Медальдің екі жағы болатыны секілді әрбір құбылыстың екіжақты әсерін байқауға болады. Бүгін коронавирус күн сайын мыңдаған кісінің өмірін жалмап, миллиондаған жанды өз үйінде тұтқын қылды. Экономиканың дамуын бәсеңдетіп, бизнесті тұралатты. Бірақ бұл пандемиядан да ұтатын жақ бар екен. Ол – фармацевтикалық не химиялық тауар өндіретін компаниялар емес. Ол – табиғат. Адамзаттың күнделікті әрекеті азайған сайын атмосфера тазарып, су тұнық бола түсті. Әлемде атышулы дерттен ең көп зардап шеккен елдің бірі – Италия. Кеше коронавирустан көз жұмғандар саны 7 503-ке жетті. Сәйкесінше, бүкіл ел карантинде, шекара жабық. Себепсіз ешкімді шығармайды, кіргізбейді. Жұрт үйінде отыр. Қимыл-қозғалыс күрт азайған, турист атаулы көрінбейді. Міне, осы бір тыныштықтың оң әсерін алғаш көргеннің бірі Венеция болды. Суда жайғасқан қалаға жыл сайын 25-28 млн турист келіп, 2,5 млрд еуро пайда әкеледі. Бұл жергілікті тұрғындардың ашуын туғызбаса, аса қуанта қоймайды. Өйткені сапарлап келген шетелдіктер көшеде жол бермей, у-шу туғызып, күл-қоқыс қалдыратын. Венециядағы тыныштық. Енді Венецияда турист жоқ, жергілікті тұрғындар да үйінен шықпайды. Гандола, моторлы қайық, судағы такси күрт азайған. Бұл тыныштық судың «жаңа тұрғындарының» көбеюіне жағдай жасады. Мәселен, Венецияға көптен бері көрінбей кеткен үйректер орала бастаған. Тіпті, жағада жұмыртқалап жатқандары да бар екен. Ал адам әсерінің аздығынан су арналары табиғи жолмен тазарған. Су түбіндегі балықтарды көруге болады. Яғни, антропогендік ықпалдың шектелуінен табиғи экопроцесс өзінің бастапқы қалпына оралған. Бірақ туристердің азаюынан зардап шеккендер де бар. Олар – шағалалар. Өйткені олар саяхатшылардың қолынан пицца, басқа да тамақ жеп, дәнігіп алса керек. Енді амалсыздан өзінің табиғи инстинктін еске түсіріп, балық аулауға «мәжбүр». Айтпақшы, Венециядағы шағаланың басындағы жағдай Таиландтағы маймылдардың кейбір түрлеріне де туған. Себебі олар да туристердің қолынан тамақ жеуді әдетке айналдырып, жалқауланған. Ал коронавирустан сескенген саяхатшылар Таиландқа да ат басын бұрмай қойған. Енді әлгі маймылдар аш қалып, топ-топқа бірігіп, жергілікті дүкен, базарларға шабуыл жасауға көшкен. Аталған жайт жақында Таиландтың Лопбури қаласында тіркелген. Қытайдағы баяу ғұмыр. Коронавирустан тығылған жұрт саяхатын азайтып, сапарын шектеді. Әлемнің көптеген мемлекеті төтенше жағдай жариялап, ұшақтарды қабылдауды сиретті. Бұл әлемдік әуетасымалының айтарлықтай азаюына әкелді. Сәйкесінше, ұшақтар бөлетін көмір қышқыл газы да кеміген. Аталған салада Қытайдың көрсеткішін атап өткен жөн болар. Мәселен, тек ақпан айының үш аптасында көмір қышқыл газын бөлу өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 25 пайызға төмендеді. Себебі Қытай үкіметі зауыт, фабрикалардың жұмысын тоқтатып, халықтың үйінде қалуын талап еткен. Егер санға айналдырсақ, 25 пайыз дегеніңіз 150 миллион метрикалық тонна газ. Бұл аз емес, мәселен, Қазақстан бір жылда орта есеппен 240 млн тоннадай зиянды газды атмосфераға бөледі. Қытай вирустың ошағы болған соң үкімет қатаң шаралар қабылдады, экономикалық дамудың бәсеңдеуі барлық дерлік секторды қамтыды. Айталық, құрылыс саласы тұралап қалды. Сәйкесінше, енді болат және басқа да металл, материалдарға сұраныс азайды. Яғни, көмір қышқыл газын көп бөлетін металлургиялық зауыттардың ісі жүрмей, ауаны ластауы да баяулады. Мұнай өңдеу компанияларының да көрсеткіші кеміді. Өйткені тұтынушылар саны аз: жүк көліктері автотұрақта, ал әуе рейстеріне тыйым салына бастады, әуетасымалы 70 пайызға құлады. Көлік пен ұшақ двигателінің өшіп тұруы ауаның тазаруына кепіл болатынын Қытайдағы жұрт жақсы біледі. Түрлі зауыттар жұмысын баяулатқан соң оларға электр энергиясы да қажет болмай жатыр. Сәйкесінше, электр стансалары көмір жағуын азайтты, 36 пайызға кеміді. Міне, осылайша іргедегі көрші ел өндірісі коронавирустың әсерінен амалсыз 15-40 пайызға дейін төмендеді. Бірақ ауасы да айтарлықтай тазарып жатыр. Вирус ауа тазартқыш па? Ауаның тазаруын тек Қытайдан ғана емес, карантин жарияланған Италияның солтүстігінен, Нью-Йорк қаласынан байқауға болады. Мұны ғарыштан түсірілген фотосуреттер де дәлелдеуде. АҚШ-тың қаржы орталығында көміртегі оксиді, метан бөлінуі соңғы апталарда 50 пайызға кеміген. Өйткені жергілікті халық себепсіз үйінен шықпауға тырысады, транспорттың басым бөлігі тоқтаған. Еуропада да әуетасымалы бұрын болмаған төмен деңгейге түсті. Аспанда дерт жұқтырам ба деген қорқыныш қатты. Биыл алғашқы үш айда ұшаққа отырған жолаушы саны 67 млн-ға кеміген. Әлемдік әуекомпаниялары 2020 жылы 113 млрд доллар жоғалтады деген болжам бар. Иә, үлкен шығын, бірақ сондай-ақ ұшақтардың да атмосфераға бөлетін зиянды газдары да азайып жатыр. Ал ауа тазалығы не үшін соншалық маңызды? Өйткені БҰҰ мәліметінше, әлемде жыл сайын 7 млн азамат ауаның ластануынан көз жұмады. Басқаша айтқанда, жаппай тараған коронавирус жанама ықпал арқылы планетамызда лас ауадан зардап шегетін миллиондаған кісінің өмірін аман алып қалатын секілді. Мәселен, Стэнфорд университетінің экономисі Маршал Бёрктің пікірінше, ауа ластануының 2 айға тоқтауы жаһанда 5 жасқа дейінгі 4 мың баланың және 70 жастан жоғары 73 мың қарттың өмірін сақтап қалуы ғажап емес. Жұртты дүрліктірген коронавирустың осындай да әсері болып жатыр. Бірақ коронавирустың табиғатқа кесірі де тиіп жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, Starbucks кофеханалар желісі вирустың таралуын алдын алу үшін көп рет қолданылатын ыдыстарды пайдаланудан бас тартып, бірреттік ыдыстарға көшуге шешім қабылдаған. Ал оларды қайта өңдеуден бас тартпақ. Себебі вирус пластиктерде белгілі уақытқа дейін өмір сүруі мүмкін. Яғни, енді әлем бойынша Starbucks кофеханаларынан қалатын күл-қоқыс саны артады деген сөз. Аталған мәселе коронавирус ошағы Қытайдың Ухань қаласында да ушығып тұр. Онда бірреттік бетперде, қолсүрткіш және басқа да медициналық қалдықтар 4 есе көбейіп, күніне 200 тоннаға дейін жеткен. Вирус жұқтырған науқастар қолданған медициналық заттар, қалдықтар өртелуі тиіс. Алайда 200 тоннаның барлығын күн сайын жағып үлгереді дегенге сену қиын. Алматының көк түтіні азайды. Коронавирустың кең таралуын тоқтату үшін Қазақстанда да төтенше жағдай жарияланып, қос мегаполисіміз карантинге жабылғаны белгілі. Аталған хабарды естіген он мыңдаған көлік иелері Алматыны тастап шықты. Өйткені олардың көпшілігі өзге облыстардың тұрақты тұрғындары болуы мүмкін. Әрине, көлік санының сиреуі қаладағы ауа құрамына да оң ықпал еткендей. Мәселен, Алматы қаласының ауа сапасын бақылайтын АUA сайты қалада жаяу жүріп, велосипедпен серуендеуге кеңес береді (карантин уақытында бұлай істемеген дұрыс болады). Себебі ұсақ шаң бөлшектері құрамының көрсеткіші 0,022 мг/м3 деңгейінде екен. Қаланың тек екі нүктесінде ғана ауа ластануының өте жоғары көрсеткіші тіркелген. Қалған нүктелері жоғары немесе төмен деңгейде. Бір қарасаңыз, алаңдатарлық жағдай. Алайда 2019 жылдың қараша айында ғана ауа ластануының деңгейі қала бойынша қауіпті және өте жоғары деген белгіні көрсеткен. Қысқасы, адам мен көлік саны азайып, Алматы көк түтіннен құтыла бастаған секілді. Көктөбеге шыққан алматылықтар бұл оң өзгерісті смартфонына түсіріп, әлеуметтік желілерде қуанышымен бөлісуде. Міне, әлемді дүрліктірген дерттің осындай да әсері болып жатыр. Әрине, табиғатты адам ықпалынан сақтау үшін мыңдаған кісіні мерт қылған вирустың планетаны шарпуы міндет емес еді-ау...
Әлихан ИСМАН