Прокуратура органдары қылмыстар салдарынан мемлекетке келтірілген және өтелмей қалған залалды анықтау, сондай-ақ қаражаттың бюджетке нақты қайтарылуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бас прокуратура жүргізген талдаумен соңғы екі жылда қаралған қылмыстық істер бойынша мемлекетке жалпы сомасы 66,5 млрд теңге залал келтірілгенін көрсетті. Бұл ретте 30,1 млрд теңге өндірілмей қалған.
Қалыптасқан жағдайдың негізгі себептерінің бірі – уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген залалды өндіру туралы талап қоюларды бермеуі. Талдау қорытындысы бойынша, Бас прокуратура мемлекеттің мүліктік мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған мақсатты жұмысты ұйымдастырды. Прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 6 ұсыну, 3 наразылық және 27 талап қоюларды енгізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 651 млн теңге мемлекет кірісіне нақты өндірілді. Залалдың қалған сомасын өндіру туралы талап қоюлар қаралуда.
Соның бір мысалы – Қызылорда облысындағы іс. Екі азамат ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгерістер енгізген. Соның салдарынан 16 автокөлік бойынша 115,3 млн теңге кедендік төлем, ал 63 автокөлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 460,6 млн теңге алым бюджетке түспеген. Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін уәкілетті орган сотқа жүгініп, 575,9 млн теңгені мемлекет пайдасына өндіруге қол жеткізді. Бұл – прокуратураның мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған жұмысының нақты нәтижелерінің бірі.
Басты мақсат – нақты нәтижеге қол жеткізу: мемлекеттің мүліктік мүдделерін қалпына келтіріп, қаражаттың бюджетке нақты қайтарылуын қамтамасыз ету. Бюджетке қайтарылған әрбір теңге – мемлекет пен қоғам игілігіне қызмет етуге тиісті қаражат.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.