Елімізде коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі 13 наурызда Алматы қаласында анықталса, қазақы қаймағы бұзылмаған 1 миллионға жуық тұрғыны бар үшінші мегаполисте осыдан тура 11 күннен кейін 24 наурызда кешкі сағат 21.40-та коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді. Қазақстандағы алғашқы деректен кейін бірнеше күн өтіп кеткен соң үрейі сейіле бастаған шымкенттік қалың жұртшылық үшін бұл хабар төбеден түскендей әсер етті. Мал-жайды жайғаған, кешкі астан кейін естілген суыт хабар бүкіл оңтүстік жұртын жаман түс көргендей аяғынан тік тұрғызды. Себебі барыс-келісі, жүрісі көп оңтүстік өңірінің халқы қайнаған тіршілігінен әлі де қол үзе қоймаған еді. Ал мына хабардан соң ел дереу етек-жеңін жинап алды. Үрейге себеп болған тағы бір мәселе дерт жұқтырған азаматтың Нұр-Сұлтан қаласынан жуырда ғана автобуспен келгені болды. Себебі 19 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылады деген хабардан соң осынау екі қаладағы шымкенттіктер жаппай елге ағылған-ды. Ендеше жұрттың үрейленуіне негіз бар. Елдің көкейінде қатерлі ауруды астанадан алып келген жолаушымен қанша адам байланыс жасады, олар бүгінгі таңда айналасына ауру жұқтырып жүрген жоқ па деген сауалдар тұрды. Шымкент қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Төлебаев 1996 жылғы науқастың Нұр-Сұлтан қаласынан 20 наурыз күні «Нұр-Сұлтан – Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен келгенін, қасында болған адамның барлығы да анықталып, оқшаулау жұмыстары жүргізілгені жөнінде хабарлады. «Дүрбелеңге салынатын жағдай емес» деп жұртқа басу айтты қаланың бас санитары. Айта кетейік, науқастың жеке басы туралы толық ақпарат сол күні-ақ WhatsApp әлеуметтік желісінде тарап кетті. Ал ертесіне автобуста болған азаматтардың тізімі тарады. Бірақ мұны ресми органдар таратпағандықтан, ел арасында екіұдай пікірлер қалыптасты. Жұртқа жедел тараған автобустағы жолаушылар тізімінің басым бөлігін Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданының тұрғындары құраған. Одан соң, арасында Жетісай, Арыс, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Ордабасы, Отырар және Шардара ауданынан да азаматтар бар болып шықты. Қалай болғанда мұндай тізімнің жарияланып кетуі жауапты сала қызметкерлерінің жіберіп алған қателігі болса керек. Қанша жерден ресми емес, жалған деп шырылдағанымен мәліметтің ресми құжат екені байқалады.
Тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды
Қош, сонымен ертесіне, яғни 25 наурыз күні Шымкент қаласында індетті жұқтырған тағы бір адам тіркелді. Ол алғашқы тіркелген науқастың 1970 жылғы анасы болып шықты. 26 наурызға қараған түні Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қала тұрғындарына мәлімдеме жасады. Яғни, коронавирус жағдайына байланысты Шымкент қаласындағы бүгінгі ахуалды ресми мәлімдеді. Қала әкімінің айтуынша, 20 наурыз күні кешкі сағат 23.30-да 4 азамат Шымкент қаласы Бекжан автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47-сі Жетісай бағытына қарай сол автобуспен кеткен. «Жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдап, ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған. Бүгінде коронавирус індеті анықталған бұл азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған 2 медицина қызметкері отбасымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азамат оқшауланып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда» деп атап өтті қала басшысы. Иә, қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Қалаға кіретін азаматтардың денсаулығын тексеруден өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіреберіс жол қақпаларға 12 санитарлық бекет қойылған. Қаладағы базарларда, сауда орталықтарында, автобустарда, қоғамдық орындарда және басқа да адамдар көп шоғырланатын жерлерде дезинфекциялық жұмыстар күніне 2 рет жүргізіліп, барлық қоғамдық орындарға бетпердемен кіру міндеттелді. Бетпердемен қамтамасыз ету үшін жергілікті кәсіпкерлермен бірге күніне 100 мыңнан астам медициналық бетперде тігіліп, қала аумағындағы дәріханалар мен базарларға жеткізілуде. Сонымен қатар антисептик өнімдерін шығаратын кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімін шығаруда. Автобекеттердің, 26 наурыздан бастап балабақшаның барлығы жұмысын тоқтатты. «Қала аумағында коронавирус инфекциясының жаппай таралу қаупі анықталған жағдайда әрекет етудің алгоритмі жасалып, ауруларды жатқызатын 170 орындық инфекциялық стационар құрылды. Бұдан басқа, 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды» деп атап өткен Мұрат Әйтенов қала тұрғындарын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң қолдануға, сақтық шарасы үшін үйлерінде болуға шақырды.Заңсыз тасымалдың салдары...
Біз COVID-19-ды Шымкентке алып келген азамат бойынша зерттеу жүргізіп көрдік. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Е.Садыр бүгінгі таңда алғашқы тіркелген азаматпен байланыста болған 20 адам және екінші тіркелген азаматшамен байланыста болған 6 адам бүгінгі таңда оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынғанын атап өтті. «Бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Белгілі болған автобус толық залалсыздандырылған. Қайтадан рейске шықпағаны белгілі болды. Автобус Түркістан облысына қарайтындықтан, бұл жұмыстарды Түркістан облысы әкімдігімен бірлесе атқарып жатырмыз», – деді ол. Шымкент қаласы денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінде тіркелген 2 науқастың да жағдайы бірқалыпты. Коронавирус инфекциясы анықталған ошақта кешенді эпидемияға қарсы іс-шаралар атқарылып, қорытынды залалсыздандыру жұмыстары толық жүргізілген. Ал індетті астанадан жұқтырып келген азаматпен байланыста болған жолаушылар Түркістан облысының тұрғындары болғандықтан, олардың қазіргі жағдайын Түркістан облысы әкімдігі арқылы білдік. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 наурыздан бастап қойылған блок-бекеттердің жүйелі жұмысының арқасында Шымкент – Нұр-Сұлтан бағытындағы «kz 646 FNB 13» регион нөмірлі автобустағы коронавирус жұқтырған азаматпен бірге келген 56 адамның нақты дерегі анықталған. Көліктегі жолаушылар туралы толық ақпаратты Түркістан облысы Түлкібас ауданындағы Шақпақ бекетінің қызметкерлері 20 наурыз күні жазып алған. Қазіргі кезде аталған азаматтар оқшауланыпты. Баспасөз қызметінің басшысы М.Мүсілім 56 адаммен байланыста болғандар да анықталып, медициналық тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Алайда осынша адамның өміріне жауап беретін жүргізушінің жолда жүру ережесін бақылайтын орган қызметкерлері не дейді? Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомоблиь жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев Нұр-Сұлтан қаласының «Шанхай» базарынан жолаушыларды алып шыққан автобус еш жерде тіркелмегенін, заңсыз тасымал екенін атап өтті. Ал Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мырзабаев бұл бағытта заңсыз тасымалға ешқандай шара көре алмайтынын айтып, дәрменсіздік танытты. «Ешқандай автобекетке, фирмаға тіркелмеген мұндай автобустар лицензия алады да жұмысын жалғастыра береді. Бұл тұрақты бағыттағы автобус емес. Біз Президенттің Жарлығынан соң Алматы, Нұр-Сұлтан бағытындағы тұрақты бағыттағы автобустардың жүруін 17 наурыздан бастап тоқтатқанбыз. Мұндай автобустар әр жерден жолаушы жинап, жұмыс істей береді. Оларды тексеру, тіпті қосымша құжат сұрау да біздің құзырымызға кірмейді», – дейді ол. Түркістан облысы полиция департаментінің қызметкерлері автобуста болған барлық жолаушыны тауып, дәрігерлерге тапсырған. Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, карантин шараларынан соң автобустың жүргізушісіне ӘҚБТК-нің 571-бабы «Жолаушы тасымалдау ережелерінің бұзылуы» бойынша шара қолданылмақ. Иә, Шымкент қаласындағы «Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов та жүргізуші жауапсыз әрекеті үшін тиісті жазасын алуы керек деп есептейді. «Алғаш естігенде қатты күйініп кеттім. Біз қашан тәртіпке бағынып, қашан жауапкершілікпен жұмыс істейміз? Зат емес, адам тасып жүр ғой. Автобус елордадан шығып жатқанда ол аймақтан қанша коронавирус індеті тіркелгенін біліп тұр. Заңсыз тасымалдан қанша зардап шексек те осы мәселе реттелмей қойды. Осындай тұрақты емес автобустарды жүргізбеу туралы жоғары жақа талай мәрте айттым. Тіпті, министрлікке де хатпен шыққанмын. Егер заңды тасымал болғанда жүргізушінің қолында жолаушылар туралы арнайы журнал болады. Техникалық талаптар сақталады. Енді міне, бармағымызды тістеп отырмыз», – деді Д.Қаюпов. Келешекте осынау індеттің беті қайтып, бірқалыпты өмір басталғанда жүйедегі жіберіп алған осындай қателіктеріміз бізге сабақ болып, бәрі реттеледі деп сенеміз. Әзірге үшінші мегаполис халқын дүр сілкіндірген бұл індет соңы болсын деп тілейік...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы