«Қытайда коронавирус жарқанаттан жұққан» – Қазақстанда оның «ұясын» іздеп жүрген кімдер?

«Қытайда коронавирус жарқанаттан жұққан» – Қазақстанда оның «ұясын» іздеп жүрген кімдер?
Фото: Интернеттен алынды

Біреудің ақшасын оп-оңай, ұрмай-соқпай алып қою бүгінгі таңда бәзбіреулердің кәсібіне айналған ба дерсің. Кеңес одағы ыдыраған уақытта белең алған, бірден байып кету үшін жасалған айла-шарғылар әлі де көбеймесе, азаяр емес. Ол қақпанға түсетін де қарапайым халық.

Бастапқыда «алик, малик, шариктен» бастағандар халықтың қалтасын қағатын небір түрлі ойындар мен қаржылық пирамидаларды түзді. «Ауызы күйген үріп ішуші» еді, олай болмады. Ел аман, жұрт тынышта қанша ақшасынан айырылып жатса да, осындай алаяқтардың құрған қақпанына түсіп, соңғы тиынына дейін өз қолымен апарып беретіндер жетіп-артылады. Сондай айламен ақша жасау түрі 2014 жылы да шықты.

Ғаламторда «1952-1957 жылдары шыққан «Зил-Москва» тоңазытқыштарын сатып аламын» деген жарнамалар толып кетті. Делдалдар осы тауарға 1000-10000 АҚШ доллары айналасында баға ұсына бастады. Тауарға қойылатын негізгі талап – тоңазытқыш есігінің тұтқасы тік орналасқаны жөн және мұздатқыш камерасы міндетті түрде жоғарғы оң жақ бөлігінде тұруы керек-мыс. Ескінің көзін іздегендер ауылаймақты аралап, қаладағы пәтерлердің есігін қағып кетті. «Зил-Москва» тоңазытқыштарында табиғатта сирек кездесетін, бәлкім мүлдем кездеспейтін қызыл сынап бар көрінеді, оның бір түйірінің өзі миллион долларға бағаланады. Онымен қоса, «агрегаттың мұздатқыш камерасына фреон орнына құйылған сұйықтық ұялы телефондардың сигналын тұншықтырады, тоңазытқышта кезінде құны бағаланбаған ядролық қару жасауға пайдаланылатын қымбат металл бар» деген алып­қашпа әңгіме де тарады.

Осылай жарнамасын жақсылап тұрып жасаған алаяқтардың ойы жүзеге аса бастады. Алғашқы лекпен ауласындағы ескі тоңазытқыштарын сатып жібергендер кішкене болсын пайда тапса, делдалдар оны алып, екіншісіне сатты, ең соңында осыны ойлап тапқандар мол табысқа батты. Қаншама адам соңғы малын өткізіп, басқадан сатып алған тоңазытқышы керексіз темір-терсек болып қалып, тақырға отырды. Ал алаяқтар осындай ойынды немістің тігін машинасымен де жасады.

Артын суытпай, жақында осы айланың жаңа түрі де белең алды. Бұл жолғы «жыр» – жарғанаттың ұясы. Көршілес өзбек елінде «табиғат қорғаушылар әлеуметтік желідегі алаяқтардың «мыңдаған долларға жарғанаттың ұясын сатып аламыз» дегеніне сеніп, осынау сүтқоректілердің өмір сүру ортасын жойып жіберу қаупі туындап отырғанына алаңдаулы» деп жазды ca-news.org. Алайда Өзбекстандағы әлеуметтік желілерде жарғанаттың ұясын өткізіп, 5-10 мың АҚШ доллары арасында табыс табуға болатыны жайлы қызу пікірталас әлі күнге дейін жүріп жатыр. Ташкенттік «Живая планета» жануарларды қорғау қоғамының белсендісі Анастасия Ташилова: «Осындай мәнсіз өтірік ақпаратқа сеніп, адамдар жарғанаттардың ұясын бұзып жатыр. Оларға сенбеңіздер, ол – алаяқтардың ойлап тапқаны. Салдарынан сүтқоректілер зардап шегіп жатыр», – деп шырылдауда.

Бұл жағдай бізде де бар. «Жарғанаттың ұясын арабтар мыңдаған долларға алады. Мен тауып алдым да, мол табысқа кенелдім. Міне, мынау – сол ұя» деп интернетке салғандардың жарнамасына сенген жұрт қора-қопсыны, үй шатырын, таудағы үңгірлерді ақтарып кетті. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» деп ойланып жатқан біреу болса-шы… Бұл іске тосқауыл да қойылар емес. Біреулердің қалтасын ғана қағып, әлдекімді байытып қойса жақсы, бұның арты табиғат балансын бұзып тынады.

Өйткені қыста ұйқыға кеткен жарқанат қазір шошып оянса, көктем туа қайта «өмірге» келмейді. Ал жарқанаттікі деп бұзылған ұялар басқа, құрқылтай, қарлығаш сынды құстардікі болуы мүмкін. Бұған дәлел ретінде таяуда биолог мамандардың жарқанатта ұя болмайтынын, ол өзіне ұқсайтын тышқан тұқымдас жәндіктер сияқты балалайтынын алға тартып, дабыл қаққанын алсақ та жеткілікті. Демек, олардың табиғатта атқарар өз миссиясы бар. Осыны ұмытпауымыз керек. Әрбір айтаққа ере берген дұрыс емес. «Аңқау елге арамза болып» жүргендердің қақпанына түсе бермей, ойланып барып қадам жасайтын уақытымыз әлдеқашан-ақ келмеп пе еді?!.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.