Reuters: НАТО АҚШ-қа Ормуз бұғазындағы операцияға дайындалуға көмектесіп жатыр

Басылымның жазуынша, ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізу үшін Иранның келісімі де қажет болады

НАТО-ның Еуропадағы жоғарғы қолбасшылығы Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз етуге мүдделі Альянс мүшелерінің қатысуымен кездесу өткізді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

19 тамызда өткен бейнеконференцияға НАТО-ға мүше бірқатар елдің бас штаб басшылары қатысқан. Кездесудің мақсаты – Ормуз бұғазындағы еркін кеме қатынасын қолдауға жекелеген мемлекеттердің ықтимал үлесін талқылау.

НАТО-ның Еуропадағы жоғарғы қолбасшысы, АҚШ Әуе күштерінің генералы Алексус Гринкевичтің баспасөз хатшысы бұл НАТО-ның ресми миссиясы емес екенін атап өтті.

Reuters мәліметінше, НАТО елдері Иранмен қақтығысқа тікелей араласудан аулақ болуға тырысып отыр. Сондықтан Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысын қалпына келтіру жөніндегі жоспарлар Альянс шеңберінен тыс қарастырылуда.

Франция мен Ұлыбритания бұғаз арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін он шақты мемлекеттен тұратын коалиция құру жұмыстарын бастап кеткен. Алайда мұндай операция шиеленіс бәсеңдегеннен немесе қақтығыс реттелгеннен кейін жүзеге асырылуы мүмкін.

Басылымның жазуынша, ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізу үшін Иранның келісімі де қажет болады.

Ормуз бұғазы әлемдік энергетика үшін стратегиялық маңызға ие. Reuters дерегінше, биылғы ақпанға дейін әлемде саудаланатын мұнайдың шамамен бестен бір бөлігі осы бұғаз арқылы тасымалданған.