Бұл туралы Аналитикалық несие рейтингтері агенттігі (АКРА) Қазақстанның қаржылық стресс индексіне арналған шолуында мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Агенттік сыртқы сауда балансының нашарлауын негізгі тәуекелдердің бірі ретінде атап отыр. Таза экспорттың қысқаруы ағымдағы шот тапшылығын ұлғайтып, ұлттық валютаға қосымша қысым жасауы ықтимал.
Қазақстанның ағымдағы шот тапшылығы 2026 жылдың бірінші тоқсанында $2,01 млрд болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш $1,04 млрд еді. Яғни тапшылық бір жылда шамамен екі есеге өскен.
АКРА сарапшылары экспорттық валюталық түсімнің азаюы да тәуекел екенін атап өтті. Бұл корпоративтік сектордың қарыз жүктемесін өтеу мүмкіндігін әлсіретуі мүмкін.
Сонымен қатар теңге бағамының құбылмалылығы жоғары деңгейде қалып отыр. Сарапшылар валюта нарығына әлемдік саудадағы белгісіздік, протекционизмнің күшеюі және мұнай бағасының құбылуы әсер етуі мүмкін деп есептейді.
Шілде айының басында қаржылық стресс индексі көктемгі өсімнен кейін біршама төмендеген. Дегенмен оның деңгейі 2024-2025 жылдардағы көрсеткіштерден әлі де жоғары.
Соған қарамастан, АКРА Қазақстан қаржылық дағдарыс шегінде тұр деп есептемейді. Агенттік қазіргі тәуекелдердің негізінен сыртқы факторлар мен нарықтағы құбылмалылыққа байланысты екенін атап өтті.