Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 2026–2027 оқу жылына арналған жатақханаларға орналасу үшін өтініш қабылдауды жалғастыруда. Жатақханаларда орын жеткілікті: биыл студенттерге университеттің жеке жатақханалары мен серіктес нысандарда жалпы 7 508 орын ұсынылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бүгінде ЕҰУ қарамағында 8 жеке студенттер үйі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған 3 жаңа кешен және ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жұмыс істейтін 6 жекеменшік жатақхана бар.
2024–2025 жылдары университет А. Байтұрсынұлы көшесі, 33, М. Жұмабаев даңғылы, 10А және А. Пушкин көшесі, 13А мекенжайларында үш жаңа студенттік кешенді пайдалануға берілді. Оларды жобалау кезінде заманауи дизайнға, жайлылыққа және кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді.
Жаңа нысандардың ішіндегі ең ірілерінің бірі — М. Жұмабаев даңғылында орналасқан студенттік кешен. Ол өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ашылды. 2 656 студентке арналған бұл студенттер үйі бүгінде Қазақстандағы ең ірі студенттер жатақханасы болып отыр.
Кешенде студенттердің жайлы тұруы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда тамақтану орындары, кір жуатын бөлмелер және жеке заттарды сақтауға арналған орындар бар. Ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін қолжетімді орта талаптарына сай жабдықталған арнайы блок қарастырылған.
Қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінген: кіреберісте Face ID жүйесі орнатылған, ал қабаттарда бейнебақылау камералары жұмыс істейді.
Жатақханалардағы орындарды бөлу кезінде әлеуметтік осал санаттарға жататын студенттерге, халықаралық және академиялық бағдарламалардың қатысушыларына, сондай-ақ Foundation бөлімінің тыңдаушыларына басымдық беріледі.
Жаңа студенттер үйіндегі орындарды бөлу процесі ЕҰУ-дің цифрлық платформасы арқылы онлайн жүргізіледі. Жүйе студенттің әлеуметтік жағдайы мен оқу үлгерімін ескеріп, орындарды бөлудің барынша ашық әрі әділ болуын қамтамасыз етеді.
Студенттерді жатақханаларға орналастыру 31 тамызға дейін жүргізіледі. Өтініштер Platonus жүйесі арқылы қабылданады.
Алдымен орындар 1-курс студенттеріне, кейін 2–5-курс студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға беріледі.
Баку қаласынан келген Заур Керимов өз әсерімен бөлісті. Оның ұлы ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсіп, бүгін жатақханаға орналасып жатыр.
«Біз Әзербайжаннан келдік. Ұлым халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсті. Еуразия ұлттық университетін таңдадық, өйткені Қазақстан — біз үшін бауырлас ел. Әзербайжан мен Қазақстанды тату көршілік пен достық қарым-қатынастар байланыстырады.
Ұлымның ЕҰУ-да білім алуы оның кәсіби қалыптасуындағы маңызды қадам болады деп сенемін. Болашақта бұл екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп ойлаймын», – деді ол.
Бірінші курс студенттері үшін жатақханаға орналасу — тек дербес өмірдің басталуы ғана емес, сонымен қатар жаңа студенттік ортаға бейімделу кезеңі. ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті Айзере алғашқы әсерімен бөлісті:
«Жатақханаға енді ғана орналасып, жаңа ортаға бейімделіп келемін. Алғашқы әсерім өте жақсы. Студенттер үшін барлық жағдайдың ойластырылғаны бірден байқалады. Коворкинг аймақтары сабаққа дайындалуға өте қолайлы, ал жатақханаға жақын жерде кітапхананың орналасуы біз үшін үлкен артықшылық.
Ас үйде күнделікті пайдалануға қажетті барлық жабдықтар бар. Бөлмелерде төсек-орын қарастырылған, жалпы студенттерге жайлы тұруға мүмкіндік жасалған.
Жаңа оқу жылын осындай қолайлы ортада бастап жатқаным қуантады. Алдағы уақытта жатақханадағы өмірім жақсы әсерлер мен қызықты сәттерге толы болады деп сенемін».
Алдағы уақытта университет студенттік инфрақұрылымды одан әрі дамытып, жаңа жатақханалар салуды және студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартуды жоспарлап отыр.