Құрылтай сайлауы – 2026: Астанада сайлау учаскелері өз жұмысын бастады

Астанада сағат 07:00-де 517 сайлау учаскесі жұмысын бастады.

Таң атқалы сайлау учаскелеріне дауыс беру үшін келген қала тұрғындарының белсенділігі байқалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Сайлау учаскелерінде азаматтардың барлық санатына, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалған. Сондай-ақ денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтар өз тұрған жерінде дауыс бере алады.

Айта кетейік, астаналықтар өз сайлау учаскесінің мекенжайын бірнеше жолмен біле алады:
– ресми веб-сервис арқылы: https://sailau.astana.kz;
– Telegram чат-боты арқылы: https://t.me/sailau_astana_bot⁠;
– 109 нөмірі бойынша бірыңғай iKomek байланыс орталығы арқылы.

Сондай-ақ бүгін, 23 тамызда, Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесімен, қалалық, экспресс және қала маңындағы қоғамдық көлікпен қатынау тегін екенін атап өткен жөн. Бұл шара тұрғындардың емін-еркін жетуіне жағдай жасап, сайлау учаскелеріне баруын барынша қолайлы етуге бағытталған.