Бүгін Атырау облысында 11 мыңнан астам вахталық жұмысшы жұмыс орнынан кетпей-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Сайлаушылар тізіміне 11 271 вахталық жұмысшы енгізілген, олардың 3575-і еліміздің басқа өңірлерінен келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Әсия Қыстаубаеваның айтуынша, вахталық жұмысшылардың дауыс беруі 34 сайлау учаскесінде ұйымдастырылған. Заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін олардың екеуі мұнай нысандарында арнайы құрылды.
NCOC компаниясының «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау зауыты жанындағы «Самал» вахталық кентіндегі №288 учаскеде сайлаушылар тізіміне 1397 адам енгізілген.
Ал «Жылыоймұнайгаз» компаниясының «Каспий Самалы» вахталық кентіндегі №289 учаскеде тағы 970 сайлаушы тіркелген. Жекелеген сайлау учаскелері жоқ кәсіпорындар мен вахталық кенттерде дауыс беру жылжымалы жәшіктердің көмегімен жүргізілуде. Ал «Қашаған» теңіз кешеніне сайлау комиссиясының мүшелері тікұшақпен жеткізілуде.
Жалпы, Құрылтай депутаттарының сайлауы белсенділікпен және жоғары деңгейде өтуде. Осылайша, сайлау учаскелері өңірдегі елді мекендермен қатар, вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтардың да дауыс беру мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай-газ кен орындарында ұйымдастырылуда.
Сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін Атырау облысының өндірістік нысандарында арнайы сайлау учаскелері құрылды.
Солардың бірі – NCOC компаниясының мұнай мен газды кешенді дайындау жөніндегі «Болашақ» зауытына қарасты «Самал» вахталық қалашығында орналасқан №288 сайлау учаскесі. Бүгін мұнда вахтада жүрген жұмысшылар дауыс беріп, өздерінің конституциялық сайлау құқықтарын жүзеге асыруда.
Тағы бір сайлау учаскесі «Жылыоймұнайгаз» кәсіпорнының «Прорва» кен орнындағы «Каспий самалы» вахталық кентінде жұмыс істеп тұр. Бұл учаскенің құрылуы өндірістік нысандарда еңбек ететін азаматтарға жұмыс орнынан алыстамай-ақ сайлауға қатысуға мүмкіндік берді.
Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар үшін сайлау учаскелерінің тікелей кен орындарында ашылуы – сайлаушылардың тең құқығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам. Мұнай-газ саласында еңбек ететін мамандардың басым бөлігі ұзақ уақыт бойы өндірістік нысандарда болатындықтан, мұндай учаскелер олардың сайлау процесіне қатысуына қолайлы жағдай қалыптастырады.
Бүгінде вахталық қалашықтардағы сайлау учаскелерінде дауыс беру процесі белгіленген тәртіпке сай жүргізілуде. Учаскелік комиссия мүшелері сайлаушылардың жеке басын сәйкестендіріп, дауыс беру тәртібін түсіндіруде және сайлау заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз етуде.
Осылайша, 23 тамыздағы Құрылтай депутаттарының сайлауы Атырау облысындағы мұнай-газ кен орындарында да ұйымдастырылып, вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтарға елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуға мүмкіндік берілуде.