Бүгіннен бастап электросамокаттарға тротуармен жүруге тыйым салынды

Самокатпен жүру ережелерін бұзғандарға қандай жауапкершілік қарастырылған? Самокат енді ойын-сауық құралы емес. Бас прокуратура жолдағы жаңа ережелер мен жауапкершілікті еске салады.

Жыл сайын Қазақстан жолдарында электросамокаттар, мопедтер, велосипедтер және басқа да жеке мобильділік құралдарының саны артып келеді. Олардың танымалдығының өсуімен қатар, осы көлік түрлерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының саны да көбейіп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 33 адам қаза тауып, тағы 461 адам жарақат алған. Велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың кінәсінен 97, электросамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған. Осы оқиғалардың барлығында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.

Сонымен бірге мұндай көлік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуде. Электросамокат жүргізушілерін көлік қағып кетудің 145, мопед жүргізушілерін – 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кетудің 52 дерегі тіркелген. Бұл оқиғалар салдарынан төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам түрлі жарақат алған.

Бұл көрсеткіштер жолдағы қауіпсіздік қозғалыстың барлық қатысушыларының тәртібіне байланысты екенін көрсетеді.

Жол-көлік оқиғаларының өсуіне байланысты жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілді. 2026 жылғы 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда, қозғалыс тек солар арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Олар болмаған кезде – жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ жүріс бөлігінде электросамокатпен қозғалысқа тек 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға рұқсат етілетінін есте сақтау қажет. Мопед жүргізушілері тек жүріс бөлігімен қозғалуға міндетті. Ал жолды жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өткен кезде самокат, велосипед және мопед иелері көліктен түсіп, оны қасынан жетектеп өтуі тиіс.

Жолаушыларды тасымалдауға, рульді ұстамай телефон пайдалануға, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.

Адамдар көп жүретін жерлерде жоғары жылдамдықпен қозғалу ерекше қауіп төндіреді. Мұндай жағдайда бірінші кезекте балалар, егде жастағы азаматтар және балалар арбасымен жүрген ата-аналар қауіп аймағында қалады. Бұдан бөлек, жолдың тайғақ болуы да қауіпті. Мысалы, су болған асфальтта, металл люктер мен плиткалы жабындарда дөңгелектің жолмен ілінісуі айтарлықтай төмендейді.

Әрбір сапар алдында көлік құралының техникалық жарамдылығына көз жеткізіп, қорғаныш құралдарын пайдалану және қозғалыс кезінде алаңдамау қажет.

Автокөлік жүргізушілері де барынша мұқият болуы тиіс. Қиылыстардан, аулалардан, жаяу жүргіншілер өткелдерінен және самокаттар мен велосипед пайдаланушыларының пайда болуы мүмкін орындардан өткен кезде жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайының күтпеген жерден өзгеруіне дайын болу қажет.

Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызады. Ата-аналар балаларды ерте жастан бастап жол жүрісі қағидаларына үйретіп, олардың самокаттар мен велосипедтерді пайдалануын бақылауы және заңда тыйым салынған жағдайларда көлік құралдарын басқаруына жол бермеуі тиіс.

Бас прокуратура ескертеді: электросамокат, велосипед немесе мопед адамды жолда осал болудан қорғамайды. Автокөлікпен соқтығысқан жағдайда екі дөңгелекті көлік жүргізушісі, әдетте, неғұрлым ауыр жарақат алады. Асығыстыққа, немқұрайлылыққа немесе жол ережелерін елемеуге кеткен бірнеше секунд адамның денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруі мүмкін.

Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады, – деп ескертті Бас прокуратура.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.