Әділдік пен ашықтық сақталды

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясы 23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауын бақылау қорытындысын шығарды.

Қорытынды нәтижені Орталық сайлау комиссиясында өткен бри­фингте ТМД миссиясының басшысы Игорь Петришенко жария етті. Оның айтуынша, дауыс беру жоғары ұйым­дастырушылық деңгейде әрі елдің сайлау заңнамасына сәйкес өтті. Мис­сия Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрлігінің шақыруымен сайлауды дайындау және өткізу барысын 3 та­мыз­дан бастап бақылады. Миссия құрамына 190 байқаушы кірді. Олар республика заңнамасы мен ашықтық, бейтараптық және араласпау қағидат­тарын басшылыққа алып, еркін әрі тәуелсіз жұмыс істеді. 

– Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы жалпыға танылған қағидаттар мен халықаралық құ­қық­тың қолданылатын нормаларына сәй­кес келеді және сайлауды еркін әрі демократиялық түрде өткізуге жеткілікті құқықтық негіз саналады, – деді Игорь Петришенко.

Дауыс беру күні миссия өкілдері 900-ден астам сайлау учаскесіне бар­ған. Сондай-ақ шетелдегі сайлау учаске­леріндегі сайлау барысын ба­қы­лады. Байқаушылардың мәлі­ме­тінше, барлық учаске уақытылы ашы­лып, дауыс беру ұйымдасқан, тыныш әрі қолайлы жағ­дайда өтті. 

– Дауыстарды санау рәсімі консти­туциялық заңға сәйкес жүр­гізілді. Бай­қаушылар айтқан жекелеген ес­кер­тулер техникалық сипатта болды және оларды учаскелік комиссиялар жедел түрде жойды. Сайлау нәтижесіне әсер етуі мүмкін заң бұзушылықтар анықталған жоқ, – деп атап өтті ол.

Бақылау қорытындысында ТМД миссиясы Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстан заңнамасына тол­ық сәйкес өткізілді деген ортақ ұйғарымға келді. 

– Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының 2026 жылғы 23 тамыздағы сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, әділ, бәсекелі және ашық болды. Ол Қазақстан азаматтарының өз еркін білдіру құқығын жүзеге асыруын қам­тамасыз етті, – делінген миссия мәлімдемесінде.