Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында есірткі қылмысына қарсы күрес және оның алдын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Биылдың алғашқы жеті айында елімізде 4,5 мың есірткі құқықбұзушылығы тіркелді. Заңсыз есірткі айналымына қарсы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 17 синтетикалық есірткі өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды. Сонымен қатар 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, оларға қатысты 12 қылмыстық іс қозғалды. 9 ұйымдастырушы мен 41 қатысушы ұсталды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл барысында заңсыз айналымнан 865 келі есірткі заты тәркіленді. Бұл – миллиондаған доза есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмегенін білдіреді.
Жасөспірімдерді есірткі ортасына тарту мәселесіне ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 55 кәмелетке толмаған ұсталды. Олардың 32-сі есірткі өткізумен байланысты әрекеттерге қатысы бар.
Есірткі қылмыстарының алдын алу бағытында профилактикалық жұмыс та күшейтілді. Уәкілетті органдар 2 миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған 14 мыңнан астам іс-шара өткізді. Ақпараттық кеңістіктегі түсіндіру жұмыстары да жалғасуда. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде есірткіге қарсы тақырыпта 24 мыңға жуық жарияланым жарық көрді.
Сонымен қатар есірткі бизнесінің қаржылық негізін жоюға бағытталған шаралар қабылдануда. 258 млн теңге көлеміндегі қаражатқа қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталды. Бұдан бөлек, есірткі саудасының көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта-шоттың транзакцияларына шектеу қойылды.
Интернет кеңістігінде де заңсыз есірткі айналымына қарсы жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, 8,5 мыңға жуық есірткі тарататын сайт бұғатталды. Мемлекеттің есірткіге қарсы саясаты қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азаматтардың денсаулығын қорғауға және есірткінің таралуына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.