Ақмола облысында жас спортшылар сайлау учаскесіне роликпен барды

Жас спортшылардың айтуынша, алғашқы дауыс беру – есте қаларлық ерекше сәт.

Сандықтау ауданында жас спортшылар таңғы жаттығуларынан кейін №601 сайлау учаскесіне роликпен келіп, өмірлерінде тұңғыш рет дауыс берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Жас спортшылар үшін бүгінгі күн әдеттегіден ерекше басталды. Таңғы жаттығуларын аяқтағаннан кейін олар бірге сайлау учаскесіне жол тартты. Роликпен келген жастар осылайша спорттағы белсенділіктерін азаматтық белсенділікпен ұштастырды.

Алғаш рет дауыс бергендердің қатарында 2008 жылы туған Никита Волосевич пен Анастасия Кубрина бар.

Никита Волосевич – биатлоннан Қазақстан жасөспірімдер чемпионатының жүлдегері. Ал Анастасия Кубрина шаңғы жарысынан елдің жастар чемпионатының күміс жүлдесін иеленген. Жас спортшылар өз спорт түрлерінде жақсы нәтижелер көрсетіп, Сандықтау ауданының намысын облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда абыроймен қорғап жүр.

Бүгін олардың өмірінде тағы бір маңызды белес орын алды. Екеуі де алғаш рет сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

«Әдетте күніміз жаттығудан басталады. Бүгін де жаттығудан кейін бірге сайлау учаскесіне келдік. Бұл – біздің алғашқы дауыс беруіміз. Сондықтан өз таңдауымызды жасап, сайлауға жеке қатысу біз үшін маңызды болды», – дейді Никита Волосевич пен Анастасия Кубрина.

Жас спортшылардың айтуынша, алғашқы дауыс беру – есте қаларлық ерекше сәт. Олар үшін бұл күн спорттағы жетістіктерімен қатар, азамат ретінде алғаш рет өз таңдауын жасаған күні ретінде де есте қалмақ.

Осылайша, Сандықтау ауданындағы жас спортшылар таңғы жаттығуларын маңызды қоғамдық шарамен сабақтастырып, сайлау учаскесіне бірге барды.

Алғашқы дауыс – үлкен жауапкершілік. Жас спортшылар үшін бүгінгі күн спорттық тәртіп пен азаматтық белсенділіктің тоғысқан ерекше күні болды.

Абзал Алпысбайұлы, 

Ақмола облысы