Шымкент бейқамдықтың зардабын тартты
Шымкент бейқамдықтың зардабын тартты
Елімізде коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі 13 наурызда Алматы қаласында анықталса, қазақы қай­мағы бұзылмаған 1 миллионға жуық тұрғыны бар үшінші ме­гаполисте осыдан тура 11 күннен кейін 24 наурызда кешкі сағат 21.40-та коро­навирус жұқтыру дерегі тіркелді. Қазақстандағы алғашқы деректен кейін бірнеше күн өтіп кеткен соң үрейі сейіле бастаған шымкенттік қалың жұртшылық үшін бұл хабар төбеден түскендей әсер етті. Мал-жайды жайғаған, кешкі астан кейін естілген суыт хабар бүкіл оңтүстік жұртын жаман түс көргендей аяғынан тік тұрғызды. Себебі барыс-ке­лісі, жүрісі көп оңтүстік өңірінің халқы қайнаған тіршілігінен әлі де қол үзе қоймаған еді. Ал мына ха­бардан соң ел дереу етек-жеңін жинап алды. Үрейге себеп болған тағы бір мәселе дерт жұқтырған азаматтың Нұр-Сұлтан қала­сынан жуырда ғана автобуспен келгені болды. Себебі 19 нау­рыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылады деген хабардан соң осынау екі қаладағы шымкент­тіктер жаппай елге ағылған-ды. Ендеше жұрттың үрейленуіне негіз бар. Елдің көкейінде қатерлі ауруды астанадан алып келген жолаушымен қанша адам бай­ланыс жасады, олар бүгінгі таңда айналасына ауру жұқтырып жүрген жоқ па деген сауалдар тұр­ды. Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбді­манап Төлебаев 1996 жылғы науқастың Нұр-Сұлтан қала­сынан 20 наурыз күні «Нұр-Сұл­тан – Жетісай» бағытымен жү­ретін 51 адам мінген автобуспен келгенін, қасында болған адам­ның барлығы да анықталып, оқшаулау жұмыс­тары жүргізілгені жөнінде ха­барлады. «Дүрбелеңге салынатын жағдай емес» деп жұртқа басу айтты қаланың бас санитары. Айта кетейік, науқастың жеке басы туралы толық ақпарат сол күні-ақ WhatsApp әлеуметтік желісінде тарап кетті. Ал ертесіне автобуста болған азаматтардың тізімі тарады. Бірақ мұны ресми органдар таратпағандықтан, ел арасында екіұдай пікірлер қалып­тасты. Жұртқа жедел тараған автобустағы жолаушылар тізі­мінің басым бөлігін Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының тұрғындары құраған. Одан соң, арасында Жетісай, Арыс, Сарыағаш, Қазығұрт, Ке­лес, Ордабасы, Отырар және Шар­дара ауданынан да азаматтар бар болып шықты. Қалай бол­ғанда мұндай тізімнің жария­ланып кетуі жауапты сала қыз­меткерлерінің жіберіп алған қа­телігі болса керек. Қанша жерден ресми емес, жалған деп шы­рыл­дағанымен мәліметтің ресми құ­жат екені байқалады.  

Тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды

Қош, сонымен ертесіне, яғни 25 наурыз күні Шымкент қа­ла­сында індетті жұқтырған тағы бір адам тіркелді. Ол алғашқы тір­кел­ген науқастың 1970 жылғы анасы болып шықты. 26 наурызға қара­ған түні Шымкент қала­сының әкімі М.Әйтенов қала тұрғын­дарына мәлімдеме жасады. Яғни, коронавирус жағдайына байла­нысты Шымкент қала­сындағы бүгінгі ахуалды ресми мәлімдеді. Қала әкімінің айтуынша, 20 наурыз күні кешкі сағат 23.30-да 4 азамат Шымкент қаласы Бек­жан автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47-сі Жетісай бағытына қарай сол автобуспен кеткен. «Жаман ін­дет­ті жұқтырған азамат 23 нау­рызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдап, ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағым­дан­ған. Бүгінде коронавирус індеті анықталған бұл азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көр­сетілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері отбасымен және 5 по­тенциалды қатынастағы аза­маттар оқшауланып, жұқпалы ау­рулар ауруханасына жатқы­зыл­ды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – Шымкент қалалары мен Түркіс­тан облысындағы аталған аза­матпен байланыста болған бар­лық азамат оқшауланып, бір­лескен шаралар ұйымдасты­ры­луда» деп атап өтті қала басшысы. Иә, қазіргі таңда індеттің ал­дын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тек­серуден өткізіп, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мақсатында кі­реберіс жол қақпаларға 12 сани­тарлық бекет қойылған. Қаладағы базар­ларда, сауда орталық­та­рында, автобустарда, қоғамдық орын­дарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезин­фекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізіліп, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру мін­деттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперде тігіліп, қала аумағын­дағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде. Сонымен қатар антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімін шығаруда. Автобе­кет­тердің, 26 наурыздан бастап балабақшаның барлығы жұмы­сын тоқтатты. «Қала аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалып, ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа, 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік ста­ционар дайындалды» деп атап өткен Мұрат Әйтенов қала тұр­ғындарын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилак­тикалық шараларды қатаң қолдануға, сақтық шарасы үшін үйлерінде болуға шақырды.  

Заңсыз тасымалдың салдары...

Біз COVID-19-ды Шымкентке алып келген азамат бойынша зерттеу жүргізіп көрдік. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орын­басары Е.Садыр бүгінгі таңда алғашқы тіркелген азаматпен байланыста болған 20 адам және екінші тіркелген азаматшамен байланыста болған 6 адам бүгінгі таңда оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алы­нғанын атап өтті. «Бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Белгілі болған автобус толық залалсыз­дандырылған. Қайтадан рейске шықпағаны белгілі болды. Ав­тобус Түркістан облысына қарай­тындықтан, бұл жұмыстарды Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе атқарып жатырмыз», – деді ол. Шымкент қаласы денсау­лық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде тіркелген 2 науқастың да жағдайы бірқалыпты. Коронавирус ин­фек­циясы анықталған ошақта кешенді эпидемияға қарсы іс-шаралар атқарылып, қорытынды залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілген. Ал індетті астанадан жұқты­рып келген азаматпен байланыста болған жолаушылар Түркістан облысының тұрғындары болған­дықтан, олардың қазіргі жағ­дайын Түркістан облысы әкімдігі арқылы білдік. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарла­уынша, 18 наурыздан бастап қо­йылған блок-бекеттердің жүйелі жұмысының арқасында Шым­кент – Нұр-Сұлтан бағытындағы «kz 646 FNB 13» регион нөмірлі автобустағы коронавирус жұқ­тырған азаматпен бірге келген 56 адамның нақты дерегі анық­талған. Көліктегі жолаушылар туралы толық ақпаратты Түркіс­тан облысы Түлкібас ауданындағы Шақпақ бекетінің қызметкерлері 20 наурыз күні жазып алған. Қа­зіргі кезде аталған азаматтар оқ­шау­ланыпты. Баспасөз қыз­метінің басшысы М.Мүсілім 56 адаммен байланыста болғандар да анықталып, медициналық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда осынша адамның өміріне жауап беретін жүргізу­шінің жолда жүру ережесін бақы­лайтын орган қызметкерлері не дейді? Шымкент қалалық жо­лау­шылар көлігі және автомоблиь жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев Нұр-Сұлтан қаласының «Шан­хай» базарынан жолаушыларды алып шыққан автобус еш жерде тіркелмегенін, заңсыз тасымал екенін атап өтті. Ал Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы басшысының орынба­сары Мақсат Мырзабаев бұл ба­ғытта заңсыз тасымалға ешқан­дай шара көре алмайтынын ай­тып, дәрменсіздік танытты. «Ешқандай автобекетке, фирмаға тіркелмеген мұндай автобустар лицензия алады да жұмысын жалғастыра береді. Бұл тұрақты бағыттағы автобус емес. Біз Президенттің Жарлығынан соң Алматы, Нұр-Сұлтан бағытын­дағы тұрақты бағыттағы авто­бустардың жүруін 17 наурыздан бастап тоқтатқанбыз. Мұндай автобустар әр жерден жолаушы жинап, жұмыс істей береді. Оларды тексеру, тіпті қосымша құжат сұрау да біздің құзырымызға кірмейді», – дейді ол. Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері автобуста болған барлық жолау­шыны тауып, дәрігерлерге тап­сырған. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлім­деуін­ше, карантин шараларынан соң ав­тобустың жүргізушісіне ӘҚБТК-нің 571-бабы «Жолаушы тасы­мал­дау ережелерінің бұзы­луы» бо­йынша шара қолданыл­мақ. Иә, Шымкент қаласындағы «Южавтотранс» қауымдас­тығы­ның төрағасы Дархан Қаюпов та жүргізуші жауапсыз әрекеті үшін тиісті жазасын алуы керек деп есептейді. «Алғаш естігенде қатты күйініп кеттім. Біз қашан тәртіпке бағынып, қашан жауапкерші­лікпен жұмыс істейміз? Зат емес, адам тасып жүр ғой. Автобус елордадан шығып жатқанда ол аймақтан қанша коронавирус індеті тіркелгенін біліп тұр. Заңсыз тасымалдан қанша зардап шексек те осы мәселе реттелмей қойды. Осындай тұрақты емес автобустарды жүргізбеу туралы жоғары жақа талай мәрте айттым. Тіпті, министрлікке де хатпен шыққанмын. Егер заңды тасымал болғанда жүргізушінің қолында жолаушылар туралы арнайы журнал болады. Техникалық та­лаптар сақталады. Енді міне, бар­мағымызды тістеп отырмыз», – деді Д.Қаюпов. Келешекте осынау індеттің беті қайтып, бірқалыпты өмір басталғанда жүйедегі жіберіп алған осындай қателіктеріміз бізге сабақ болып, бәрі реттеледі деп сенеміз. Әзірге үшінші мега­полис халқын дүр сілкіндірген бұл індет соңы болсын деп ті­лейік...  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы