Қызылорда облысында соғыс ардагері өз таңдауын жасады

Ақсақал Тереңөзек кентіндегі №155 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай сайлауында дауыс берді.

Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының тұрғыны, соғыстың соңғы куәгері, Ұлы Отан соғысының ардагері, 105 жастағы Яхия Тасыров саяси науқаннан шет қалмай, өз таңдауын жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Ғасырдан асқан майдангер маңызды саяси науқанда азаматтық белсенділіктің жарқын үлгісін көрсетті. Ардагер әр азаматтың өз таңдауын жасауы ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі екенін атап өтті.

«Бүгінгі күн – ел ертеңі үшін маңызды сәт саналады. Еліміздің болашағына қатысты шешім қабылдауда әр азаматтың дауысы маңызды деп ойлаймын. Сондықтан сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымды жасауды азаматтық парызым деп білдім. Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін әркім өз таңдауын жасауы керек. Бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» – деп ақ батасын берді Яхия Тасыров.

Айта кетейік, 105 жастағы Яхия Тасыров – Қызылорда облысындағы Ұлы Отан соғысына қатысқа жалғыз ардагер.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы