Атырауда жоғалған зейнеткер қызметтік иттің көмегімен табылды

Қызметтік ит шамамен 2 шақырым жүріп өтіп, канал маңындағы қамыс арасынан ер адамды тапты. 

23 тамыз күні сағат 23:50 шамасында 86 жастағы тұрғынның үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, хабарсыз кеткені туралы полицияға ақпарат түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Іздеу жұмыстарына кинологтар Рахымжан Ерболат пен Еламан Утеулиев және қызметтік іздестіру иті Герда жұмылдырылды. Герда жоғалған азаматтың киімін иіскеп, іздеуді үйінің алдынан бастады. 

Қызметтік ит шамамен 2 шақырым жүріп өтіп, канал маңындағы қамыс арасынан ер адамды тапты. Азаматтың жағдайы жақсы. Ол полиция қызметкерлеріне жедел әрекеті мен көмегі үшін алғысын білдірді. 

Герда — 2024 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметте жүрген қызметтік іздестіру иті. Осы уақыт ішінде ол түрлі іздеу жұмыстарына қатысып, полиция қызметкерлерінің сенімді серігіне айналды.

Қызметтік иттердің жұмысы – полиция қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі. Ал Герда секілді іздестіру иттері өз қызметімен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға үлес қосып келеді.