Тарих пен жаңғыру тоғысындағы Қазақстан

Әрбір дәуір қоғамның өзіне тән жаңа келбеті мен жаңа өрісін қалыптастырады. Замана көші алға жылжыған сайын мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынас тетіктері мен қалыптары да өзгеріп, институционалдық тұрғыдан жаңа сатыға көтеріледі.

Бүгінде Қазақстан қоғамы тарихи эволюцияның жаңа белесіне қадам басып, мемлекеттік басқару мен қоғамдық институттардың өзара іс-қимылының жаңа үлгілерін жасақтау үстінде. Жаңа конс­ти­туциялық реформа аясында мем­ле­кет­тік монополия бәсеңсіп, қоғамдық ба­қылау институттарының салмағы арт­ты. Бұлар азаматтардың мемле­кет­ті басқару ісіне тікелей араласуына кең жол ашып, әлеуметтік әділдіктің тетігіне айналмақ. 

Қоғамдық институттардың жаңа түрлері

Тарихқа көз жүгіртсек, ба­ба­лары­мыз шешім қабылдарда тек ханның не бидің сөзіне иек арт­пай, халықтың ортақ мүддесін ілгері оз­дыратын «Құрылтай» мен «Ақ­са­қал­дар кеңесі» сияқты институт­тар­дың күшіне арқа сүйеген. Халықтың биік рухы мен биліктің асқан әділдігі әдемі үйлесім тауып, өткеннің асыл мұ­расын бүгінгі заманның озық та­лаптарымен ұштастыра білген елдің бо­лашағы ғана баянды болмақ.

Осы орайда күні кеше абыроймен өт­кен Құрылтай сайлауы да Қа­зақ­станның жаңғыруының нышаны са­­­налады. Елдің Ата заңының ая­сын­да дүниеге келген Құрылтай мен Қа­зақ­стан Халық Кеңесі институттары – мем­лекет пен қоғам арасындағы се­нім мен диалогтың заманауи жаңа тіре­гі. Бұл мемлекеттік басқарудың тұ­жырымдамалық сипатын өзгертіп, ел тағдырын шешуде әрбір азаматтың пікірі шешуші мәнге ие болатын жаңа кезеңді айғақтауы керек. 

Президент дәйектегендей, қазақ елі­нің көшбасшылары ел тағдыры тал­қыға түскен маңызды кезеңде ел­дік мәселелерді жеке өзі шешпей, Ұлы­тау төрінде немесе басқа да киелі жер­лерде халық өкілдерін жинап, үш Жүз­дің басын қосып, Құрылтай ар­қылы бір байламға келген. Ол кезде ру басшылары, ақсақалдар мен ба­тырлар бас қосып, елдің ішкі-сыртқы сая­сатын ақылдасып анықтайтын. Бүгінгі жаңа үлгідегі бірпалаталы пар­ламент – Құрылтай институты сол бағзы заманғы халықтық де­мо­кра­тия мен алқалы билік дәстүрінің за­манауи, жоғары деңгейдегі құқық­тық көрінісі. Өткеннің көзіндей бол­ған қасиетті құрылтай рухы бүгінгі за­манауи құрылым түрінде қайта түле­мек. 

Сондай-ақ конституциялық жаң­ғыру аясында алдағы күзде жоғары кон­сультативтік орган – бұрынғы Қа­зақстан халқы ассамблеясы мен Ұлт­тық құрылтайдың орнына құ­рыл­ған «Қазақстан Халық Кеңесі» іске бел­сене кіріспек. Қоғамдық инс­ти­тут­тың бұл жаңа түрі халқымыздың бір­лігі мен келісімінің темірқазығы бо­л­ады деп күтіледі.

Оның құрамына әр саланың өкіл­де­рі, этномәдени бірлестіктер мен аза­маттық сектор мүшелерінің енуі – қоғамның барлық қабатының үніне би­ліктің құлақ асуының кепілі болуға тиіс. Бұл институт мемлекеттің ішкі сая­сатының бағыттарын айқындап қа­на қоймай, Құрылтайға заң жо­ба­ларын енгізуге және халықтық ре­фе­рен­дум өткізу бастамасын көтеруге құ­қылы. Тарихтан белгілі, хандар жа­нындағы «Кеңесшілер алқасы» мен билер соты халықтың бірлігі мен ты­ныштығын сақтауда басты рөл ат­қарған. Осы арқылы ұлан-байтақ Ұлы да­ладағы ұлық ұлысымызды ұйыс­ты­рып, ұстап қалды. Ынтымағы жарас­қан елдің шаңырағы биік десек, Ха­лық кеңесі сияқты парасат алаңдары – со­ның мызғымас қорғаны болса, құп.

Яғни жаңа Конституциядағы бұл институттардың маңызы – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтып, мемлекеттің тұрақты дамуын қам­та­масыз етуде. Заман талабына сай өз­герген Ата заң азаматтардың құ­қық­тарын кеңейтіп қана қоймай, ұлт­тық бірлік пен тұтастықтың терең та­мыр жаюына жол ашпақ. Бабалар ама­нат еткен бірлік пен әділдік жолы осын­дай салиқалы институттар ар­қы­лы жалғасын тапса игі.

Байырғы ұғымдардың жаңа тынысы

Қоғамның беріктігі кейде азамат­тарын бір-бірімен жалғайтын инс­ти­тут­тарының өміршеңдігінен де та­ны­лады. Отбасы, қауым, өкілдік орган, аза­маттық қоғам, жергілікті өзін-өзі бас­қару – бұлар мемлекет пен жеке адам арасындағы көзге көрінбейтін кө­пірлер. 2026 жылғы 15 наурыздағы ре­ферендумда қабылданып, 1 шілдеде кү­шіне енген жаңа Конституция осы ал­тын арқаулардың құрылымына елеу­лі өзгеріс енгізді. 

Бұл ретте Негізгі заңның 3-ба­бын­да «Қазақстан Республи­ка­сы қызметінің негіз құраушы қа­ғи­дат­тары» бекітілді. Оған Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның жә­не азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үс­­темдігін қамтамасыз ету; жал­пыұлт­тық бірлікті бекемдеу; ха­лық­тың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жа­сампаз отаншылдық идеясын іл­герілету; қоғамдық диалогты дамыту; ең­бексүйгіштік, прогресс, білім құн­дылықтарын бекіту; жоғары эко­ло­гиялық мәдениетті қалыптастыру; та­рихи-мәдени мұраны сақтау; төл мә­дениетті қолдау жатады. Мұның бәрі – билік пен қоғам арасындағы бай­ланысты бекемдеп, азаматтардың қо­ғамдық-саяси өмірге белсенді ара­ласуына жол ашатын жаңа қоғамдық инс­титуттардың негізгі мұраты әрі бас­ты қызмет бағыты.

4-бап Қазақстан халқын мем­ле­кеттік биліктің бірден-бір бастауы жә­не егемендіктің иесі деп жария­ла­ды. Халық төл билігін референдум мен еркін сайлау институттары ар­қы­лы тікелей, сондай-ақ мемлекеттік ор­гандар арқылы жанама жүзеге асы­рады. Ал 5-бап идеологиялық жә­не саяси әралуандылықты мойындап, қо­ғамдық бірлестіктердің заң ал­дын­дағы теңдігін бекітеді және мемлекет пен қоғамдық бірлестіктердің бір-бірінің ісіне заңсыз араласуына жол бермейді.

Демек, қоғамдық институт тек «мем­лекетке көмектесетін ұйым» де­ген тар ұғыммен шектелмейді. Ол – азаматтың ортақ іске араласуының заң­ды арнасы. Бірлестік құру еркіндігі де Конституцияның 23-бабында азаматтың конституциялық құқығы ре­тінде бекітілді. Оның іске асуы қо­ғамдық мүддені білдіруге, кәсіби, мә­дени, әлеуметтік немесе өзге ортақ ма­қсаттар төңірегінде азаматтарды топ­тастыруға мүмкіндік береді. 

Отбасы институты – ұрпақ сабақтастығы

Қоғамдық институттардың ішінде адам тағдырына ең жақыны және мем­лекет тағдырына ең терең әсер ете­тіні – отбасы институты. Отбасы – адам­ның алғашқы тәрбие мектебі, өзара жауапкершіліктің алғашқы кеңіс­тігі. Ол мемлекет үшін ұрпақ са­бақтастығы мен әлеуметтік тұра­қ­ты­лықтың табиғи негізі. Сондықтан оның құқықтық қорғалуы жеке адам­дардың тұрмысын реттеумен ғана шек­телмейді, елдің ұзақмерзімді да­муы мен қоғамдық тұтастығына қыз­мет етеді. Бұл тұрғыда жаңа Конс­ти­туцияда неке мен отбасы мәселесіне ерек­ше мән беріліп, оның мықты құ­­қықтық қорғаны қамтамасыз етіл­ген.

Ата заңның 30-бабының 1-тарма­ғын­да: «Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында бо­лады» деп тайға таңба басқандай жа­зылған. Осы бір сөйлемінің өзінде үл­кен философия жатыр. Өйткені от­басы қорғалса адам қорғалады, адам қорғалса қоғамның өзегі бе­кем­деледі. Қазақтың «Отан – отбасынан бас­талады» деген қанатты сөзі, осы­лайша конституциялық құқықтың тілімен қайта жаңғырады. 

Конституцияның отбасы инс­ти­тутын реттейтін негізгі қа­ғи­­даттары ер мен әйелдің некедегі тең құ­қылықтарын айқындап қана қой­май, қоғамның өзегі болған бұл ша­ғын Отанның тұтастығын қорғайды. Мем­лекет отбасының өміріне орын­сыз араласпауға, оның құқықтары мен заңды мүддесін ілгерілетуге, от­ба­сы мүшелерінің қауіпсіздігі мен әлеу­меттік жағдайына қажетті құқық­тық тетіктерді қалыптастыруға тиіс.

30-баптың 2-тармағы некенің құ­қық­тық табиғатын нақты белгілейді: «неке – ер мен әйелдің мемлекет заң­ға сәйкес тіркеген ерікті және тең құ­қықты одағы». Мұнда бірнеше маңызды конституциялық қағидат қа­бысқан. Біріншісі – еріктілік: неке адам­ның еркін таңдауына негізделуі ке­рек. Екіншісі – теңдік: ерлі-зайып­тылардың құқықтық мәртебесі бір-бірінен жоғары не төмен қойылмайды, тең болады. Үшіншісі – мемлекеттік тір­кеу: белгіленген тәртіппен рә­сім­делген неке ғана заңдық тұрғыдан та­­нылады. Бұл қағидаттар отбасы инс­титутын дәстүр мен құқықтың то­ғысқан тұсы ретінде көрсетеді. Дәс­түр шаңырақтың жылуын сақтаса, құ­қық оның мүшелерінің еркіндігі мен теңдігін қорғайды.

Отбасы институтын консти­ту­ция­лық қорғаудың тағы бір маңызды қыры – ата-ананың бала алдындағы жауап­кершілігі. 30-баптың 3-тарма­ғы балаға қамқорлық жасау мен оны тәрбиелеуді ата-ананың етене құқығы әрі міндеті ретінде бекітті.  Демек, Конс­­титуция баланы отбасының жай ғана мүшесі емес, дербес құқықтары мен мүдделері бар тұлға ретінде қа­был­дайды. 

Бұл ұстаным неке-отбасы заң­на­масында да дамытылған: ко­декс отбасының кәмелетке тол­ма­ған мүшелерінің құқықтары мен мүд­делерін басымдықты қорғауды, ба­лалардың отбасында тәрбиеленуін, олар­дың өсіп-жетілуі мен әл-ауқа­ты­на қамқорлық жасауды мемлекеттің не­гізгі қағидаттары қатарына жат­қыз­ды. Қазақы дүниетанымда бала – әу­леттің ғана емес, елдің ертеңі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» де­гендей, бүгінгі отбасындағы тәрбие – ертеңгі қоғамның сипаты.

Ал 30-баптың 4-тармағы отбасы ішін­дегі ұрпақтар сабақтастығын құқықтық міндет деңгейіне көтеріп отыр. Оған сәйкес, кәмелетке толған ең­бекке қабілетті балалар еңбекке жа­рамсыз ата-анасына қамқорлық жа­сауға міндетті. Бұл норма әлеу­мет­тік мемлекеттің табиғатын отбасы инс­титутымен сабақтастырады. Мұ­ның қазақ қоғамындағы тарихи ба­ла­масы бар. Дәстүрлі ортада қарт ата-ана­ны бағып-қағу заң талабынан бұ­рын ар-ұяттың, перзенттік парыз­дың өлшемі саналған. Үлкенді сый­лау, жетімін жылатпау, жесірін қаң­ғыт­пау секілді әлеуметтік нормалар қо­ғамдық ынтымақтың бейресми құ­қықтық тетіктері қызметін атқар­ған. Ал бүгін сол жауапкершіліктің бел­гілі бір бөлігі заманауи құқық нор­маларымен бекітіліп отыр. 

Өз ауылыңнан басталған демократия

Қоғамдық қатысудың ең нақты өлшемі – адамның өз аула, ауыл не қа­ласындағы мәселеге нақты ықпал ете алуы. Жаңа Конституцияның 89-ба­бы жергілікті маңызы бар мәсе­ле­лер­ді халықтың өз бетінше шешуін қам­тамасыз ететін жергілікті өзін-өзі басқаруды таниды. Ол тұрғындардың тікелей қатысуы арқылы да, мәслихат пен жергілікті қоғамдастықтың өзге органдары арқылы да жүзеге асыры­лады. 

Бұл баптың қарапайым азамат үшін маңызы зор. Себебі демократия тек 5 жылда бір рет – Құрылтай, 7 жыл­да бір рет Президент сайлауында дауыс берумен шектелмейді. Оның шы­найы өлшемі – тұрғынның көше­сінің, мектебінің, суының, қоғамдық кеңістігінің мәселесіне пікір білдіруі және сол пікірінің шешімге айналу мүм­кіндігі. 

Жаңа Ата заңның IX бөлімі «Жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» деп аталады. Оның 87-91-баптары жергілікті биліктің құ­рылымын, мәслихаттардың өкі­лет­тігін, атқарушы органдардың қыз­ме­тін және ең бастысы – жергілікті өзін-өзі басқарудың конституциялық не­гіздерін айқындайды. Бұл ретте мем­лекеттік басқару мен өзін-өзі бас­қару бір ұғым емес. Біріншісінде мем­лекет атынан әрекет ететін орган­дар басым болса, екіншісінің өзегінде жергілікті тұрғындардың өз мәселесін өзі шешуі жатыр.

Осыдан жаңа қоғамдық инсти­тут­тардың басты мағынасын көруге бо­ла­ды. Құрылтай – өкілдік, Қазақстан Ха­лық Кеңесі – диалог, қоғамдық бір­лестіктер – ерікті азаматтық әре­кет, отбасы – әлеуметтік жауап­кер­ші­ліктің бас ордасы, жергілікті өзін-өзі басқару – жергілікті демократия, референдум институты – халықтың ті­келей, ортақ шешімі. Бұлар бір-бірі­нен ірге ажыратқан аралдар емес, ор­тақ қоғамдық орта.

Жаңа Конституцияның та­ри­хи сал­мағы – дәстүр мен за­манауи құ­қықты сабақтастыруында. Даладағы кеңес пен бүгінгі диалогты ға­сырлар бөліп тұрса да, екеуін жал­ғай­тын ортақ ұғым бар: ел тағдырына жауапкершілік. Ол мемлекетке, қо­ғам­ға, азаматқа да жүктеледі. Қоғам­дық институттардың атауы жаңарға­ны­мен, түпкі мұраты өзгермейді: ел бір­лігін сақтау, елдік мәселені ақыл­мен шешу, әлсізді қорғау, келер ұр­пақ­қа кемел қоғам қалдыру. Себебі Ата заңның өміршеңдігін оның қағи­даларын шындыққа айналдыра алған қоғам түзеді.

Айхан ШӘРІП