Экология – қала дамуының айнасы

Шымкент қаласында қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және тұрғындар үшін жайлы экологиялық орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Бұл бағыттағы жұмыстардың басты мақсаты – қаланың тазалығын сақтап қана қоймай, жасыл желекті көбейту, қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

Қаланың әл-Фараби ауданында атқарылып жатқан жұмыстар осы бағыттағы жүйелі шаралардың нақты көрінісі. Ауданда 262 мыңнан астам тұрғын тұрады. Мұнда 17 шағынаудан мен бір елді мекен, 931 көппәтерлі және 16 мыңнан астам жеке тұрғын үй бар. Ауданның ауызсумен, электр энергиясымен және табиғи газбен толық қамтылуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, қалалық ортаның тұрақты дамуына негіз қалыптастырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Ержан Ерланұлы мәлімдеді.

Жасыл желекке бөленген қала

Қоршаған ортаны қорғау тек табиғи ресурстарды сақтаумен шектелмейді. Тұрғындардың күнделікті өмір сүретін ортасының тазалығы, көгалдан­ды­рылуы, жаяу жүргіншілер инфрақұры­лымының дамуы мен қоғамдық кең­іс­тіктердің қолжетімді болуы да эко­ло­гиялық қолайлылықтың маңызды көрсеткіштері. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби ауданында абаттандыру жұмыстарына ерекше мән беріліп отыр. 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 45 ауланы абаттандыру жоспарланған. Бұл жоба тұрғындардың өз ауласының жай-күйіне тікелей ықпал етуіне мүмкіндік беріп, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға азаматтардың қатысу мәдениетін қалыптастырады.

Көшелерді жарықтандыру, асфальт жабындысын жаңарту, аулаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да жалғасуда. Жоспарланған 49 көшенің 30-ында асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен бірге 63 ауладағы бүлінген жол учаскелері қалпына келтірілді. Жаяу жүргіншілерге қолайлы орта қалыптастыру да – экологиялық қаланың маңызды элементтерінің бірі. Биыл 9 көшеде аяқжол төсеу жұмыстары аяқталып, 11 көшеде ирригациялық арық жүйесі салынды.

Ирригациялық жүйелердің маңызы, әсіресе Шымкент сияқты климаты жылы өңір үшін жоғары. Мұндай инфрақұрылым көгалдар мен жасыл желекті тиімді суаруға мүмкіндік беріп, қаланың микроклиматын жақсартуға және абаттандырылған аумақтардың тұрақты сақталуына ықпал етеді.

Демалыс орындары ерекше көрік береді

Қаланың экологиялық тұрақ­ты­лығын қамтамасыз етуде жасыл желектің орны ерекше. Ағаштар мен көгалдар ауаның сапасын жақсартып қана қоймай, қалалық ортадағы темпера­туралық тепе-теңдікті сақтауға, шаң-тозаңды азайтуға және тұрғындардың демалысына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Осы бағытта әл-Фараби ауданында жаңа қоғамдық демалыс орындарының ашылуы маңызды қадам болды. Бұрынғы «Кең Баба» және «Қиял әлемі» саябақтарының орнына жаңа форматтағы «Жапон саябағы» мен City Park демалыс орындары пайдалануға берілді.

Мұндай қоғамдық кеңістіктер қаланың сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың табиғатпен етене араласуына мүмкіндік береді. Саябақтар мен жасыл аймақтардың көбеюі экологиялық туризмді дамы­тудың да маңызды алғышарты. Бүгінде экологиялық туризм ұғымы табиғи аумақтарға саяхат жасаумен ғана шектелмейді. Ол адамның қоршаған ортаға зиян келтірмей демалуын, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауын және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруды қамтиды.

Осы тұрғыдан Шымкенттің саябақтары, жасыл желекті қоғамдық кеңістіктері, жаяу жүргіншілер ба­ғыттары мен абаттандырылған аумақ­тары қала тұрғындары үшін эко­ло­гиялық демалыс мәдениетін қал­ып­тастыратын орындарға айнала алады.

Таза қала – таза қоғам

Қоршаған ортаны қорғауда мемлекеттік құрылымдардың атқаратын жұмысы маңызды болғанымен, бұл міндетті тек әкімдікке жүктеу жеткі­ліксіз. Таза әрі жайлы қала қалып­тастыру – тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі. Осы қағидат «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардан анық көрінеді. Әл-Фараби ауданында жыл басынан бері 15 сенбілік ұйымдастырылып, оған 21 мыңға жуық тұрғын қатысты. Экологиялық іс-шараларға 200 техника жұмылдырылып, 500 тонна қоқыс шыға­рылды.

Бұл көрсеткіштер бір қарағанда тазалық жұмыстарының көлемін көр­сеткенімен, оның әлеуметтік маңы­зы бұдан әлдеқайда кең. Сенбілікке тұр­ғындардың жаппай қатысуы – эколо­гиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсететін маңызды фактор. Адам өзі тазалаған ортаны қайта ластауға бейім болмайды. Сондықтан мұндай шаралардың тәрбиелік мәні де зор. Әсіресе жастар мен балаларды экологиялық бастамаларға тарту арқылы табиғатты қорғауға жауапты ұрпақ қалыптастыруға болады.

Экологиялық мәдениет қоқысты арнайы жәшікке тастаудан басталып, суды үнемдеу, жасыл желекті қорғау, қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғи аумақтарға ұқыпты қарау және қоршаған ортаға зиян келтірмеу сияқты күнделікті әдеттермен жалғасады.

Экологиялық туризмнің  мәні жоғары

Ауданның санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстау үшін 121 арнайы техника мен 558 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасыл желектерді суаруға күн сайын 20 арнайы техника жұмылдырылады. Бұл жұмыстар қаланың сыртқы келбетін жақсартумен қатар, көгалдандырылған аумақтардың сақталуына жағдай жасайды. Шым­кенттің климаттық ерекшелігін ескерсек, жасыл желекті күтіп-баптау мен тұрақты суару – маусымдық емес, үздіксіз жүргізілуге тиіс жұмыс. Эколо­гиялық тұрғыдан алғанда, тазалықтың тұрақтылығы бірреттік акциялармен емес, күнделікті жүйелі қызметпен қамтамасыз етіледі. Қоқысты уақытылы шығару, көшелерді тазалау, арық жүйелерін күтіп ұстау, жасыл желекті суару және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру бір-бірімен сабақтас болуы қажет. Шымкенттің экологиялық әлеуетін арттыруда абаттандырылған қоғамдық орындардың туристік тартымдылығын күшейтудің де маңызы бар.

Қалаға келген қонақ үшін тарихи және мәдени нысандармен қатар, жасыл саябақтар, жаяу жүргіншілерге арналған бағыттар, демалыс орындары мен таза қоғамдық кеңістіктер де маң­ызды.

Сондықтан қаланы көгалдандыру мен абаттандыруды экология­лық туризммен ұштастыруға мүмкіндік мол. Саябақтарда экологиялық бағыттағы танымдық алаңдар, табиғатты қорғауға арналған ақпараттық стендтер, жаяу және велобағыттар, отбасылық демалыс орындары қалыптасса, олар қала тұрғындары үшін де, туристер үшін де тартымды орынға айналар еді.

Экологиялық туризмнің ерекшелігі – табиғатты тек тамашалау емес, оны қорғауға үндейтін мәдениетті қалыптастыру. Осы себепті қалалық саябақтар мен жасыл аймақтарды экологиялық ағарту алаңдары ретінде пайдалану маңызды.

Тұрғын үй қоры жаңарады

Қоршаған ортаның сапасы тұрғын үй жағдайымен де тығыз байланысты. Әл-Фараби ауданында тұрғын үй қорын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы 23 көппәтерлі үй модернизациялау бағдарламасына қамтылып, оның 16-сында жұмыстар толық аяқталған. Сонымен бірге төрт мекенжайда реновация жобасы жүзеге асырылуда. Реновация мен модерни­зация тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға, аула аумақ­тарын тиімді ұйымдастыруға және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал 2029 жылға дейін 28 апатты және тозығы жеткен тұрғын үйді жаңарту жоспар­ланып отыр. Бұл – қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастырудың ұзақмерзімді бағыты.

Шымкенттің қарқынды өсіп келе жатқан мегаполис ретіндегі болашағы экологиялық тұрақтылықпен тікелей байланысты. Халық саны мен құрылыс көлемі артқан сайын жасыл кеңіс­тіктерге, таза ауаға, сапалы инфра­құрылымға және қоғамдық демалыс орындарына деген сұраныс та көбейе түседі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау қосымша бағыт емес, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі құрамдас бөлігі болуға тиіс.

Таза көшелер, жасыл саябақтар, тиімді ирригациялық жүйе, абаттан­дырылған аулалар, қолжетімді жаяу жүргінші инфрақұрылымы және экологиялық мәдениеті қалыптасқан тұрғындар – заманауи қаланың басты белгілерінің бірі.

Әл-Фараби ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстар осы мақсатқа бағыт­талған. Ендігі маңызды міндет – инфра­құрылымды дамыту мен тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін қатар қалыптастыру.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы