Астраханка ауылында егін орағының қызу науқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері сайлауға қатысып, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Бүгінде колледж базасында өздеріне тиесілі егістік алқабы бар. Егін жинау науқаны кезінде бұл азаматтар комбайн тізгіндеп, дала жұмыстарын атқарып жүр. Қазір ауыл шаруашылығы үшін ең жауапты кезеңдердің бірі – егін орағы қызған шақ. Сондықтан олардың әрбір сағаты алдын ала жоспарланған.
Соған қарамастан, комбайншылар сайлауға қатысуды да маңызды міндет деп санап, жұмыс кестесінен уақыт бөліп, учаскеге бірге келуді жөн көрген.
– Қазір біз үшін нағыз қызу науқан. Егістікте жұмыс көп. Дегенмен дауыс беру де маңызды болғандықтан, оған алдын ала уақыт бөлуді шештік. Бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық та, қайтадан жұмысқа ораламыз», – дейді Дмитрий Антонец.
Дауыс беру рәсімінен кейін комбайншылар уақыт жоғалтпай, қайтадан егістік алқабына аттанды. Оларды даладағы тынымсыз еңбек, техника мен егін жинау науқанының күнделікті міндеттері күтіп тұрды.
Ауыл еңбеккерлерінің бұл әрекеті еңбек пен азаматтық жауапкершіліктің қатар жүретінін көрсетеді. Әсіресе, егін орағы секілді әр күннің, әр сағаттың маңызы зор кезеңде жұмыс кестесіне сай уақыт тауып, сайлауға қатысу – ел өміріне бейжай қарамайтын еңбек адамдарының ұстанымын аңғартады.
Бір жағынан – дала төсінде маңдай термен еңбек етіп, ел дастарқанына береке әкелу, екінші жағынан – ел болашағына қатысты маңызды таңдауға қатысу. Астраханка комбайншылары үшін бұл екі міндет бір-біріне қайшы емес.
«Егістікте еңбек етеміз – ел өміріне де қатысамыз» деген ұстаным ауыл еңбеккерлерінің азаматтық позициясын айқын көрсетеді.
Даладағы адал еңбек те, ел болашағына қатысты жасалған саналы таңдау да – қоғам дамуына қосылған ортақ үлес. Астраханка комбайншыларының сайлау учаскесіне арнайы келіп, дауыс беруі – осының жарқын мысалы.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы