Сыр өңірінде даңқты диқаншы Ыбырай Жақаев әулетінің келіндері дауыс берді

Сыр өңірінің даңқты диқаншысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың әулетінен тараған 9 келін Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады. Әулет келіндері Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы №278 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Ыбырай Жақаев – саналы ғұмырын елдің ауыл шаруашылығын дамытуға, Сыр бойындағы егіншілік мәдениетін өркендетуге арнаған еңбек адамы. Оның маңдай термен қалыптасқан еңбек жолы мен елге қызмет етудің өнегесі бүгінде ұрпақтарына үлгі болып қалды.

Әулет келіндері үшін де атадан қалған еңбек дәстүрін жалғастыруды ұрпақ алдындағы жауапты міндет санайды.

«Біз даңқты диқан Ыбырай Жақаевтың келіндері ретінде ата-бабамыздан қалған еңбек пен адалдық дәстүрін жалғастыруды үлкен парыз санаймыз. Диқаншылық – ауылдың ғана емес, тұтас елдің ырысын арттыратын қастерлі ұғым. Сондықтан аталарымыздың маңдай терімен қалыптасқан өнегелі жолды кейінгі ұрпаққа насихаттауды біздің міндетіміз деп білеміз. Бүгін ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға қатысып, өз таңдауымызды жасадық. Әр азаматтың дауысы – елдің ертеңіне қосылған үлес», – деді әулет келіндері.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы