«Әділет» партиясы мен сарапшылар бірге Құрылтай жұмысының басымдықтарын талқылады

Талқылаудың бір бөлігі Құрылтай жұмысының ашықтығына және шешімдер әзірлеу кезінде талдау мүмкіндіктерін пайдалануға арналды. 

Қоғамдық саясат институтының TALQYLAU сараптамалық алаңында Құрылтайдың күн тәртібі мен алдағы міндеттері талқыланды. Жиынға саясаттанушылар, қоғам белсенділері және «Әділет» партиясының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жиналғандар ең алдымен қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға сәйкестендіру қажеттігін атап өтті. Саясаттанушы, депутаттыққа кандидат Айдос Сарым Құрылтайда комитеттер жасақталғаннан кейін кәсіби және сарапшылық қауымдастықпен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды екенін айтты.

«Комитеттер жасақталғаннан кейін салалық қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП және бейінді ұйымдармен жұмыс бастау маңызды. Бірлесіп, басымдық берілетін мәселелерді айқындауымыз керек», - деді Айдос Сарым.

Талқылауда мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын парламент тарапынан бақылау мәселесі де сөз болды. «Әділет» партиясы саяси бюросының мүшесі, депутаттыққа кандидат Белла Газдиева сайлау науқаны барысындағы тұрғындармен кездесу кезінде мұндай бақылауды күшейту қажеттігі бірнеше рет көтерілгенін жеткізді.

«Өңірлерді аралағанда азаматтардың нақты сұранысын көрдік: адамдар депутаттардан формалды есеп емес, қабылданған шешімдер мен мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерде қалай жүзеге асырылып жатқанын нақты бақылауды күтеді. Құрылтай осындай бақылаудың пәрменді тетігіне айналып, өңір тұрғындарын алаңдататын мәселелерді үнемі назарда ұстауы керек», - деді Белла Газдиева.

Қатысушылар депутаттар құрамын жаңарту және парламенттік жұмыстың жаңа тәсілдерін енгізу мәселелерін де талқылады. Саясаттанушы, депутаттыққа кандидат Бөріхан Нұрмұхамедов Құрылтай жұмысының алғашқы күндерінен бастап мазмұнды пікірталас пен заңнамалық бастамаларды кәсіби талдау мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін айтты.

«Депутаттар құрамының едәуір жаңаруы қалыптасқан парламенттік рәсімдерге жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Егер жаңа құрам алғашқы күннен бастап шынайы пікірталас, кәсіби талдау және заң жобаларын мазмұнды талқылау тәжірибесін енгізсе, бұл кейінгі шақырылымдарға да жалғасатын орнықты дәстүрге айналуы мүмкін», - деді Бөріхан Нұрмұхамедов.

Депутаттыққа кандидат Айжан Ысқақова қабылданатын заңдардың жергілікті жерлерде қаншалықты тиімді жұмыс істейтініне назар аударды.

«Бізге республикалық деңгейде де, жергілікті деңгейде де бірдей тиімді жұмыс істейтін заңдар қажет. Бүгінде кейбір мәселелерді әлі де қолмен басқару тәсілімен шешуге тура келеді. Біздің міндетіміз – осы алшақтықты азайтып, елдің барлық өңірінде бірдей жұмыс істейтін түсінікті тетіктерді заңнамаға енгізу», - деді Айжан Скакова.

Талқылаудың бір бөлігі Құрылтай жұмысының ашықтығына және шешімдер әзірлеу кезінде талдау мүмкіндіктерін пайдалануға арналды. Сарапшылар депутаттардың азаматтардан келіп түсетін өтініштермен жұмысын көрсететін цифрлық профильдерді дамытуды, комитеттердің жұмысына тәуелсіз сарапшыларды тартуды және «Е-парламент» жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар жүйеленіп, Құрылтайдың алдағы жұмысына арналған талдамалық ұсынымдар топтамасына енгізіледі.