біріне өте жақын музы­калық аспаптар. Баяғыдан баян және аккордеон орындаушылық мектебінің өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар. Бұл аспаптар қазақ музыкасына жат емес. Керісінше, өткен ғасырдан бері халық әндері мен күйлерін, композиторлық шығармаларды орындауда кеңінен қолданылып келеді. Қазақтың дәстүрлі музыкалық ойлау жүйесі өте бай. Домбыра мен қобыздан бастау алатын ұлттық интонация­ларымыз басқа аспаптардың орын­даушылық мүмкіндігімен тоғыс­қанда жаңа бояу пайда болады. Сондықтан халықаралық му­зыканттардың Қазақстанға келуі біржақты үдеріс емес. Біз олардан әлемдік тәжірибе үйренсек, олар да Қазақстанның ұлттық музыкасын, орындаушылық дәстүрін және заманауи мәдениетін жақынырақ таниды. 

– «Қазақконцерт» үшін осындай көлемдегі халықаралық жобаны ұйымдастыру қаншалықты жауапты міндет?

– Жауапкершілігі өте жоғары. Біз бір ғана концертті емес, бірнеше күнге созылатын халықаралық деңгейдегі кешенді жобаны өткізіп отырмыз. Қатысушыларды қарсы алудан бастап, марапаттау мен жабылу рәсіміне дейінгі әрбір бағыт мұқият үйлестіруді талап етеді. Оның үстіне, біздің алды­мыз­да тек ұйымдастырушылық міндет тұрған жоқ. Біз қонақтарға Қазақ­станның қонақжайлығын, мә­дениетін, кәсіби ұйымдастыру­шылық деңгейін көрсетуге тиіспіз.

– Байқаудың Астанада өтуі елорданың мәдени имиджіне қалай әсер етеді?

– Тоғыз жолдың торабында, Орталық Азияның жүрегінде орналас­қан көрнекті, заманауи қалаға әлемнің біршама мемле­кетінен музыканттар мен сарап­шылардың елордаға келуі қаланың халықара­лық мәдени байланыс­тарын кеңей­теді. Олар Астананы көреді, Қазақ­станмен танысады, біздің мә­­де­ниетіміз бен өнеріміз туралы өз елдеріне жаңа әсер алып қай­тады. 

– «Coupe Mondiale 79» аяқтал­ғаннан кейін қандай мұра қалуы керек деп ойлайсыз?

– Бұл байқаудан кейін Қазақ­стан халықаралық баян және аккордеон қауымдастығының картасында бұрынғыдан да айқын көрінуі керек. Қазақстандық орын­даушылардың халықаралық бай­қауларға  қатысуы артып, шетелдік музыканттармен бірлескен жоба­лар пайда болып, ұстаздар мен оқу орындары арасында кәсіби бай­ланыстар жалғасса, біз үшін ең үл­кен нәтиже сол болады. Сонымен бірге бұл оқиға жас музыканттарға үлкен мотивация береді деп сенемін. Өнердегі үлкен жол көбіне осындай әсерден басталады. Қазір­дің өзінде осы байқаудың Астанада өтетін есітіп, қызығушылық таны­тып жатқандар да бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ