Энергетика саласында цифрландыру мен жасанды интеллектіге қатысты жаңа кәсіби стандарт бекітілді

Қазақстанда «Энергетикадағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандарты бекітілді.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі «Энергетикадағы цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандартын бекітті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құжат Қазақстан Республикасының «Кәсіптік біліктілік туралы» заңына сәйкес әзірленген және энергетика саласын цифрлық трансформациялауға қатысты заманауи кәсіби талаптарды қалыптастыруға бағытталған.
2026 жылға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарына, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауына сәйкес, жобада жаңа мамандықтар қарастырылған. Олар: зияткерлік (ақылды) желілерді жобалаушы, энергетикалық жүйелерге (Smart Grid) жасанды интеллектіні әзірлеу мен енгізу жөніндегі инженер және энергетикалық желілердің киберқауіпсіздігі жөніндегі маман. Аталған мамандықтар Қазақстанның жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы негізінде қалыптастырылған және энергетика саласына арналған білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен кадрлар даярлау кезінде пайдаланылатын болады.
Кәсіби стандарт электр энергетикасы мен жылу энергетикасы салаларында қолданылады және цифрлық технологияларды, автоматтандыру және деректерді талдау жүйелерін енгізу мен пайдалануға, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеу мен қолдануға байланысты экономикалық қызмет түрлерін қамтиды.
Атап айтқанда, стандарт электр және жылу энергиясын өндіру, беру, сақтау, бөлу және тұтыну процестерін қамтиды.
Құжатта технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін (ТП БАЖ), диспетчерлік және технологиялық басқару жүйелерін (ДТБЖ), Smart Grid технологияларын, цифрлық деректер мен ресурстарды, сондай-ақ жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қоса алғанда, заманауи цифрлық құралдарды пайдалану көзделген.
Сонымен қатар кәсіби стандарт энергетика саласында цифрлық технологиялармен жұмыс істейтін мамандардың біліміне, білігі мен дағдыларына қойылатын талаптарға қатысты бірыңғай тәсілдерді белгілейді.
Стандартты енгізу саланың цифрлық трансформациясын ескере отырып, кәсіптік біліктіліктерді өзектендіруге, мамандардың құзыреттеріне қойылатын талаптарды арттыруға және энергетика секторында жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын тиімді қолдана алатын кадрларды даярлауға жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Ресми жарияланғаннан кейін құжат Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында және Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.