Қазақстанда 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Жыл басынан бері бағдарламаға 9,2 мыңнан астам адам қатысып, биылғы жоспардың 92 пайыздан астамы орындалды.
Жоба аясында жұмысқа орналасқандар саны бойынша Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе және Жамбыл облыстары көш бастап тұр. Қатысушылардың 54,4 пайызы – әйелдер, ал 63,2 пайызы – ауыл тұрғындары.
«Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан, жұмыс іздеп жүрген және Мансап орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар қатыса алады. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу мерзімі 36 айға дейін созылады.
Жоба аясында мемлекет жұмыс берушіге қызметкер жалақысының бір бөлігін субсидиялайды. Ай сайынғы субсидия көлемі 30 АЕК-тен аспайды.
Субсидия мөлшері үш жыл ішінде біртіндеп төмендейді:
-бірінші жылы – жалақының 70 пайызы;
- екінші жылы – 65 пайызы;
- үшінші жылы – 60 пайызы.
Бағдарламаның басты талаптарының бірі – жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қызметкерді тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етуі тиіс.
Зейнеталды жастағы қатысушыларға бағдарлама аяқталған соң кемінде бір жыл тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Ал 58 жастан асқан азаматтар зейнет жасына жеткенге дейін жұмысын жалғастыра алады.