Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады

Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, бақ-береке және мемлекеттік қызметіне зор табыс тіледі

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, елдің жаңартылған Парламенті – Құрылтай сайлауының халықаралық стандарттар мен демократиялық қағидаттарға сай сәтті өтуімен құттықтады.

Шавкат Мирзиёев бұл тарихи оқиға Қазақстанның саяси жүйесін жетілдірудің, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың және Парламент рөлін айтарлықтай күшейтудің жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін атап өтті.

Өзбекстан Президентінің айтуынша, азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан терең конституциялық және қоғамдық-саяси реформаларға халықтың кең қолдау білдіргенін көрсетеді. Бұл реформалар Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыруға бағытталған.

Шавкат Мирзиёев Өзбекстанда ғасырлар бойғы достық пен тату көршілік байланыстар орныққан бауырлас Қазақстанда жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістердің жоғары нәтижелеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.

Сонымен қатар ол Өзбекстан мен Қазақстан парламенттері арасындағы тығыз ынтымақтастық екі достас елдің стратегиялық әріптестігі мен одақтастық қатынастары рухында жаңа сапалық деңгейге көтерілетініне сенім білдірді.

Сөз соңында Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, бақ-береке және мемлекеттік қызметіне зор табыс, ал бауырлас Қазақстан халқына бейбітшілік пен өркендеу тіледі.