Қазақстанның оңтүстігінде 103 ирригация каналы автоматтандырылады

Оңтүстік өңірлерде жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын 103 ирригация каналын автоматтандыру басталды.

Еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын, 65 мың гектар суармалы алқапты қамтитын 103 ирригация каналын автоматтандыру жұмыстары басталды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Сонымен қатар бұған дейін реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, суару каналдарын автоматтандыру элементтерімен және суды есепке алудың заманауи жүйелерін енгізе отырып, реконструкциялауға арналған 264 жоба әзірленіп жатыр.

«Цифрлық құралдарды енгізу су ресурстарын басқарудың кешенді әрі көпдеңгейлі жүйесін жоспарлы түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл экономиканың түрлі салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, елдің су қауіпсіздігіне кепілдік беруге және ресурстарды болашақ ұрпақ үшін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов.

Айта кетейік, министрлік Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін (СРҰАЖ) әзірледі. Жүйеде су нысандары, су шаруашылығы инфрақұрылымы, су пайдаланушылар, жерасты суы және саланың басқа да элементтері туралы деректер біріктірілген. Оның негізгі міндеті – басқарушылық шешімдер қабылдау үшін бірыңғай, нақты әрі өзекті деректер базасын қалыптастыру.

Қазіргі таңда жүйеде 23 мыңнан астам су нысанының деректері цифрландырылып, құрылымдалды. Олардың қатарында 17 758 өзен, 3 148 көл және 1 207 гидротехникалық нысан бар.

Су пайдаланудың ашық әрі айқын тетіктерін енгізу аясында су арналары арқылы су беру бойынша тұтынушылармен электронды шарттар жасасуды және су ресурстарын автоматты түрде есептеуді көздейтін биллинг жүйесі әзірленіп, пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта шарт жасасу процесі толықтай электронды форматқа көшірілді. Жыл басынан бері 29 мыңнан астам келісімге қол қойылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.