Абай мұрасының маңызы артты

Абай күні қарсаңында қазақтың рухани мұрасын сақтау ісі үшін маңызы зор жаңалық жарияланды. Кітапхананың сирек қорын сақтау, қалпына келтіру және цифрландыруға бағытталған жоба Мәдени мұраны сақтауға арналған АҚШ Елшілері қорының (Ambassadors Fund for Cultural Preservation – AFCP) қолдауына ие болып, халықаралық бағдарламаның жеңімпазы атанды.

Бұл – бір кітапхананың қорын жаңғыртуға бағытталған жоба ғана емес. Оның мәні әлдеқайда тереңде жатыр. Сирек қорда сақталған әрбір көне кітап, қолжазба мен басылым – қазақ халқының тарихи жады мен рухани сабақтастығын айғақтайтын баға жетпес жәдігер. Ал сол мұраны заманауи технологиялар арқылы сақтап, әлемдік ғылыми қауымдастыққа ұсыну – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Осы уақытқа дейін кітапхананың сирек қорындағы көне қолжазбалар мен кітаптарды кәсіби деңгейде қалпына келтіру ісінде арнайы реставрациялық зертхана мен қажетті құрал-жабдықтардың болмауы кедергі келтірді. Соны­мен қатар сирек қордағы құнды басылым­дарды сапалы цифрландыруға мүмкіндік беретін зама­науи үлкен форматты сканер де болған жоқ. АҚШ Елшілері қоры бағдарламасының жеңімпазы атану осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге жол ашып отыр. 

– Жоба аясында кітапханаға сирек кітаптар мен қолжазбаларды цифрландыруға арналған заманауи үлкен сканер алынады. Сонымен бірге сирек қордағы жәдігерлерді қалыпқа келтіру, консервациялау және реставрациялау жұмыстарын жүргізетін арнайы зертхана ашылып, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алынады, – дейді кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева.

Яғни жоба тек дайын мұраны электронды форматқа көшірумен шектелмейді. Ең алдымен, әрбір жәдігердің физикалық жағдайы бағаланып, қажет болған жағдайда қалпына келтіріледі. Содан кейін ғана оның сапалы цифрлық көшір­месі жасалады. Бұл – сирек қорды ұзақ мерзімге сақтаудың халықаралық талаптарға сай кешенді тәсілі.

Жоба 2 жыл 2 айға есептелген. Жұмыстар осы жылдың қараша айында басталып, 2028 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы жоба нәтижесінде Семейдегі кітапхананың сирек қорында сақталған құнды кітаптар мен қолжазбалардың электронды сипаттамалары жасалып, арнайы цифрлық база қалыптас­тырылады. Болашақта оқырман мен зерттеуші әлемнің кез келген жерінен сирек қор туралы ақпарат алып, қолжетімді цифрлық нұсқаларымен таныса алады. Бұл – Семейдегі құнды мұраны кітапхана қабырғасынан шығарып, халықаралық ғылыми кеңістікке ұсынудың жаңа мүмкіндігі.

Жобаның тарихи негізі америкалық зерттеуші, жазушы әрі журналист Джордж Кеннанның Семейге сапарымен сабақтасады. 1885 жылы Семейге келген Джордж Кеннан қазақ даласының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен қоғамдық өміріне ерекше қызығушылық танытқан. Оның Семей сапары Абай мұрасымен де байланысты. Кеннан Абай пайдаланған кітапханаға арнайы барып, ондағы кітап қорымен танысқан. Кейінгі еңбектерінде ол қазақтың ұлы ойшылы туралы жазып, Абай есімін ағылшынтілді оқырманға таныстырған алғашқы шетелдік зерттеушілердің бірі болды.

Арада бір жарым ғасырға жуық уақыт өткенде сол тарихи байланыстың жаңа мазмұнда жал­ғасуының символдық мәні зор. Кезінде Джордж Кеннан Абай оқыған кітаптарға қызығушылық танытып, ұлы ойшыл туралы Батыс оқырманына мәлімет жеткізсе, бүгінгі жоба сол рухани мұраны сақтап, оны зерттеушілерге қолжетімді етуге мүмкіндік бермек.

Кітапхана қорындағы көне кітаптар мен қолжазбалардың тарихи құндылығы жылдармен ғана өлшенбейді. Олардың әрқайсысы белгілі бір дәуірдің тынысын, білім жүйесін, әдеби-мәдени байланыстарын жеткізетін маңызды дереккөзі. Әсіресе Абайдың өзі оқыған немесе оның дәуірімен сабақтас басылымдардың ғылы­ми маңызы ерекше. Олар ұлы ақынның дүние­танымын, рухани ізденісін, шығыс және батыс әдебиетімен байланысын зерттеуде құнды дерек бола алады.

Ал жоба аяқталған кезде кітапхананың сирек қоры тек физикалық тұрғыдан сақталған жәдігерлер жиынтығы емес, ғылыми зерттеуге ашық, жүйеленген әрі цифрлық кеңістікте қолжетімді мәдени-тарихи ресурсқа айналмақ. Абай мұрасын сақтау енді бір ғана кітапхананың міндеті емес. Ол – ұлттық жадыны халықаралық деңгейде қорғауға бағытталған ортақ мәдени миссия. Ал АҚШ Елшілері қорының қолдауына ие болған бұл жоба сол миссияның Семейдегі нақты көрінісіне айналмақ.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы