Шетелде жүрген қызылордалықтар да саяси науқаннан шет қалмады

Елден жырақта жүрген қазақстандықтар да ел өміріндегі маңызды саяси науқаннан шет қалмай, азаматтық ұстанымдарын білдіріп, өз таңдауын жасап жатыр.

Солардың бірі – Қызылорда облыстық перинаталдық орталықтың дәрігер-неонатологы, неонатальды блок меңгерушісі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты Лаура Дәуренбаева саяси шараға қатысып, дауыс берді. 

Қазіргі таңда сырбойылық  маман АҚШ-тағы Virginia Commonwealth University университетінде бір жылдық тағылымдамадан өтуде. Ол шетелде жүрсе де Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысуды азаматтық міндеті санайды.

«Шетелде оқып жатқаныма қарамастан, елімізде өтіп жатқан маңызды саяси науқанға бейжай қарай алмадым. Бүгін Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасадым. Еліміздің ертеңіне сенеміз. Құрылтайда көтерілетін бастамалар мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады деп ойлаймыз. Сондай-ақ бұл қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қызмет ететініне сенім зор, – деді ол.

Білікті маман ел өміріндегі маңызды шешімдерден сырт қалмау – әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

Сонымен қатар саяси іс-шараға Түркияда тұрып жатқан қызылордалық Тілек Махамбетжан да өз үлесін қосты.  Ол 2015 жылы Назарбаев Зияткерлік мектебін тәмамдап, білімін Түркияның Hacettepe University медициналық факультетінде жалғастырған. 

Құрылтай сайлауына ол Анкара қаласындағы №450 сайлау учаскесіне арнайы барып, дауысын берді. 

«Қай жерде жүрсек те, Қазақстанның болашағына қатысты таңдауымыз маңызды. Өз дауысым арқылы ел дамуына елеулі үлесімді қосуды азаматтық міндетім деп білемін», – дейді Тілек Қалыбайұлы.

Шетелде білім алып, кәсіби тәжірибе жинақтап жүрген жерлестеріміздің ел өміріндегі маңызды саяси үдеріске белсенді қатысуы – туған елмен байланыстың берік екенін көрсетеді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы