Қазақстанда базалық мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты банктер депозиттердің кірістілігін біртіндеп қысқарта бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кейбір салым түрлерінде мөлшерлеме бірден 6,5 пайыздық тармаққа төмендеп, жылдық 5,3%-ға түскен. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) хабарлады.
Екінші тоқсанның басында кей банктер жеке тұлғаларға 20-20,5% мөлшерінде сыйақы ұсынған. Алайда Ұлттық банк маусымда базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға, шілдеде 16,75%-ға дейін түсірді. Осыдан кейін депозит мөлшерлемелері де төмендей бастады.
Ең үлкен өзгеріс 24 айдан ұзақ мерзімге ашылатын, толықтыруға болатын депозиттерде байқалды. Олардың кірістілігі 6,5 пайыздық тармаққа азайып, 5,3%-ды құрады. Ал 6-12 айлық толықтырылатын салымдардың мөлшерлемесі керісінше 15,2%-ға дейін өсті.
Соған қарамастан, халық депозиттерін азайтқан жоқ. Екінші тоқсанда жеке тұлғалардың салымдары 1,9 триллион теңгеге немесе 7%-ға өсіп, алғаш рет 30 триллион теңгеден асты. Бір жыл ішінде депозиттер 18,3%-ға көбейген.
Жаңа салымдардың 96%-ы теңгемен ашылған. Соның нәтижесінде халық депозиттеріндегі валюталық салымдардың үлесі алғаш рет 20%-дан төмендеп, 19,8%-ға түсті.
ҚДКБҚ бағалауынша, депозит мөлшерлемелерінің әрі қарай төмендеуі халықтың банктерден жаппай ақша алуына әкелмеуге тиіс. Депозиттер қазақстандықтардың негізгі жинақ құралдарының бірі болып қалып отыр.