Бәйдібек ауданында Құрылтай сайлауы ерекше әрі көңілді көрініспен жалғасты. №190 сайлау учаскесіне горилла, аю және трансформер кейпіндегі азаматтар келіп, дауыс беруге қатысты. Түрлі кейіпкерлердің ерекше бейнеде сайлау учаскесіне келуі – тұрғындар мен балалардың назарын аударды. Құрылтай сайлауына қатысқан олар сайлау күнінің атмосферасын жандандырып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әдеттен тыс образдар сайлау учаскесіне келген азаматтар үшін естен кетпес көрініске айналды. Горилла, аю және трансформер бейнесіндегі кейіпкерлердің бірге жүруі сайлау күніндегі ерекше сәттердің біріне енді. Бұл бастама қоғамдық маңызды шараның мазмұнын түрлендіріп, тұрғындардың назарын сайлау процесіне аударуға бағытталған. Ең бастысы, көңілді атмосферамен қатар азаматтардың өз таңдауын жасауға қатысуы.
Айта кетейік, Бәйдібек ауданында 50 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша 28 745 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.
Арыс қаласында Құрылтай сайлауына келген тұрғындардың назарына ерекше көрініс түсті. Сайлау учаскесіне «Өрмекші адам» бейнесіндегі азамат келіп, өз таңдауын жасады. Кейіпкердің ерекше киіммен келуі сайлау учаскесіндегі жұрттың назарын аударып, балалар мен тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Күнделікті өмірде таныс суперқаһарманның бейнесін сомдаған азамат маңызды қоғамдық шараға өзіндік ерекшелікпен қатысты.
Бұл көрініс Құрылтай сайлауының әр өңірде түрлі форматта өтіп жатқанын аңғартты. Тұрғындар өз азаматтық міндетін орындаумен қатар, сайлау күнін есте қаларлықтай өткізуге үлес қосуда. Ең бастысы, ерекше образдың артында азаматтық жауапкершілік тұр. Айта кетейік, Арыс қаласында 34 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Қала бойынша 43 291 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.
Түркістан қаласында Құрылтай сайлауы кезінде №114 сайлау учаскесіне Алтын адам бейнесіндегі азамат келіп, өз таңдауын жасады.
Ежелгі дәуірден жеткен тарихи мұраның символдық бейнесін сомдаған азаматтың ерекше киімі сайлау учаскесіне келген тұрғындардың назарын аударды. Алтын түсті сауыт пен ұлттық нақыштағы элементтер үйлескен образ қазақ даласының бай тарихы мен мәдени мұрасын еске салды.
Алтын адам бейнесі тәуелсіз Қазақстанның маңызды тарихи символдарының бірі саналады. Сондықтан бұл образдың Құрылтай сайлауымен қатар көрініс табуы ел тарихы мен бүгінгі қоғамдық өмірдің сабақтастығын айшықтаған ерекше сәтке айналды. Сайлау күні Түркістанда азаматтар өз таңдауын әртүрлі форматта білдіріп, қоғамдық маңызды шараға белсенді қатысуда. Ерекше образдағы тұрғынның дауыс беруі – осы күннің есте қаларлық көріністерінің бірі.
Айта кетейік, Түркістан қаласында 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның 66-сы ашық, 2-еуі жабық нысанда. Қала бойынша 136 602 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.